Қысқы туризм неге қалыс қалады?

0 24

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Қазақстандағы экологиялық және этнотуризмді дамытуға ерекше назар аудару керектігін Үкіметке тапсырды. Президент атап айтқандай, туризм дұрыс өркендеуі үшін, ең алдымен, инфрақұрылым, одан кейін білікті мамандарды даярлау мәселелері рет-ретімен шешілуі тиіс. Бір қынжыларлық жайт, елімізде жыл сайын бұл мәселе биік мінбелерден айтылып, жиындарда талқыланып, түрлі құжаттар мен бағдарламалар қабылданып жатса да, іс оңға баспай тұр. Біз бүгін осы тақырыпқа салыстырмалы талдау жасап көрдік.

Қысқы туризмнің әлеуеті зор

Қазір әлемдегі дамыған елдердің көпшілігі қысқы туризмнен қыруар табыс табады. Қар туризмі деген туризмнің бір түрі бар. Италиядағы Доломитті Альпіні, Германиядағы Баварияны, Австриядағы Гальштадты, Канададағы Пейто көлін, Жапониядағы Тадами өзенін, Словениядағы Блед көлін, Ирландиядағы Шаннонды, Лапландиядағы Санта-Клаус ауылын, Финляндиядағы «Муми-троль елін», Новегиядағы Хамней деревнясының ғаламатын бүкіл әлем біледі. Қысқы туризмді дамытуда көштің басында тұрған Швейцария мен Испанияны онсыз да жақсы білеміз. Мәселен, Испаниядағы Каталонияда шаңғы тебуге арналған 17 (!) шипажай бар екен. Ем-дом алуға және демалуға барған туристердің 80 пайызы тауда шаңғы тепсе, қалған 20 пайызы шаңғымен жазық жерде жүгіреді. Осының бәріне керемет жағдай жасалған.
Алысқа бармай-ақ, жанымыздағы Қырғызстанды алсақ, қырғыздар қысқы туризмнен мол табысқа кенелуде. Көбінесе бұл елге биік тау шатқалдарында шаңғы тебуді, спорттың экстремалды түрлерін жаны қалайтындар келеді. Қардың көп түсуі алуан түрлі шаңғы жолдарын салуға, тамаша сервиске мүмкіндік береді. Айтпақшы, шаңғы мен сноубордтан басқа қысқы туризмнің фрирайдинг – таудан еркін сырғанау, хельскин – тікұшақтан секіру сияқты түрлері де жақсы дамыған. Соның нәтижесінде Қыр­ғызстанға 2018 жылы 5 млн-нан аса, 2019 жылы 6 млн-ға жуық шетелдік туристер демалуға барған.
Қытайдағы қысқы туризм де керемет дамыған. ҚХР туризм академиясының жылдық есебінде келтірілген мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылдың қараша айы мен 2018 жылдың наурыз айы аралығында қысқы ойын-сауық шараларына қатысуға Аспанас­ты еліне 200 млн-ға жуық шетелдік қонақтар барған. Бұл елдегі қысқы туризм ауылдық елді мекендердің дамуына және жергілікті экономиканың сауығуына септігін тигізеді. Қытайдағы туризмнің бұл түрінің өркендеуіне 2015 жылы Бейжіңнің 2022 жылы қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқығын жеңіп алғаны да оң әсер етті. Бейжіңнің, Хэбэй, Цзилинь, Хэйлунцзян провинцияларының билігі қысқы туризмді жандандыру жөніндегі науқанның жобасын жариялады.

Бурабайдың Бавариядан несі кем?

«Арқада Бурабайға жер жетпейді» деп Мағжан ақын жырлағандай, Бурабайымыз­дың табиғатына тең келетіндей ғажайып табиғат жоқ. Оны «қазақстандық Лапландия» немесе Бавария деуге болады. Қыстыгүні Бурабайға барған адам нағыз ертегілер қалашығына топ ете түседі. Экскурсияны кішкентай эльфтер жүргізеді. Олар қонақтарға әлемнің жеті кереметі бар сиқырлы порталды көрсетеді. Санта-Клаус резиденция­сының бөлмелерінің бірінде Сантаның өзімен суретке түсуге, тіпті сиқырлы пош­тамен хат-хабар жіберуге де болады.
Қысқы демалысқа қажетті нәрсенің бәрі Бурабайда бар: сырғанақ тебу, шаңғы тебу және коньки тебу. Сондай-ақ қар шанасы, булик-кросстар және квадроциклдер де бар. Бұл жерге келген туристердің сүйікті ісінің бірі – хас­ки иттермен қыдыру. Оларды Фин елінен арнайы алдырған. Лапландияда бақсылар палаткада тұрады. Бурабайда да финдер­дің палаткасынан кем түспейтін үйлер салынған. Ағаштан тұрғызылған саамилер (үйлер) қазақтың киіз үйіне қатты ұқсайды. Әсіресе, қонақтарды үйдің қожайыны таң қалдырады. Ол келгендерге тілегін айтқызып, сол тілектің қабыл болуы үшін қолындағы тая­ғымен ұрғылап, Тәңірден тілек тілейді.

Қар мен боранды табыс көзіне айналдырсақ…

Арқаның қысы ғажап болғанымен, біз қысқы туризмді дамыта алмай отырмыз. Мәселен, биыл елордаға соңғы 55 жылда түспеген қар жауды. Бұл – турист тартуға керемет мүмкіндік! Тау-тау болып үйіліп жатқан қарды Үндістанның немесе Африканың тұрғындары көрсе, таң қалар еді. Бірақ соны көрсете алмаймыз. Жер жүзіндегі фотографтарды Нұр-Сұлтанға тегін шақырып, тау-тау болып үйіліп жатқан қарымызды көрсетсек, олар суреттерімен-ақ күллі әлемге жарнама жасап беретін еді. Бірақ… бұл жұмыспен айналысатын «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы қол қусырып қарап отыр.
Ұлттық компания мамандарының еліміздегі туризм­нің дамуына тұсау салып отырған негізгі факторларды тізбектеумен шектелгені өкінішті-ақ! Бірде орыс тілді сайттан «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Қайрат
Сәдуақасовтың мынадай пікірін оқыдым: «Қазақстандағы ту­ризм­нің дамуына сапасыз жолдар, әуе байланысының шектеулілігі, туристер жүретін жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымның жоқтығы, туризм саласы қызметкерлерінің біліксіздігі, бағаның қымбаттығы кедергі келтіреді». Оның айтуынша, қазір жылына елімізге 3 млн туристер келеді. 2025 жылы бұл көрсеткішті 13 млн-ға жеткізу жоспарланған. Бірақ қағаздағы құр жоспардан іс оңға баса ма?

Туризмін түріктер қалай түлетті?

Бір өкініштісі, табиғаты тамылжыған Бурабайымызды халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналдыра алмай отырмыз. Мұның себебі неде? Біріншіден, бізде туристерге көрсетілетін қызметтің сапасы төмен. Мысалы, Бурабайға барған адам ішетін ас таба алмай сабылады. Кез келген туриске қолжетімді бағадағы асхана, дәмханалар жоқтың қасы. Бағасы удай мейрамханаларға екінің бірі бара алмайтыны анық. Екіншіден, инфрақұрылым әлемдік деңгейде турис­терді қабылдайтындай емес. Қонақүйлер жетіс­пейді. Көлдің жағалауын­дағы шипажайларда демалысқа қажетті жағ­дай­лардың бәрі жасалмаған.
Бұл орайда түріктерден үйренеріміз көп. Мәселен, Түркиядағы ең әдемі қонақүйлер мен жағажайлар Аланьяда орналасқан. Қазір жұмыс істеп тұрған қонақүйлердің саны 530-дан асады. Теңіз жағалауындағы әрбір қонақүйдің өз жағажай аумағы бар. Жағажайда суға шомылып, күнге қыз­дырынып қана қоймай, адамға қажетті барлық қызметтерді тұтына аласыз. Ас-дәмін ішесіз, суда қайықпен серуендейсіз, волейбол ойнайсыз. Жыл сайын Түркияға келетін туристердің саны артып келеді. «ТезТур» туристік компаниясының мамандары берген мәлімет бойынша, 2018 жылы Түркия­ға демалуға 950 мыңнан астам ресейлік турист келіпті. Ал 2019 жылдың шілде айында Ресейдің әр жерінен келген туристердің саны 1 млн-нан асып кеткен! Рекордтық көрсеткіш деген осы! Біздің Бурабайы­мызға бір айда қанша турист келетінін білеміз бе? Жоқ.
Демалыс маусымының басында Түркияға Германиядан туристер ағыла бастайды. Әсіресе, егде жастағы адамдар көп келеді. Олар үшін бұл жер – әрі арзан, тиімді, жанға жайлы демалатын мекен. Тіпті, неміс туристері осы жерде қыстап, көктемде немесе жазда еліне оралады. Өйткені олардың өз елімен салыстырғанда Түркиядағы коммуналдық төлемдер екі есеге дейін арзан көрінеді.
Аланья сияқты шипажай-қаладағы демалыс маусымы мамыр айындағы мерекелерден ке­йін қыза түседі. Мамыр мен қазан айына дейін созылатын маусымда туризмнің «қазаны» бұрқ-бұрқ қайнайды. Әсіресе, маусымның шарықтайтын шағы – шілде, тамыз айлары. Қыркүйекте бархат маусымы басталады. Күннің ыстығы қайтып, бірақ судың температурасы жып-жылы күйінде сақталады. Жағалаудағы қалада қонақүйлердің құрылысы да көз ілеспес жылдамдықпен жүргізіледі екен. Мысалы, демалыс маусымының басында құрылысы бас­талып, соңында адам­дарға қызмет көрсетуге кірісетін отельдер көп. Айтпақшы, Аланьяда қазақ турис­тердің де біразын кездестірдік. Тіпті, соның ішінде Түркияға 20 рет барып, демалғандары да бар. Бұл туристерге көрсетілетін қызметтің сапасының аса жоғары­лығы шығар?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды