©2020 Астана Ақшамы
Қысты шығарып салды
«Жастар» сарайы алаңында славян халқының ұлттық мерекесі «Масленицаға» арналған іс-шара өтті. Оған елордадағы ұлттық мәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестіктер де өз үлестерін қосты.
«Бірнеше жылда алғаш рет мерекені кең көлемде, ашық алаңда атап өтудеміз. Бұл күні әр славян отбасында дәмді тағамдар дайындалып, бір-бірінің үйіне қонаққа барады. Ал, дүйсенбіден бастап ауыз бекітеді. Бұл да болса еліміздегі ұлтаралық татулықтың белгісі деп білемін», – дейді казактардың жексенбілік мектебінің көркемдік жетекшісі Наталья Иванова. «Масленица» – славян халықтарының ертеден келе жатқан қысты шығарып салып, көктемді қарсы алу мерекесі. Ол жеті күнге созылады. Славяндар осы жеті күннің әр күнін түрліше тойлап өткізеді. Бұл мереке кезінде дәмді құймақтар пісіріліп, көршілер бір-бірін қонаққа шақырады. Көңілді ән айтылып, би биленіп, барлығы шат-шадыман болады. Өйткені, славяндар «масленицаны» қалай қарсы алсаң, жыл бойы солай жүресің деген ұстанымды ұстайды.
Еркежан СӘТІМБЕК