«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қыс өрнегі

0 291

Күн райы қалай құбылса да, сағы сынбайтын қаланың белсенді тұр­ғындары жаз бойы жүгіріп шынықса, қыста шаңғы теуіп бой қыз­дырады. Бұқараны бірлікке шақырған спорт шараларының бір маусымы сенбі күні дәстүрлі «Қыс өрнегі» фестивалімен ажарлана түсті.

 mg 5955

Бұл жолғы спорт мерекесі Триатлон паркінде салтанат құрды. Қимылы ширақ астаналықтар таңертеңнен ерте тұрып, осы араға жиналды. Жылдағы орны өзгергендіктен бе, биыл «Қыс өрнегіне» келгендердің қатары былтырғыдан едәуір аз болды. Биыл ондаған спорт түрі бойынша жарысқа қатысуға барлығы 2 мың адам ниет білдірсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 3 мыңнан асып жығылған.
Он сегізінші рет ұйымдастырылған шаңғы фестивалін тамашалауға арнайы келген Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жиналған көпшілікті спорт мерекесімен құттықтап, сәттілік тіледі. Ол мұндай шаралардың салауатты өмір салтын қалыптастыруда маңызы зор екенін атап өтті.
Осы жерді атақонысы көретін тұрғындар жарыстың он сегізінші деп нақтыланғанымен, бұның дәстүрге айналғанына елу жылдай болды дейді. Дегенмен Астана астана болғалы, аталмыш шараның мәртебесі көтеріліп қалғанын жасырмады.

 mg 6227
«Қыс өрнегінде» түрлі жарыстарға лайықталған алаңдар құрылды. Шақырымды шақтайтын шаңғы жолдарына қоса, хоккей мен шағын футболға, мотокроссқа және арқан тартып, кір тасын тасын көтеріп, белдесіп, қол күрестіріп күш сынаушыларға арнайы жағдай жасалды.
Мерекені көрікті еткен көпшіліктің ішінде кәсіби және әуесқой спортшылар, оқушылар, студенттер, мұғалімдер, әскерилер және түрлі мекемелердің қызметкерлері бар. Олардың ең көбі шаңғы жарысында бақ сынады. Дәлірек айтсақ, шаңғы жарысына – 1500, кір тасын көтеру мен қол күресіне – 45, шайбалы хоккейге – 60, шағын футболға – 50, мотокроссқа – 30, арқан тартуға – 200, белбеу күресіне 30 адам қатысты.

 mg 6057
Сонымен, шаңғы жарысында жүзден жүйрік шыққандардың қарасы көп болды. Алдымен, 1 шақырымға созылған символдық жарыста бәрінен бұрын депутат Абай Тасболатов келді. Күштік құрылымдар жігіттерінің ішінен Руслан Қожаев шаңғы тебуде алдына жан салмады. Қыздардың арасында Нұрсәуле Дәулетқалиева бірінші болды.
Кезек балалар мен жасөспірімдерге келгенде, олардың арасынан түрлі жас ерекшеліктеріне қарай Берік Боранбаев, Всеволод Герамишенко, Дмитрий Адамович, Никита Афанасьев, Әмір Абдуахитов, Иван Афанасьев есімді ұлдар бәрінен үздік шықты. Ал қыз­дардан Эльмира Молдашева, Ангелина Соловьева, Мария Геращенко, Екатерина Москаленко есімді арулар алтыннан алқа тақты.

 mg 6193
Сонымен қатар, ардагерлердің ішінен Андрей Герасименко (40-49 жас), Роман Каземирчик (50-59 жас), Василий Кушин (60-69 жас) жеңімпаз болды. 50 жасқа дейінгі әйелдердің ішінен Ольга Селезнева мәре сызығын бірінші болып кесті.
Белбеу күресінен Ернар Қозы (75 кг) мен Жалғас Шынкеев (+75 кг) чемпион атанды. 16 келі тартатын кір тасын Серік Абдахин мен 24 келілікті Мағжан Ахметов ең көп көтерді.
Сондай-ақ, арқан тарту, қол күрес, шағын футбол, шайбалы хоккей, мотокросс секілді спорт түрлерінен жеңімпаздар анықталды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды