Қырық қиқым, мың бояу

0 85

Қолөнер – бір ұлттың ұлттық ерекшелігін көрнекілендіріп тұратын басты белгілердің бірі. Халқымыздың қолөнер кәсібі күнделікті тұрмыста жиі қолданатын өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты түрлерге бөлінсе, соның бір парасы – қырық қиқым, мың бояудан тұратын құрақ құрау өнері.Қазақ қолөнерінің қарапа­йым да қайталанбас түрі саналатын құрақ құрау өнері әртүрлі матадан қиыстырып құрақ қию, одан көздің жауын алатын өте бағалы бұйымдар жасауды меңзейді. Қазақ тілінде құрақ сөзінің екі түрлі мағынасы бар. Оның бірі көлдің жағасында өсетін өсімдікті меңзесе («таулы жер бұлақсыз болмас, сулы жер құрақсыз болмас»), енді бірі мата қиындысынан жасалатын бұ­йымды құрақ деп атайды. Яғни құрақ дегеніміз – шығынсыз өнім жасаудың бір түрі. Қазақтың құрақ өнерін зерттеуші мамандардың мәліметіне сүйенсек, қазір Қазақстанда құрақтың 200-ден аса түрі бар екен.
Құрақ құрау мата қалдықтарын немесе арнайы қиқымдарды құрас­тыра салу емес. Себебі ол – көп ғылымды бойына сіңірген өнер. Онда математика, геометрия, физика, эстетика, философия ғылымының ғылыми негіздері өзара ұштасып жатыр. Құрақ құраумен айналысатын шеберлердің бәрі осы ғылымдарды пайдалана отырып құрақ қияды, құрастырады және сәндейді. Былайша айтқанда, бұл шебер қазақ әйелдерінің көп білімін тоғыс­тыратын өнер болып табылады.
Іс тігу және ас пісіру өнері ежелден бері қазақ әйелдерінің бәрі білуге тиісті қарапа­йым қағидаға айналып кеткен. Алайда тұрмыс тәсіліміздің өзгеруіне және заманның дамуына ілесе, қазақ әйелдерінің арасында ине ұстай алмайтын ақсаусақтар көбейіп, он саусағынан өнер тамған қазақ әйелдерінің қастерлі өнерін жалғастырып, оның мәнін түсініп, оны дәуір талабына сәйкестіре отырып, ұрпақ қажетіне жаратуға құлшынып жүрген желектілеріміз күн өткен са­йын азайып барады. Мәселен, біздің қазақ қыздарының кейбірі қарапайым құрақтарды құрай білуі мүмкін. Алайда сол құрақтың мәнін, мағынасын, техникалық өлшемін біле бермейді. Себебі «шеберді шілтерінен танисың» дегендей, әр құрақтың өз бағыты, өлшемі, идеясы, көркемдігі болады. Қазір осы түйін көп ескеріле бермейді.
Біле білсек, құрақ құрау өнері – халқымыздың танымдық көзқарасымен біте қайнасып кеткен өнер. Өткен замандарда өмірге әкелген перзенті шетінеп тоқтамаған ерлі-зайыптылар ел ішінен мата қиындысын жинаған. Оларды бір-біріне жалғап, құралған матадан жас нәрестеге «құралсын, көбейсін» деген ырыммен көйлек тігіп кигізген. Көйлекті астарлап, етегін қайырмай, сілекей күйінде қалдырған. Қазақ киімінің етек-жеңін көктемеген күйде «сілекей» етіп қалдыруының сыры нәрестенің соңынан тағы бала ерсін деген үміт, наным жатыр. Осы ырымның әсері болса керек, жас шаңырақ иелеріне сыйлаған дүниенің басым бөлігі құрақтан жасалады. Ертеде апа-әжелеріміз құрақ құрай отырып, қыз, немерелеріне арналған құрақты: «отан болып құралып кетсін, өсіп-өнсін» деген тілекпен жасаған.
Қазақ әйелдерінің құрақ құрауда екі мақсатты көздегені байқалады. Оның бірі – үнемшілдік. Атап айтқанда, мата қиындыларын босқа тастамай, кәдеге жарату және ұрпақты әдемілікке, ұқыптылыққа тәрбиелеу. Екінші мақсат болса, жоғарыда айтқанымыздай, құрақ көбінде жас отауларға арнап тігілген. Оның астарында мал басың құрақтай қаулап өссін, мал-дүниең құрала берсін деген таным жатыр. Жас отауларда құрақ көрпе, құрақ аяққап, құрақ төсек­жапқыш сияқты бұйымдардың көп болуының себебі де осында.
Тағы бір ескеретін түйін – құрақ­тағы түстердің сәйкестігі. Құрақ бұйымдарының бояуы сан алуан. Қазақтың түс (рең) туралы ұғымы үлкен жақтан жылы және суық түс деп екі топқа бөлінеді. Құрақ құрау да түстердің осы ерекшелігін ескере отырып, оны әсем табиғаттың мың бояуы ретінде пайдаланады. Мәселен, халқымыздың ұғымында көгілдір түс – көк аспанның, қызыл түс – оттың, қанның, өмірдің, жасыл түс – өсімдіктің, көктемнің, бастаудың, ақ түс – биіктіктің, пәктіктің, сары түс даналықтың, білімділіктің белгісі (кей өңірлерде сары уайымның бейнесі ретінде де алынады) саналады. Сол себепті құрақта бұл түстер бір-бірімен тығыз байланысқа түсіп, жымдасып келгенде ғарыштың, әлемнің бейнесін бедерлейді. Сондықтан құрақ құрау, оны тамашалау қыз-келіншектерді сұлулықпен сырласуға, оны өн бойына сіңіруге, бояулар әлемін танып, түсінуге жетелейді. Ал жаны сұлу адамның ісі де, мінез-құлқы да, сөзі де сұлу, отбасы да берекелі.
Қысқасы, құрақ құрау еріккеннің ермегінен немесе жоқшылықтың тақсыретінен туған жоқ. Керісінше, бұл өнерде де біздің ұлттың өзіндік дүниетанымы жатқандықтан, мұны ұлттық қолөнердің құнды бөлшегі ретінде кейінгі ұрпаққа дәріптеуді ешқашан назардан қағыс қалдырмаған жөн.

Майра ЖАЙТЫНБЕКҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды