Қытай кедейшілікті қалай жеңді?

0 60

Кедейшілік – әлемдегі кез келген елдің әлеуметтік, экономикалық дамуын тежейтін басты себептің бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда әлемнің 2 миллиард 200 миллион тұрғыны кедейліктің құрсауынан шыға алмай отыр. Бұл бүкіл адамзаттың 14 пайызын кедейлер құрап отыр дегенді білдіреді. Мұның 11 пайыздан астамы тақыр кедей. Яғни әлем тұрғындарының 11 пайызы денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау және санитария сияқты негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру мүмкін емес жағдайында өмір сүреді. Сондай-ақ әлем бойынша 780 миллионнан астам адам халықаралық ең төменгі кедейлік шегі көрсеткішінен (1,9 доллар) төмен жағдайда күнелтеді.

Кедей деп кімдерді айтамыз?

БҰҰ-ның тұжырымына сәйкес, күніне 5,5 АҚШ долларына күн көретін адам кедей, 1,9 доллардан аз ақшаға күнелтетіндер тақыр кедей деп есептеледі. Соңғы жылдары әлемде кедейлер саны біртіндеп азайғанмен, әлемді жайлаған COVID індетінен кейін қыруар өндіріс орындары тоқтап, жасыл шарда жұмыссыздық көрсеткіші 2 есеге артты. Осы жағдайға байланысты БҰҰ «әлемде аштық пен жұмыссыздық күрт көбейді» деп дабыл қағып, әлем елдерін кедейлікпен белсенді күресуге шақырған болатын.
Дүниежүзілік банктің есебінше, Қазақстанда күніне 1,9 долларға өмір сүретін тақыр кедей жоқтың қасы. Бірақ 5,5 доллар бойынша есептесек, біздің елде де кедейлік көрсеткіші тым төмен емес. Мәселен, елімізде кедейлік көрсеткіші 2002 жылы 28 пайыз болса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 2 пайыз төмендеген. 2019 жылы еліміздегі кедейлік көрсеткіші 9 пайызға дейін түскенмен, пандемиядан бері қайта көбейді, келер жылға дейін бұл көрсеткіш 12 пайызға дейін артуы мүмкін деген болжам да бар.
Кедейліктің себебі көп болса да, БҰҰ кедейліктің басты себебі ретінде жұмыссыздық пен климаттың өзгерісін атайды. Мәселен, 2020 жылы COVID-19 індетінің таралуына байланысты еңбек нарығында қысқартылған жұмыс орындарының саны қаржы дағдарысы болған 2009 жылға қарағанда төрт есе артқан. Міне, дәл осындай қысылтаяң сәтте көрші ел Қытайдың «Қытай халқы кедейліктен құтылды» деп әлемге жар салғаны үлкен жаңалық болды.Қытай халқы кедейліктен құтылды ма?

Әрине, қазір Қазақстанда Қытай туралы айтсаң, жұрттың көбі теріс айналады. Бұрын Қытайды жақын көрші, дамыған ел ретінде қарайтын қазақстандықтардың көңілінде бүгінде «біздің елге басты қауіп Қытайдан» деген күдік басым. Сонымен қатар Қытай билігінің соңғы кездері Шыңжаңда жүргізген саясаты да тек қазақстандықтарды ғана емес, бүкіл әлем халқын тіксіндіргені шындық. Сосын да шығар, соңғы жылдары Қытайға қарсы негатив көзқарастар жиі айтылады да, Қытайдың дамуында маңызды рөл атқарған, біздің елдің дамуына, халық тұрмысының жақсаруына тиімді тәжірибелер көп айтылмай жатыр десек, соның бірі – Қытайдың кедейшілікпен күрес тәжірибесі.
2021 жылы 25 ақпанда Қытай астанасы Бейжіңде өткен «Кедейліктен құтылудың шешуші шайқасын бүкіл мемлекет бойынша қорытындылау жиналысында» ҚХР төрағасы Си Цзиньпин: «Біздің халықтың кедейлікпен күрестегі шешуші шайқасымыз тұтастай жеңіске жетті. Қолданыстағы критерий бойынша 98,99 млн кедей тұтасымен кедейліктен құтылды. 832 аудан кедей атымен қош айтысып, 128 мың қыстақ кедейлік қамытынан шықты. Біз тұтас өңірлерді қамтитын кедейлік мәселесін шешіп, абсолютті кедейлікті жою сынды міндетті орындап, адамзат тарихында тасқа таңбаланатын тағы бір ғажапты жасады» деп жариялады.
БҰҰ-ның санағы бойынша Қытай 1978 жылға дейін кедей елдердің қатарында еді. Сол кездегі жалпы ішкі өнімі Африка құрлығындағы ең артта қалған Замбияның көрсеткішімен шамалас болатын. Алайда Қытайдың ұлы реформашысы Дэн Сяопиннің «Реформа жасап, сыртқа есік ашу» саясатынан кейін Қытай ұшқан құстай дамып, 40 жылда кедей, мешеу елден дамыған елдердің қатарына қосылып, дүниедегі ең алпауыт ел – АҚШ-пен үзеңгі қағыстыратын деңгейге жетті. Халқын кедейліктен құтқарды.

Амалы барлық ел үшін бағалы

Жоғарыда айтқанымыздай, өткен ғасырдың 80-жылдары Қытай экономикалық реформасын бастаған тұста ондағы 1 млрд халық Қытайдың өз есебімен де, БҰҰ өлшемімен де кедейлік санатында тұратын. 40 жылдық реформа мен есікті ашудың нәтижесінде 800 млн-ға жуық қытайлықтың кедейлік қамытынан сытылып шыққандығы және оның ДЖБ өлшеміне сай Жер шарындағы кедейліктен құтылған халықтың 70 пайыздан астамын құрағаны БҰҰ мен халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған-ды. Мысалы, 2002 жылы қытайлықтардың 99 пайызы төмен кірістілер санатында болатын. Айлық кірісі 1000 юанға жетпейтіндер 1,008 млрд адамды (жалпы халық санының 84 пайызы), 2000 юанға жетпейтіндер 1,25 млрд адамды (97 пайыз) құрайтын-ды. 2012 жылы Қытай билігі «кедейлерді нақтылы сүйемелдеу» бағдарламасын жолға қойды. Содан бастап бұл бағдарлама мемлекеттің маңызды қызметтер қатарынан ешқашан түсіп көрген жоқ. Яғни бұл қызметті ел басшысы өз бақылауына алып, кент басшыларына дейін міндет жүктелді. Мемлекеттен қыруар қаржы бөліп, оған жергілікті бюджеттен үстемелеу арқылы қаржының өнімді жұмсалуына кепілдік етті. Нәтижесінде 10 жылға жетпейтін уақытта 100 миллион адамды кедейліктен құтқарды.
Әрине, Қытай билігінің бұл мәліметіне сенбейтіндер де баршылық. Мәселен, Дүниежүзілік банктің кейбір сарапшылары «Қытайлықтардың жан басына шаққандағы кірісі табысы жоғары елдердегі орташа көрсеткіштің төрттен бір бөлігін ғана құрайды, сондықтан Қытайда 5,5 долларлық көрсеткіш деңгейінде күн көретіндердің саны аз емес» деген уәжді алға тартып, бұл елде 373 миллион адам әлі де жоқшылықтың тақсіретін тартып отыр деп санайды.
Қытай Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2012 жылы ауыл тұрғындарының жан басына шаққандағы орташа таза табысы – 7019 юань, ал қала тұрғындарының жан басына шаққандағы орташа табысы 21,986 юанды құраса, 2020 жылы ауыл тұрғындарының жан басына шаққандағы орташа табысы 15204 юанға, ал қала тұрғындарының жан басына шаққандағы орташа табысы 40378 юанға жеткен. Оның үстіне, Қытай экономикасының өсу қарқыны жылына орташа есеппен 7 пайызды құрайды. Дүниежүзілік валюта қорының келтірген мәліметіне қарағанда, кей жағдайларда Қытай экономикасының өсу қарқыны 13 пайызға дейін жеткен. Бұл да Қытай билігінің кедейліктен құтылдыру бағдарламасын қыруар қаржымен қамтамасыз етті.
Ал Қытай экономикасының тез даму себебіне келсек, бұл ел ондаған жылдар бойы арзан тауарлардың өндірісі мен экспортын жолға қойды. Бұл өз кезегінде әлемдегі ең арзан тауарларды құрастыруға, сатуға негізделген экономиканың өсу стратегиясын қалыптастырды. Соның арқасында қазіргі уақытта Қытай әлемдегі өндіруші әрі жабдықтаушы елге айналды. Тіпті Қытайдың арзан тауарларын сатумен шұғылданатын, транзакциялық мәмілелерді жүзеге асыратын арнайы компаниялар да ашылды. Сонымен қатар Қытай билігі жекеменшік өндірісшілерді өз өнімдерін экспортқа шығаруға ынталандырып, шетелге тауар шығарса, салықтан босатты, халықаралық бәсекеге төтеп беру үшін қосымша қаражат та берді. Бұл Қытай кәсіпкерлеріне үлкен демеу болды да, өз өндірісін өркендетіп, шетелдерге дейін ірге кеңейтуіне мүмкіндік берді. Қытай экспортының 90 пайыздан астамы жекеменшік секторға тиесілі болуының себебі, міне, осы. Бұл Қытай экономикасының өсуіне және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге негіз болған басты себептер десек, халықты кедейліктен құтылдыруда Қытай билігі төмендегідей тәсіл қолданды.

Қаржыны жырымдаса – жаза ауыр

Бірінші, мемлекет қазынасынан кедейлерді сүйемелдеуге арнаулы қаржы бөліп, қаржы мөлшерін жыл сайын арттырып отырды. Мәселен, 2011 жылдан 2014 жылға дейін Қытайдың кедейлікпен күресу үшін жұмсаған қаржысы 27,2 миллиард юаннан 43,3 миллиард юанға дейін өссе, 2019 жылы бұл сома 126,095 млрд юанға жетті. Былайша айтқанда, Қытай кедейліктен құтылдыруға қыруар қаржы бөліп, оның бір тиынына дейін қайда жұмсалғанын қатаң қадағалап, кедейлерге бөлінген ақшаның басқа жаққа жырымдалып кетуінің алдын алды. Кедейлерге бөлінген ақшаға қол сұғып, жемқорлық жасағандарды түрменің түбінде шірітіп, барлық мүлкін тәркіледі, жазасы ауырларын атты. Соның нәтижесінде Қытайда мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржы көп жағдайда басқа елдердегідей «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпейді.
Екінші, алдымен кедей өңірлерді анықтап, ол өңірлерге жол, су, электр желісінің жеткізілуіне, инфрақұрымдарының кемелденуіне кепілдік етті. Сонымен қатар кедейлерді сүйемелдеу жұмысын облыс, аймақ, аудан, ауылдардың қызметін бағалаудың басты талабы етіп, жыл соңында міндеттің орындалуын қатаң қадағалап отырды. Соның нәтижесінде Қытайда барлық елді мекендерге дейінгі жолдар жаппай асфальттандырылып, жарық жеткізілді. Ал жарық жеткізу мүмкін болмаған өңірлерге күн энергиясы арқылы жарық тарату құрылғысы тегін таратылды.
Үшінші, «кедейлерді дәлме-дәл сүйемелдеу» әдісін жасап, әрбір кедей отбасына архив тұрғызып, не себеппен кедейлескенін (ауру себебінен бе, еңбек күшінің жоғынан ба, қаржының жоғынан ба) анықтап алып, сол себепке қарай әр отбасын кедейліктен құтылдырудың жоспарын жасады.
Төртінші, кедейлерді тегін баспанамен қамту үшін бір кедей отбасына баспана салуға 45000 юань (Қазақстан теңгесіне шаққанда 3 миллион теңге шамасында) қайтарымсыз қаржы бөлінген. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің еңбекке жарамдылық жағдайына қарай жұмыспен қамтып, бір отбасының айлық кірісін ауылдарда 3000 юаннан, аудан-қалаларда 4000 юаннан түсірмеуге кепілдік етті.
Бесінші, бір кедей отбасына бір үкімет кадрын жауаптандырып, бір үкімет қызметкері бір отбасын кедейліктен құтылдыруға міндеттелді.
Алтыншы, қаржының кейбір бөлігі кедейлердің сауатын ашуға, белгілі бір кәсіпке оқытуға жұмсалады. Ондағы мақсат – кедейлерге қолымен ғана емес, ақыл-оймен жұмыс істеуіне мүмкіндік беру. Содан кейін сол аймақтарда іске қосылған зауыт, фабрика басшыларына (инвесторларға) сауатын ашқандарды жұмыспен қамтуларына жағдай жасауды міндеттейді.
Жетінші, үкімет кәсіп ашамын деген кедейлерге 3 жылға өсімсіз қарыз беріп, мал бақса, егін салса қосымша қаражат беріп, олардың кәсібінің дөңгелеуіне, өнімдерінің тез сатылуына кепілдік етіп отырды. Кедейлер несие алу үшін кепілдік зат қоймайды, қаптаған құжаттар жинамайды. Алайда орынсыз жерге жұмсалып кетпеуі қатаң қадағаланады.
Қысқасы, Қытай халқы кедейліктен толық құтылды ма, жоқ па, ол маңызды емес. Бізге және әлем елдеріне керегі – Қытайдың халқын кедейліктен құтылдыруға қолданған амалы. Осы тұрғыдан алғанда, бұл тақырып әлі де індете зерттеуді қажет етеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 1 =