©2020 Астана Ақшамы
ҚЫСТЫҢ СӘНI – СЫРҒАНАҚ
Қыс түссе, топ бала шанасын сүйреп ойнауға шығады. Ойын баласы жазда доп тебуге, жүзуге әуестенсе, қыста – сырғанаққа құмар. Яғни, допты хоккей шайбасымен, жүзуді сырғанаумен алмастырады. Алайда, қазіргі заманда жабық алаңдарда жазда сырғанап, қыста жүзуге мүмкіндіктің бәрі жасалған. Дегенмен, балалардың көбі ауа-райымен үйлесімде ашық аспан астында ойнап, айыз қандыруды құп көреді. Қыс қызығы, ойын көркі қызатын мекен – мұзайдындар.
Ақбұлақта атойлап үлкен-кіші…
Басқа қалалардан көркемдігінен өзге қытымыр қысымен ерекшеленетін елордада коньки тебуге әуесқой жандар демалыс уақытын мұз айдындарында көңілді әрі тиімді өткізеді. Астана қаласында тұрғындардың талаптарына сай салынған, қажетті технологиялармен жабдықталған бірнеше ашық және жабық мұз айдындары жұмыс істейді. Солардың бірегейі және ең үлкені Алматы ауданындағы Ақбұлақ өзенінің сағасында орналасқан ашық мұзайдынының өткен жұма күні салтанатты ашылуы өтті.
Шарада Алматы ауданы әкімі Бекбол Сағын аудан жұрты мен қала қонақтарын жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оқушылардың қысқы демалысын қызықты өткізуіне тілектес екендігін жеткізді. «Бұл орыннан басқа Жерұйық саябағынан және мектептердің жанынан 9 мұзайдынын аштық. Мұның барлығы оқушыларды, қала халқын, қонақтарды спортпен айналысуға ұйыстыру үшін, таза ауаға келіп уақыттарын отбасымен жақсы өткізуі үшін ұйымдастырылды. Былтырға қарағанда биыл Ақбұлақ су арнасындағы мұзайдынның көлемін едәуір кеңейттік. Айдынның ауқымы – 32000 шаршы метр» деді аудан әкімі.
Сәулеті көз тартатын, қыстың сәнін келтіріп тұрған мұз қалашыққа мұздан ойып сомдалған 13 бейнелі мүсін, 68 түрлі-түсті жарықтандырғыш құрылғылар, 3 сырғанақ, 1 лабиринт және безендірілген ұзындығы 2 метр шыршалар мен биіктігі 14 метр болатын үлкен шырша орнатылған.
Арқаның бет қаритын аязына қарамастан астаналықтар күн сайын көркемдігімен көз арбаған осы қалашыққа қарай ағылады. Демалыс күндері мұнда адамдар қарасы тіптен көбейеді. Кішісі түгіл үлкендер жағы да коньки тебуге үйір. Осы ауданның тұрғыны Марал «Күйеуім – күндіз жұмыста. Балаларға қарап үйде отырғаныма бірнеше жыл болды. Қазір, Аллаға шүкір, кішкентайлар өсіп, сыртта ойнауға жарап қалған. Күн ара үш ұлымды ертіп, шаналарын сүйреп осы мұзайдынға келеміз. Бұрын конькимен сырғанап үйренбеген өзім де қызығып кетіп, балалармен бірге ойнап кетемін» дейді.
Ажарына қоса айдыны жарқырап тұрған қалашық бір мезетте 5 мыңнан аса адамды қабылдай алады. Келушілер үшін конькиді жалға беретін 12 қызмет көрсету орны және шәй-тамақ ішіп, бой жылытатын бірнеше дүңгіршек бар. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бақылау үшін полиция бекеті жұмыс істейді.
Нөмірі екінші жалға беру орнында қызмет көрсететін Алмас Орынбасаров «Мұзайдынның ашылғанына он жылдың көлемі болып қалды. Мұзайдын ашылғалы бері осы арада жұмыс істеймін. Жастардың бұқаралық спортқа бетбұрыстары жаман емес. Елмен бірге қысқы спорт түрлері де ілгері өрлеп жатыр. Мені қуантарлығы – хоккей ойнауға, коньки тебуге ынталы қазақ жастары көбейді. Бұрын көбінесе ойын алаңына орыс балалары келетін» дейді. Оның айтуынша, арнаулы орында 120 коньки болса, оның 30-40 шақтысы ғана қолданыста жүреді. Яғни, келушілердің көбі – қыздар – 37-38-ші, ерлер 41-42-ші өлшемдегі конькилерді қажет етеді. Жалға беру ақысы сағатына – 500 теңге. Жұмыс уақыты – сағат 11.00-ден 23.00-ге дейін.
«Алау» – айрықша сарай
Жоғарыда маусымдық ашық мұз айдыны туралы айтсақ, сырғанаумен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік беретін жабық мұз айдыны тұрғысында әңгімемізді одан әрі өрбітпекпіз.
Заманауи технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған, «жылдам мұз» дайындауға мүмкіндік беретін, әлемдік деңгейдегі «Алау» мұзайдыны сарайы 2010 жылы ашылған. «Алау» – ерекше сәулет-құрылысымен, орналасу аймағымен Астанадағы бірегей спорт ғимараты болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алау» – болашақ олимпиадашыларға қызмет ету үшін ғана емес, сонымен қатар, бұқаралық спорттың даму орталығы болу үшін жасалған керемет спорттық құрылыс» деп баға берген еді.
Аталмыш сарай – 8 000 орындық мінбесі бар ұзындығы 400 метрлік мұз жолынан, екі хоккей алаңынан, төреші алқасы залынан, баспасөз мәслихатын өткізуге арналған конгресс залдан және спортшылардың киім ауыстыруына арналған сегіз бөлмеден тұратын көлемі 42 мың шаршы метр мұзайдын.
«Алау» мұзайдыны бірнеше спорт түрлері – коньки тебу, шорт-трек, хоккей, керлинг, мәнерлеп сырғанау бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған. Сонымен қатар, бұл ғимаратта мұзайдыннан бөлек, фитнес-орталық, әмбебап спорт зал, СПА-орталық, 4 жұлдызды қонақүй, мейрамхана жұмыс істейді.
«Алау» мұзайдын сарайының баспасөз хатшысы Кирилл Пяртель «2010 жылы 29 желтоқсанда «Алау» мұз айдынында алғашқы жарыс өтті. Ол Азиада ойындарының алдында өткен Қазақстан кубогі үшін болған жарыс еді. Мұндай стадиондарда алғашқы жарыстың өтуі туған күн боп есептеледі. Яғни, 29 желтоқсан – «Алаудың» туған күні. Биыл – бізге төрт жыл. Бұл күн, бір қызығы, Қазақстандағы аты аңызға айналған «Медеу» мұзайдынының туған күнімен сәйкес келеді. «Медеу» – талай ірі көлемдегі додаларды өткізген орын және онда атақты спортшылар өнер көрсетті. Бүгінгі күнге дейін келушілер саны, секциядағы балалар мөлшері және жаппай сырғанаудың қолжетімділігі сияқты басты өлшемдер бойынша біз «Медеу» мұзайдынының алдын ораймыз. Соның ішінде, мұз сапасы және жылдамдық рейтингі сияқты көрсеткіш бойынша да біз жоғары тұрмыз. «Медеу» – ашық мұзайдыны, ал «Алау» – жабық мұз айдыны» дейді мерейтой қарсаңында тап келген бізге ағынан жарылып. Оның айтуынша, өткен аптада студенттер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Бұл байқауда «Алау» мұзайдынының қызметкерлері жүктелген жұмысты абыроймен атқарған. Мұз эксперті, спортшылар мен төрешілер секілді төрт жыл осында жұмыс жасаған мамандарымыздың біліктілігі – жоғары.
«Алау» – қысқы спорт түрлерімен кәсіби шұғылданатын балалармен бірге әуесқойлардың да жиі жиналатын сүйікті орны. Дүйсенбі-жұма күндері кәсіби жаттығушыларға арналса, ал жұма, сенбі, жексенбі – жаппай сырғанау күндері. Сарай жаппай сырғанау бойынша келушілерді 5 кезеңге бөліп қабылдайды. Жұма күні әрі спортшылардың жаттығу күні болғандықтан жаппай сырғанаудың 2 кезеңін ғана өткізеді. Жаппай сырғанаудың ақысы таңертең – 250-500 теңге, күндіз – 500-1000 теңге, кешке – 1000-1500 теңге. Мұзайдынға демалыс күндері 7 мыңдай адам келеді.
Мұнда балаларға арналған секциялар – тегін. Спортқа бейімі бар болашақ чемпиондардың жаттығу ақысын мемлекет қаржыландырады. Аталмыш секцияларға балаларды 11 жастан бастап қабылдайды. Егер бұл жастан жасы төмен не жоғары болса, қабылдамайды. Өйткені, нәтиже жасынан шыныққан спортшылардан шығады.
Жаппай сырғанау – бұл әлеуметтік бағыт. Далада -40 градус суық болса да, іште 17 градус жылы болады. Температура сырғанауға және тиімді демалысқа өте қолайлы. Мұзайдында 3 алаң бар. Бірінші үлкен алаң – кәсібилер үшін, екіншісі мұздың қалыңдығы жоғарылау алаң – хоккей ойнауға, финт жасауға арналған. Одан кейінгі үшіншісі – бастапқы дайындық кезіндегі балалар мен әуесқойлар үшін. Жаңадан келгендерге үйретуші нұсқаушы жұмыс істейді.
Айдында зырғып жүрген Роза сәл кідірістеп біздің сұрағымызға «Бос уақытымның көбін осында өткіземін. Маған мұз үстінде сырғанау ләззат сыйлайды. Алғаш сырғанауды сырттағы мұзайдындарда үйрендім. Кейін осы «Алаудың» тұрақты келушісі болдым» деді де ары қарай жүйткіп өте шықты. Ал Арман есімді жас жігітті сөзге тарту қиынға соқпады. Ол жаңа үйренуші екен. Арнаулы сүйемелдеуші құрал арқылы баяу ғана сырғанап жүр. Оның мұнда келгеніне 2 апта болыпты. Арман алдағы уақытта коньки тебуді суда жүзген балықтай меңгеріп кететініне сенімді.
Мұзайдын қызметкері алаңға мұз төсеуді қазан айында бастадық дейді. Мамырға дейін конькишілердің жолына айналатын мұзды жазда ұстап тұру өте қымбатқа түседі екен. Оның үстіне ол мерзімде сырғанауға сұраныс та болмайды.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ