Қыстың қамын жаз ойла

0 118

ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеті­нің Астана қаласы бойынша департаменті қысқы маусымға байланысты баспасөз сапарын өткізді. Аталған іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы қызметкерлері мен мәслихат депутаттары, Кәсіпкерлер палатасы мен «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» ҚБ өкілдері қатысты.

«Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасы Василий Куриськоның айтуынша, қаланы жылыту маусымына дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өйткені аталған акционерлік қоғам елордада жылу энергиясын тарату бойынша жұмыс істейтін жалғыз табиғи монополист болып саналады.

– Қазіргі таңда акционерлік қоғамның балансында шамамен 800 шақырымдық жылу желісі мен 13 сору стансасы бар. Аталған жылу желісі мен сору стансалары қаланың барлық нысандарын жылумен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде жылыту маусымына дайындық бойынша бірнеше шараларды іске асырдық. Ең бірінші – біз қаланың барлық магистральдерін тексеріп, жұмысымыз­ды пысықтап алдық. Жалпы, акционерлік қоғамға қарасты 13 сору стансасының 3-еуі су жаңа. Сондықтан да мен жылыту маусымына толығымен дайынбыз деп нық сеніммен айта аламын. Оның үстіне, біз жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сору стансаларында электр жабдықтарын орнаттық, – дейді ол.

Басқарма төрағасының айтуынша, бүгінде 26 шақырым жылу тас жолында күрделі инвестициялық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған 26 шақырымның қалған 2 шақырымын кәсіпорынның білікті 720 маманы тез арада аяқтап, пайдалануға береді.

– Республика даңғылының бойында жүргізіліп жатқан құбырдың жалпы ұзындығы – 1240 метр. Бұл жердегі жұмыстар жаңа технологиялардың негізінде жасалып жатыр. Сондай-ақ, құрылысқа қолданып жатқан барлық керек-жарақтар отандық өнім болып саналады. Бұдан бөлек, біздің білікті мамандар жұмысты дер кезінде әрі сапалы жүргізіп жатыр. Мәселен, Республика даңғылының бойындағы жүргізіліп жатқан құбырды қайта қалпына келтіру жұмыстары жақын арада аяқталады. Нақтырақ айтсам, құрылыс жұмыстарының 90 пайызы дайын тұр. Ал жылыту маусымы басталғанша барлық жұмыстар аяқталатын болады, – дейді Василий Курисько.

Басқарма басшысы аталған нысан бекітілген тарифтік смета бойынша инвестиция­лық бағдарламаның аясында қайта қалпына келтіріліп жатқанын айтады. Мәселен, биыл жылыту желілерінің қайта қалпына келтіруіне Үкіметтен 1 млрд 8 млн теңге бөлінген.

– Өткен жылдың басынан бастап «Астана-Теплотранзит» АҚ үшін бағдарламаны іске асыруға 5 жылға шекті тариф бекітілген болатын. Бекітілген тариф сметасына сәйкес, бізде инвестициялық бағдарлама қарастырылған, оған сәйкес жылыту желілерінің қайта қалпына келтірілу бекітілді. Оларды қайта қалпына келтірілуге 2016 жылы – 1 млрд 40 млн теңге, ал 2017 жылы 1 млрд 8 млн теңге бөлінді, – дейді кәсіпорын басшысы.

Василий Куриськоның айтуынша, Астана қаласында жылыту мау­сымы бойынша ешқандай проблема болмайды. Өйткені «Астана-Теплотранзит» акционерлік қоғамы «қыстың қамын жаз ойлаған».

Серік ЖОЛДАСБАЙ 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × one =