©2020 Астана Ақшамы
Қысқы сенбіліктің қызуы
Демалыс күндері астаналық студенттер қаланы қардан тазалау жұмыстарына кірісті. Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен Есіл ауданына қарасты Ильинка елді мекенінде көктемде болатын су тасқынының алдын алу үшін қалалық сенбілік өтті. Игі шараға бес жүзге жуық азамат қатысты.
«Бұл сенбілікті қала жастарының халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне қосқан өзіндік үлесі десе де болады. Өйткені, шараға жиналған жастар баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану – ең алдымен табиғатты қорғау, қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертуден басталады деп отыр. Сарыарқаның самал желі мен Есілдің суын баламалы негізде энергия көзі ретінде пайдаланудан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Алдағы уақытта мұндай іс-шараларды жиі өткізуді мақсат етеміз» дейді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы Талғат Рахманберді.
Сонымен, бұл сенбілікте арнаулы техниканың көмегімен 553 рейс жасалып, 5340 текше метр қар қала сыртына шығарылды.
Гүлмира Аймағанбет