Қыстан қысылмаудың қамы

0 108

Биылғы сәуір айында қала әкімдігінде өткен, 2012-2013 жылдардағы жылу беру маусымының қорытындысына арналған жиналыста келесі кезектегі жылыту маусымына әлеуметтік нысандар 1 тамызға дейін, ал көп пәтерлі тұрғын үйлер 1 қыркүйекке дейін дайын болу керектігі айтылған. Межелі мерзім артта қалғанда қаланың қыс мерзіміне әзірлігі қандай? «Астана-Теплотранзит» АҚ таратқан мәліметке сенсек, шаһар табиғат қатал мінезін көрсетер шаққа әзір. Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Айтмұқан Жұмабаев бізге осыны жеткізді. 

Қазірде әлеуметтік нысандар саналатын білім беру мекемелерінде 98 пайыз, мәдени ошақтарда толығымен, яғни, 100 пайыз қысқа дайындық жұмыстары аяқталды. Аурухана, емханалардың дайындық көрсеткіші сәл төмендеу болса да (93 пайыз) көңіл көншітеді. Себебі, әлеуметтік нысандарда жөндеу жүргізіп жатқан мердігерлер барлық жұмыстарды 1 қазанға дейін аяқтаймыз деп уәде беріп отыр.

Осылардың ішінде Білім беру басқармасына қарасты мекемелердің қысқа дайындығына тоқталсақ, олардың елордадағы жалпы саны – 126. Аудандарға бөліп қарағанда, 62-сі – Сарыарқа ауданында, 59-ы – Алматы ауданында, 5-і – Есіл ауданында орналасқан. Міне, осы нысандардың бәрін қосқанда, тек екі балабақшаның ғана қысқа әзірлігі ойдағыдай болмай тұр. Себебі, №9 «Нұршашу» мен №23 «Алтын бесік» балабақшаларында күрделі жөндеу жүруде.

Астанадағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің жағдайына келсек, олардың 95%-ы қысқа дайын. Әрине, бұл жағдайда көбінесе жұмысына көңіл толмайтын ПИК-тердің қам-қарекетіне орынды баға беру керек шығар. Мәселен, қарамағында Абылай хан даңғылының 9 көп пәтерлі үйі бар «Алтай» ПИК-нің төрайымы Валентина Алееваның айтуынша, барлық үйлер жылыту маусымына сақадай сай. Дайындық паспорты алынған. Жаз бойы тиісті жұмыстар атқарылып, 17/1 және 21/1 үйлердің жылу құбырлары жартылай ауыс­тырылса, 25/2 үйдің құбырлары толығымен ауыстырылды.

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, «Астана-Энергия» АҚ пен «Астана – Теп­лотранзит» АҚ көктем-жаз бойы жылу магистраль­дарын жаңарту, ескірген жабдықтарды жаңа­сына ауыстыру, жиі «шатақ шығаратын» учаскелерді қайта жөндеумен айналысты. Атап айтсақ, ша­һардың жылу энергетикалық жүйесін дамытуға арналған ин­вес­ти­циялық жобаға сәйкес алтыншы стансадағы қазандық агре­гаты, бірінші, төртінші стан­салардағы турбоагрегаттар жөнделді. Сондай-ақ, ЖЭО-1-дегі же­тінші және екінші стансалардың, сонымен бірге ЖЭО-2-дегі бірінші стансаның қазандық агрегаты мен цехтар жабдықтарының күр­делі жөндеуі өткізілді.

Жылу тарату желілерін жөндеу жоспарына сәйкес ЖЭО-1 контуры бойынша сынақ жұмыстары жүргізіліп, магистральдік жылу құбырларының 1079 қумаметрі күрделі жөндеуден өтті. Тек №9 жылу магистралінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл – жылу құбырларының максималды қысымға шыдас беретініне көз жеткізу үшін жасалды.

Ішкі орамдық аулалық аумақ­тарды абаттандыру бағдар­ламасы бойынша жылу тарату желілерін қайта орналастыру мақсатында жылу құбырларының 4660 қумаметрін ауыстыру жоспарланса, бүгіндері бұл жұ­мыстар аяқталу үстінде. Яғни, 14 пайызы ғана қалды. Аталған жұмыс көп пәтерлі тұрғын үйлерді жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жасалған.

Жөндеу жұмыстары жүргі­зілгенде жаб­дықтардың, жылу тарату желілерінің тех­никалық жағдайы ескерілді.

Сөзіміздің басында келтірген жиналыста өткен қыста астаналықтар қыстан үсіп-жаурамай шыққандығы да айтылған. «Қылышын сүйретіп келе жатқан» алдағы қыста да осылай боларына сенейік.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + eight =