Қысқа әңгімелер

0 262

ИТЖАНДЫ АДАМ

– «Тоқсан бес деген торы екен, дүйім жұрттың қоры екен» депті ғой Бұқар жырау. – Әлқиссада желдіртіп жіберіп едім, тоқсандағы кісі әдеттегідей көз қиығымен қарап, күбір етті.
– Соны естіп тұрған біреу бар ма екен…
Өзі біртүрлі жаратылыс. Басын жоғары көтермейді, не айтсаң да сенімсіз көзқараспен тас қорғанның арғы бетінде тұрады. Білетін датасы – Сталин, Ежов, Берияның туған-өлген жылдары. Сол үшеуін жанындай жақсы көреді. Көңілі көтеріліп, елжірейтін сәті – Министрлер Кеңесінің ауруханасына жатып, қалай ем-дом алып, иненің жуандығы мен жіңішкелігін, миллиметрлік көрсеткішін дәл айту.
Коронавирус бітсе де тұмылдырық тағып жүр. Жас та, жасамыс та кетіп жатыр, індет бұл кісіден іргесін аулақ салды. Лайым, қазақтың саны көбейе берсін. Жақында халық санағы жүреді. Итжанды адам да көптің бірі боп санаққа ілінеді. Өзі Бұқардың емес, Жамбылдың жасынан да дәмелі.

БІРТҮРЛІ МИНИСТР

Совхоз директорының «УАЗигі» шопан қыстауының қасына кеп тоқтады да, алдыңғы есіктен орта бойлы, шымыр денелі, орақ тұмсық жігіт ытқып шығып, екеудің алдына түсіп, қойшының қарақожалақ қыстауын бір айналды. Сосын мал қораға таман тұрған жалақ итаяқты көтеріп әкеп, кіреберіс есіктің оң жағына қойды.
– Қой бағатын сіз бе? – деді «Беломор» тартқанына мәз боп тұрған шопан жігітке.
– Мен, – деді таңқалып.
– Ныспыңыз кім?
– Асанбай.
– Асанбай, менен үлкенсің бе, кішісің бе, білмеймін, «ит – жеті қазынаның бірі» дегенді білетін шығарсың?
– Білгенде қандай.
– Итаяқ кіреберістен оң жақта тұруы керек. Қазынаң мол болады.
– Айтқаның келсін.
– Газет-жорнал келе ме?
– Аптасына бір рет, – деп парторг алға шығып кетті.
– Асанбай, өзің айт..
– Мен мектепке бармағам.
– Жұбайың, бала-шағаң оқымай ма?
– Қатын қара танымайды. Бала-шаға қашан болад деп күтіп жүрміз.
– Автоклуб келе ме?
– Автоклуб деген не?
Сұрау салушы бұрылып кетті. Соңынан ерген парторгті қойшы қуып жетіп:
– Мынау өзі не істейтін адам? – деді.
– Мәдениет министрі…
– Осындай да міністр болады екен-ау.
Бір жетіден кейін желбезек көйлек пен желетке киген қыздар қыстауға келіп ән айтып, бөкселерін былқылдатып би биледі. Асанбайдың аузы ашылып қалды. Движокты от алдырып, түнде «Гауһартас» деген кино көрсетті. Қойшы туралы екен. Асанбай өзін көргендей болды. Үш аптадан кейін үлкен движок күн бата парылдап, қыстауда жарқырап шам жанды. «Осындай да міністр болады екен-ау» деп қойшы тағы да таңқалды.

МАЙРАМПАЗДАР

Перу деген елде майрампаздар ауруханаға келіп, беті бері қараған науқастар мен еңсесі түсіп езілген дәрігерлердің көңілін көтеріп, концерт қойып беріпті.
Біздегі майрампаздар «істейтін жұмыс жоқ, жерге қарап қалдық қой» деп коронавирусты кінәлап, үкіметке үндеу тастап жүр.
Майрампаздың бәрі бірдей емес пе?

ЕМ

Жас дәрігер кейуананың бетіне сескене қарады.
– Нешеге келдіңіз?
– Тұп-тура сексен бірдемін.
– Біз сексеннен асқандарды қабылдамаймыз.
– Алпыс бестен асқандар қатты сақтаныңыздар, үйден шықпаңыз­дар деп жүрген өздеріңіз емес пе?
– Енді өзіңіз айтып отырсыз ғой. Үйден шықпай отырмайсыз ба?
Кемпір тілге келмей бөлмеден шығып кетті. Жап-жас дәрігер қыздың сөзі көңіліне біздей қадалды. «Тәуіп тамырымызды ұстап, сөзбен емдеуші еді, тәуіп құрлы болмағаны ғой» деп, дәрігерге кеткен есесін шәйдан алды. «Құдай біреуге күнімді қаратпасын» деп үсті-үстіне ұрттап отыр.

ЖЕР ДАУЫ

– Астапыралла! – деді шал «Шалқар» радиосынан «Адамға табын, жер, енді» деген сөзді естіп қап. – Құдайдан қорықпай ма екен?
– Ата, бүгін ғарышкерлер күні. Гагаринге арналған сөз ғой.
– Сол Гагариніңнің өзі қайда кетті? Із-түссіз жоғалды ғой. Құдай біледі, соны «мазамызды алған сен бе?» деп Көктегілер алып кетті ме деймін. Бейшараға жердің бір уыс топырағы да бұйырмады.
Шыбынның ызыңы естілді.
– Жерге тиісе бермеңдер. Қан не үшін төгілді? – дегенде, кеше ғана шашын тықырлап алғызған шалдың төбесі дірілдеп кетті.
Қорқып кеткен немересі атып тұрып, радионың құлағын суырып қойды.

СОҒЫСТА ТҰМАУ БОЛМАЙДЫ

Ауылда соғыс туралы айтатын ақсақалдар көп. Бірақ, бәрінің сөзі бірсарынды, тек осы кісі ғана аз айтса да қызық қып айтады, аузыңды ашып тыңдай бергің келеді.
– Соғыста тұмау-сымау деген болмайды, тұмауың артын қысып кетеді, – деді қасына келген маған мүсіркей қарап.
Мен болсам мойнымды қалың орамалмен орап алғанмын. Атайдың қасына келген бетте «Ассалаумағалейкум!»-нен кейін «Әпшу!» деп түшкіріп жібердім. Сондағы естіген сөзім осы.
– Сонда не істейсіздер? – дедім тамағым сәл қырылдап.
– Ертеңгі шабуылда өлмей тірі қалсам деп тілейсің. Сосын жауды жеңсек, шегінбесек, отбасы, бала-шағамызға аман-есен жетсек деген ой тұрады басында. Әйтеуір екі аяғыңа мініп, мең-зең боп жүресің. Тірі адам тірлігін істейді. Қасыңдағы серігің өліп жатқанда сен қалай түшкіріп тұрасың. Траншеяда ешкім де тік жүрмейді, оқтан қорғанып, белін бүгіп жүреді.
Осы кісінің сөзін тыңдай бергім келеді. Аз айтса да ертегі сияқты әсер етеді.
– Тұмау жұғады дейді. Тұмау жұқпайды, оның өз адамдары болады, – деді мен қасынан кетіп бара жатқанда.
Мына сөзі арқамды қамшымен осып өткендей болды. Орамалды мойнымнан жұлып алдым. Тұмау да менен қашып бара жатқандай көрінді.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,
жазушы, халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − eleven =