Қытай ғалымы қазақ тарихын жазды

0 82

Су Бэйхайдың «Қазақтың жалпы тарихы» атты 4 томдық еңбегі қазақ тілінде жарық көрді.

Еліміздің ғылым және білім министрлігі Ғылым комитетінің жобасы аясында Қытай ғалымы Су Бэйхайдың «Қазақтың жалпы тарихы» атты 4 томдық еңбегі қазақ тіліне аударылып баспадан шықты. Бұл – тәуелсіз еліміздің төл тарихнамасына қосылған қомақты үлес, қытайтану бағытындағы үлкен қадам.
Аталған еңбектің жалпы көлемі факсимилесімен қоса есептегенде 181 баспа табақтан, 2884 беттен тұрады. Жоба жетекшісі – Тұрсынхан Зәкенұлы. Бұл еңбек тек Қазақстан тарихымен ғана шектелмейді, қазақ халқы тарихта өмір сүрген этно-мәдени кеңістікті тұтасымен қамтиды. Сонымен бірге, автор қазақ тарихын жалпы әлемдік тарихи үдерістер аясында қарастыр­ған. Қазақстанмен көрші жатқан аймақтардағы тарихи үдерістердің тікелей және жанамалай әсерлеріне көңіл бөлген. Онда тарихи оқиғаларды дәуірлеу мен мазмұндаудың өзіне тән ұстанымы басшылыққа алынған. Тарихи оқиғаларды зерттеп-зерделеуде негізінен Қытай деректерін басшылыққа алған.
Жобаны орындау барысында жоба жетекшісі І, ІІ, IV томдарын аударып, алғы сөзін және сараптау­лары мен түсініктерін жазды әрі жалпы редакциясын басқарыпты. Қалған тарауларын аударуға Айгүл Қадысқызы (ІІІ томды аударған), Еркінжан Сыламханұлы, Қалиакбар Үсемханұлы атсалысса, Данагүл Махат, Жанар Смаханова, Д. Маратова ғылыми редакторлық қызметі мен салыстыру жұмыстарын жүргізіп, техникалық жұмыстарын жасады. Тарих ғылымдарының докторлары Талас Омарбеков, Әбдіуақап Қараға (Түркия Республикасы), Жамбыл Артықбаев сияқты танымал ғалымдар кітапқа арнаулы пікір жазған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 15 =