ҚЫРУАР ҚЫЗЫҒЫН АЙТ ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ

0 271

ERA_9698

Шілденің шіліңгер ыстығында аса қауырт шаруасы болмаса, жай адам құмға бас сұға ма? Еншіге тиген еңбек демалысымызда журналистік әуестік жеңіп, ыспа құм ішіндегі тіршілікпен танысып қайттық.

Бала кезімізден таныс ән жолдары тура «Отырар» орман және аң шаруашылығының орманшысы Айдынбек Жұмабеков туралы айтылғандай. Қызылқұм шөлінің жиегінде жатқан Балтакөл ауылының тумасы Айдекең иен даланың иесі екенін әр қимыл-қарекетімен танытады. Сызып қойған жолы жоқ, көз тоқтатар ноқаты аз қу медиенді бес саусағындай біледі десек, артық айтпаймыз. Ұшы-қиыры жоқ ұлаңғайыр дала төсінде көзге түртсе көргісіз тастүнек қараңғыда да ешбір картаға қарамай жол таба білетіні былай тұрсын, сан алуан өсімдігін, жорғалаған жәндігі мен жосылған аңын түрі мен түсінен, із-сорабынан жазбай таниды.

«Осы құмда не бар дейсің?! Көп болса, сексеуіл, одан артық не көремін?» деп ойлаған жан қателеседі. Шөл даланың шағылында, шағырмақ күнінің астында табиғаттың небір тылсымы бұғып жатыр екен ғой. Әжемнен талай естіп, бірақ ол не нәрсе екен деп анығына жете алмай жүрген күшәләні көзбен көріп, қолмен ұстадым. Өзі бір қызық өсімдік, ғылыми атауы «мышьяковый эминиум» деп аталады екен. Көктемдегі көк өскіннің жаз ауа жапырақтары түсіп, бозарып, жер астындағы тамыры картоп тәріздес түйнектер салады екен. Айдынбек ағамыздың айтуынша, жабайы қабан мұны іздеп жүріп, қазып жейді. Баяғыда ата-әжелерімізден «күшәләні тістің қызыл еті сыздап ауырғанда, өкпе қабынғанда ғана ішеді» деп естуші едік. Осынау шипалы түйнекті іздеп құмға әдейі келетіндер әлі де аз емес көрінеді.

Тағы бір қызық, бәріміз білетін кәдімгі қырықбуын – дәмі ерекше сағыз «зауыты» екен. Тарамдала өскен бұтақтары тырс жарылып, арасынан ақ қоймалжың шығады. Біраз уақыт тұрып, қоңырқайланған қоймалжыңды суға шыласаң, нағыз сағыздың өзі болып шығады. Шайырға келетін ашқылтым иісі бар «даланың орбитінің» шипалы қасиеттері де мол дейді Айдынбек. Бактериацидтік қасиеті ауыз қуысын түрлі аурудан сақтайды әрі іш өтуін тоқтатады. Құмға келіп тұрып, құмсағызды шайнамай кеткен болмас деп, біз де біраз малжаңдап алдық.

ERA_0262

Даланың дариғасы – киікті көреміз бе деп, құм қойнауын адақтадық. Бірақ ол көл-суатқа келмесе, былайғы уақытта адам қарасынан аулақ жүреді екен. Дегенмен, әккі аңшының із кесіп жосылған киіктің тұяқ шаңына ілесіп, алыстан болса да сұлбасын көрсеткеніне қуандық.

Аңызақ қуырған қуаң далада құстың неше шұрайы көзге түседі. Бозторғай, сексеуіл арасында ұя салатын дала торғайы дейсіз бе, әлде сағыммен араласып, көз ұшында қушиып біреу отырғандай әсер қалдыратын қарақұс дейсіз бе – қарға миын қайнатардай шақырайған күн астында олар да тіршілікпен үйлесім тапқан.

Ендеп еніп барғанда үрейлі көрінгенмен, құм дегенің тілін білген адамға әжептеуір пана екен. Мысалы, қарапайым сексеуіл тек отын ғана емес, қажет кезде жылы төсек те. Күн суықта далада қалған жолаушы сексеуілдің отына жылынып, асын әзірлеп болған соң, шоғын құмға жаймалап, үстіне жатса денесін суыққа алдыртпайтын көрінеді. «Ал, су таппай қаталаған кезде сексеуіл түбіндегі ылғал шөлден біраз уақытқа құтқарады» дейді қу медиенде талай мәрте жалғыз жортқан «Охотзоопром» шаруашылығының жануарлар дүниесін қорғау инспекторы Ахмет Дәулетов.

Құмның қай мінезін айтайық… Сұрай беруге ауыз ашқан сайын аңқаны кептіріп жіберетін аңызақтан тосылдық па, әйтеуір, жанымдағы фотосуретші Сұлтан аппаратының шүріппесін баса беріпті. Ендеше біздің сөзбен жеткізе алмағанымызды сурет «айтып» берсін.

Әзиза ҚАЙБАРҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің
2-курс студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − 2 =