«Қыз Жібекті» жаныма жақын көрдім

0 34

Осыдан үш жыл бұрын «Астана Опера» театрында қазақ музыкасының інжу-маржаны «Қыз Жібек» операсы қойылды. Төлеген мен Жібектің қайғылы махаббаты бейнеленген операның либреттосын әдебиетіміздің классигі Ғабит Мүсірепов қағазға түсірсе, музыкасын Евгений Брусиловский жазды. Бұл туындыда композитор халық әндері мен күйлерін шебер өрнектей білген. Опера алғаш рет 1934 жылы сахналанды. Сонда Қыз Жібектің рөлін ғажайып әнші Күләш Байсейітова сомдады.Міне, содан бері де бұл шығарма қазақ өнерінің биік шоқтығы ретінде талай мәрте шетел театрлары мен ел сахнасында қойылды. Ал елордадағы опера театрының үлкен залында Белоруссиядан келген өнер майталманы Михаил Панджавидзенің режиссерлігімен сахналанған туынды өзгеше өрнек тапты. Осындағы «Қыз Жібектің» партиясын бас шаһардағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Назым Сағынтай тыңдарманға шебер жеткізе білді.
Назымның бұл қойы­лымға келуі де қызық. Онда ол университеттің үшінші курсында оқиды. Содан бір танысынан «Қыз Жібек» операсындағы басты рөлге кастинг жарияланғанын естиді. Бұған дейін біраз өнер байқауына қатысып, ысылып қалған талапты жас оған бағын сынап көргісі келеді. Қараса, үміткерлер қатары да мол. Тіпті олардың арасында еліміздегі іргелі театрлардың әншілері де жүр. Дегенмен, сынақтан сүрінбей өтеді. Комиссияда отырған өнер тарландарының назары ­Назымға ауады. Сөйтіп, жолы оңынан оңғарылды.
– Бала күнімнен «Қыз Жібекті» жаныма жақын көрдім. Ол жайындағы фильмді де қалт жіберген емеспін. Бірақ киноны балалық шақта көрген бір бөлек те, есейгенде көрген мүлде басқа. Содан бері бұл бейне маған ыстық. Дайындыққа екі жарым ай уақыт өтті. Осы аралықта өзім де ізденіс үстінде болдым. Осы шығарма жайында жазылған дүниелерді қалдырмай оқыдым. Режиссер де көп қолдау көрсетті. Соның бәрі образыма кіруіме, партияны толықтай меңгеруге көмегі тиді. Көрермендердің ризашылығына қарағанда Жібек бейнесін сахнада аша білдім деп ойлаймын, – деді Назым ұяла тіл қатып.
Осы опера Назымның өнердегі жолын ашты. Премьера да сәтті өтті. Оны Елбасының өзі келіп тамашалады. Назым да театрға солист ретінде қызметке қабылданды. Былайша айтқанда, бұл үлкен жеңіс еді. Өйткені еліміздегі классикалық өнердің жолында жүргендердің көбі «Астана Опера» театрында қызмет істеп, соның сахнасына шығуды армандайды.
Ол – «Сыр елі – жыр елі» атанған киелі өңірде өмірге келген. Кішкентай күнінен ән айтып, өнерге жақын болып өсті. Ата-анасы оны 2 сыныпта жүргенде музыкалық мектептің фортепиано класына береді. Тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін Қазанғап атындағы Қызыл­орда музыкалық колледжіне оқуға түседі. Бұл жерде ұстазы Жарылқановтан тәлім-тәрбие алды. Классикалық музыкаға терең бойлады. 2014 жылы аталған оқу ордасын ойдағыдай аяқтағаннан кейін арман қуып астанаға келеді. Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің вокал бөліміне оқуға қабылданды. Мұнда да алдынан білікті ұстаз кездеседі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бұрынғы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының солисі болған Дина Қабыкеевадан көп өнеге алды. Вокал шеберлігі мен сахнаның сырын меңгерді.
– Негізі, маған өнер нағашыларымнан дарыған деп ойлаймын. Өйткені нағашы ата-әжем мен анам музыкадан хабары болмаса да, әуелетіп ән салады. Дауыстары да көркем. Бала күнімнен музыкаға әуес болдым. Менің ойымша, алдымен адам бойында Алла берген талант болу керек. Содан кейін тынымсыз еңбек. Менің өнер жолымда бәрі бірден керемет болды деп айта алмаймын. Көп іздендім, ұрынып жұмыс істедім. Колледж қабырғасынан республикалық, халықаралық байқауларға қатыстым. Жас әнші үшін байқаудың жөні бөлек. Басқа жақтан келген вокалистерді тыңдайсыз. Соларға қарап шеберлігіңізді бағамдайсыз. Сахнаға шыққандағы қорқынышты, толқыған сезімді басуды үйренесіз, – дейді кейіпкеріміз өз шығармашылығынан сыр шертіп.
Назым 2013 жылы алғаш рет Семейде өткен композитор Мұқан Төлебаев атындағы республикалық байқауға қатысады. Бұл кезде ол Қызылордадағы музыкалық колледжде оқиды. Осы сайыста ол үшінші орынды иеленді. Одан кейін Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курсында жүргенде ұлттық ән өнерінің жарық жұлдызы, күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенованың VII халық­аралық байқауында бақ сынайды. Мұнда да оның жұлдызы жанды.
– Осы өнер бәйгесі менің бағымды ашты. Байқау­дың ауқымы өте үлкен болды. Оған еліміз ғана емес, шетелдің өнерпаздары келді. Мен бірінші курстың студентімін. Мұндай ортада бұрын өнер көрсетіп көрген емеспін. Қатты толқып жүрдім. Конкурс­та қазақша, орысша арияларды орындадым. Қазылар алқасы менің орындаушылығымды жоғары бағалап, екінші орынды берді. Сондағы қуанышымды көрсеңіз… Өйткені жеңімпаздардың дені бұған дейін байқау­ға қатарынан екі-үш рет қатысқан. Шара соңында Бибігүл Ахметқызы өнеріме тәнті болып, батасын берді, – дейді күлімсіреп.
Назымнан есінен кетпейтін тағы бір байқау бар. 2016 жылы Минск шаһарында вокалистердің ІІІ халықаралық Рождес­тволық конкурсы өтті. Бұған Қазақстаннан үш өнерпаз қатысады. Оған АҚШ және Еуропаның барлық мемлекеттерінен вокалистер келді. Назым ол кезде театрда солист емес, студент. Бұл байқауды интернеттен көріп қалып, өз қаржысымен баруға бел буған. Қатысушылар арасында ең жасы да сол. Сонымен кілең шашасына шаң жұқпас жүйріктер жиналған байқаудың финалына аз ғана әншімен бірге суырылып, Назым да өтеді. Онда Вердидің Трубадур операсынан үзінді орындайды. Сол өнер бәйгесінде ол арнайы жүлдеге ие болып, Германияның Дюссельдорф қаласындағы опера театрына тыңдалымға шақырту алды.
Қазір ол «Абай» операсында Ажардың, «Біржан-Сара» операсында Сараның партиясын және Джакомо Пуччинидің «Богема» операсындағы Мимидің рөлін ойнауға әзірленіп жүр. Жас болса да өнердегі өз жолын тауып, елдің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген ­Назым Сағынтай болашақта халқымның атын асқақтатып, әлемнің үлкен сахналарында өнер көрсетсем дейді. Талапты, талантты жасқа біз де тілектеспіз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды