«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қысқы маусымға дайындық қалай?

0 159

Бақыт Сұлтанов бірқатар қалалық коммуналдық кәсіпорын­дарды аралап, көшпелі отырыс өткізді.

Қаланың өмір сүруін қамтамасыз ететін «АРЭК» АҚ, «Астана су арнасы», ЖЭО-2 кәсіпорындарының жұмысы жөнінде әкімге оның орынбасары Қосман Айтмұхамбетов баяндады. Қазіргі кезде қаланы жылу беру маусымына дайындауға қатысты жұмыстар аяқталуға жақын. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылу қабылдауға дайындығы 97 пайызды құрайды. 12 шақырым су құбырына, 5 шақырым канализация желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қала басшысы бұл жұмысты бақы­лауда ұстауды тапсырды. «Біздің жұ­мысымызды қала тұрғындары көр­сетілетін қызметтің сапасына қарай бағалайды. Біз әсіресе, жылу беру маусымында барынша жайлы, қолайлы жағдайлар туғызуымыз керек. Су, жылу, электр қуаты үздіксіз берілуі тиіс» деді Б.Сұлтанов. Сонымен қатар, қала басшысы «iKomek» қалалық жедел әрекет ету орталығының жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда «iKomek» дер кезінде елорданың өміріндегі кемшіліктерді жою, мониторинг және талдау жасауды үйлестіретін құрал болып табылады. Тұрғындардың шағымдарының 77%-ы алғашқы қоңыраудан бастап қолға алынады. Бұл көрсеткішті 85%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы әкімге аталған орталықтың жетекшісі Жанат Дүбірбекова әңгімеледі.
Соңынан қала әкімі №27 көшенің учаскесіне жол салу және жөндеу жұмыстары бойынша көшпелі отырыс өткізді. Бүгінгі күні Астананың көше-жол желісі жалпы ұзындығы 1102,32 шақырымды құрайтын 1039 көшеден тұрады. Соның ішінде 837,82 шақырым жолға асфальт төселген. Инженерлік құрылымдарды 8 көлік жол айрығы, 17 автокөлік көпірі, 5 жаяу жүргіншілер өткелі, 9 өтпежол құрайды. Қ.Айтмұхамбетовтің айтуынша, ұзындығы 71,8 шақырым болатын 98 көшені салу және жөндеу жоспарланған. Соның ішінде ұзындығы 20,8 шақырым магистральдық көшелер және ұзындығы 35,2 шақырым тұрғын үй массивіндегі көшелер бар. Бүгінге дейін 11 көшеде 15,7 шақырым жол төсеніші төселіп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды