Қытай мен Үндістан қақтығысы

0 118

Қытай мен Үндістан арасындағы шекараның даулы бөлігінде екі ел сарбаздары арасында қақтығыс болып, кемінде 20 сарбаз қаза тапты. Батыс ақпарат құралдарының жазуынша, бұл – соңғы 45 жыл ішінде екі ел арасына алғаш рет болып отырған қарулы қақтығыс. Оқиға Үндістанның Ладакх облысында болған.

Үндістан әскери жағы 16 маусым күні «Дүйсенбі күні кеште Ладакх өңірінде Қытай мен Үндістан әскерлері қақтығысып, екі жақтан да адам шығыны болды. Үндістанның 3 әскері мерт болды. Оның бірі – офицер, екеуі – қатардағы жауынгер» деп мәлімдесе, сейсенбі күні Үндістан әскерінің ресми өкілдері жарақаттан 17 сарбаз көз жұмғанын, жалпы 20 адам қайтыс болғанын хабарлады. Ал қытай жақтан 5 әскер қаза тапты деген сыбыс бар. Бірақ бұл туралы Қытай тарапы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Соғыстың неден басталғаны әзірше белгісіз. Үндістанның Сыртқы істер министрлігі Қытайды Галван өзені маңындағы үнді-қытай шекарасының даулы бөлігінде өткен аптада келісілген шекара сызығы туралы келісімді бұзды деп айыптады. Қытай СІМ өкілінің айтуынша, 15 маусымда «үнді сарбаздары қытай шекарасын екі рет кесіп өтіп, қытай сарбаздарын шабуыл жасауға итермелеген».
Франция БАҚ-тары Үндістанның аты-жөнін айтқысы келмеген бір әскери мансаптысының сөзінен цитат алып, бұл жолғы қақтығыста мылтық атылмаған, екі жақ таспен және сойылмен бір-біріне шабуыл жасаған деп мәлімдеді.
Үндістан мен Қытайдың екі ел шекарасындағы таласты аймақта әскерін көбейтіп, қару-жарағын сайлап, бір-біріне дөңайбат танытып тұрғанына бір айдан асты. Осы айдың басында екі жақтың генералдары кездесіп, мәселені келіссөз арқылы шешуге келісіп, Қытай әскерлері артқа 2 шақырым, ал Үнді әскерлері бір шақырым шегінген болатын. Алайда екі жақ та содан бері шекараға әскер тасуын тоқтатқан жоқ болатын. Оның ақыры, міне, қақтығысқа ұласты.
Үндістан мен Қытайдың ортақ шекара ұзындығы 3440 шақырымды құраса, екі елдің таласып отыр­ған жер аумағы 120 мың шаршы шақырымнан асады. Ұзақ уақыт Ұлыбританияның отары болған Үндістан 1947 жылы тәуелсіздік алып, Үндіс одағы мен Пәкістан мемлекеті құрылды. 1950 жылы Үндістан одағы Үндістан Республикасына айналды. Ал Қытай халық республикасы 1949 жылы құрылды. Екі ел 1950 жылы дипломатиялық қатынас орнатып, біраз уақыт «Қытай мен Үндістан халқы бауырлас» деп тату тұрды. Алайда Қытайдың Тибет жеріне кіруімен екі ел арасы сабындай бұзылды да, Үндістан 1951 жылы тибеттер қоныстанған Тауанг өңірін өз тәуелділігіне енгізсе, 1953 жылы Тибеттің батысындағы 90 мың шаршы шақырым жерді басып алды. 1954 жылы Үндістанның оңтүстік-шығыс шекара өңірін иеленіп алуы екі ел арасындағы қайшылықты тіпті асқындыра түсті.
1960 жылы сәуірде екі елдің премьер-министрлері Жаңаделиде шекара мәселесі жөнінде келіссөз өткізді. Алайда келіссөзден ешқандай нәтиже шықпады. Мұның соңы 1962 жылғы Қытай-Үндістан соғысына ұласты. 1962 жылы 20 қазаннан 21 қарашаға дейін жалғасқан бұл соғыста 1300-ден астам үнді әскері мерт болып, 1000-нан астам жауынгер жараланды. Ал Қытайдың 722 әскері жазым болып, 1700 әскері жараланды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − 3 =