«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қыздар бәсекесі қызды

0 257

Астана төрінде өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар әзірге жан­күйерлер үмітін ақтап келеді.

«Барыс Арена» спорт сарайында керілген қос ринг­те күн сайын бұрымды бокс­шылардың айқастары өтіп жатыр. Алдағы жұма күні Астана шаршы алаңы он сал­мақ бойынша әлем чемпиондарын анықтайтын болады. Әлемнің 64 елінен жиналған былғары қолғап шеберлерінің жекпе-жектеріне қарап, әйел­дер боксының да барлық құрлықта қарқын ала баста­ғанын аңғаруға болады. Оның үстіне бұл біріншілікте үш салмақ бойынша алдағы тамыз айында Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензиялар берілетін болғандықтан әр айқас ма­ңызды болмақ. Осы орайда, өкінішке қарай, Қазақ­стан құрамасының үкі­леп қосқан боксшысы Римма Волосенко (60 келі) ал­ғашқы жекпе-жегінде-ақ жарыс жолынан шығып қалды. Астаналық арудың Дания боксшысы Ивонн Расмуссенге шамасы жетпей қалды. Осылайша, Олимпиада ойындарына бе­рілетін бір лицензия қолдан сусып шығып кетті.
Ендігі үміт – 51 келіде сынға түсіп жатқан Жайна Шекербекова. Олимпиадаға жолдама алуды мақсат етіп отырған Жайна бірінші жекпе-жегінде әдемі бокс көрсетті. Ол арген­тиналық Клара Ласкуратты тізе бүктірді.
Қазақстаннан әлем чемпионы атанған тұңғыш аруымыз Назым Қызайбай да алғашқы айқасында поляк боксшысы Анжелика Гронсканы, кеше екінші қарсыласын да ұтты.
Қазақстан құрамасындағы ең жас боксшының бірі Айжан Қожабекова (57 келі) да бапкерлер үмітін ақтап шықты. 69 келіде ел намысын қорғайтын Валентина Хальзова осы біріншіліктегі алғашқы айқасында қарсы­ласын но­каут­пен ұтқан болатын. Екінші кездесуінде әлемдік рейтингте үшінші болып тұрған өзбекстандық Шахноз Низамовамен қолғап түйістіріп, жеңіске жетті.


Бапкерлер сенім жүктеген боксшының бірі Дина Жоламан да алғашқы айналымнан қиналмай өтті.
Біздің құраманың сапындағы Виолетта Князева (75 келі) бірінші жекпе-жегінде өте тегеурінді боксшы екенін байқатты. Бірінші қарсыласын бұрыштан бұрышқа қуып, ұрды. Алайда, Виолеттаның ендігі қарсыласы қауіпті бо­лайын деп тұр. Ол – аме­рикалық Кларесс Шилдс. Біле білсек, осыдан төрт жыл бұрын Лондон ойындарында топ жарған, сонымен қатар әлем чемпионы деген атағы бар боксшы.
Байрақты жарыстың үшінші күні, өкінішке қарай, Қазақ­стан құрамасынан тағы бір боксшы жарыс жолынан шығып қалды. Ресей бокс­шысы Любовь Пашинаға қарсы шыққан қазақстандық Юлдуз Мамат­кулова (81 келі) жеңілістің ащы дәмін татуға мәжбүр болды.
Сонымен, Астана төрінде өтіп жатқан әлем чемпионаты қыза түсті. Бүгін ширек финалдық жекпе-жектер бас­талады.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды