Қытай тілін тереңдетіп оқытады

0 117

Кеше ҚХР-дың Қазақстандағы елшілігі демеушілігімен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінде заманауи технология­мен­ жабдықталған «Қытай тілі арнайы дәрісханасының» ашылу рәсімі өтті.

Жалпы, Қазақстан мен Қытай мем­лекеттерінде өзара дипло­ма­­тия­­лық қатынас орнағаннан кейін екі ел арасындағы ынтымақтастық байланыс сан-сала бойынша даму үстінде. Осыған орай Қазақстанда қытай тіліне деген қызығушылық та күн санап артып келеді. Екі ел қарым-қатынасының осылайша қарқынды дамуына ілесіп, Қазақстанның еңбек нарығында қытай тілі мамандарына деген сұраныс та артып отыр. Соны ескерген университет басшылығы 2011 жылы қытай тілі кафедрасын ашқан еді.­ Филология факультетінің жанынан құрылған ондағы оқытушылар екі жыл бойы «Шетел филологиясы: қытай тілі» мамандығы бойынша бакалаврлар даярлап келеді. Сондай-ақ, кафедра ҚХР-дың Қазақстандағы елшілігімен жақсы байланыс орнатқан. Соның айғағы ретінде өткен жылы Қытайдың Қазақстандағы елшілігі оқытушылардың шәкірттерге сапалы білім беруіне қол­дау­ көрсету үшін бір дәрісхана ашып беруді уәде еткен. Енді, міне, біз сол дәрісхананың толықтай жасақталып болғанын көріп қайттық. Ашылу рәсіміне арнайы келіп қатысқан Парламент депутаттары Әділ Ахметов, Қуаныш Сұлтанов, Икрам Адырбеков, Жәнібек Кәрібжанов, ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжоу Ли, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, сонымен қатар, еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері алдағы уақытта жаңа кабинетте жүргізілер жұмыстарға сәттілік тілеп тарқасты.

Мөлдір ХАЛЫҚОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − six =