Қырғыз қылқаламшыларының сыршырай сыйы

0 204

Бейсенбіде Тәуелсіздік сарайында Астананың 15 жылдық мерейтойына орай «Астана Қырғызстан суретшілерінің өнерінде» атты көрме ашылды.

Алатооның арғы жағындағы бауырларға Астананың қазіргі келбетін кенеп бетіне түсірту идеясына әуелі Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігі бастамашы боп, бір топ «атымтай жомарт» азаматтар қолдау білдіріскен. Бізге белгілі Ғапар Әйтиев, Тұрғанбай Садықов сықылды суретшілердің ізін өшірмей жалғастырып келе жатқан қырғыз бейнелеу өнерінің бүгінгі өкілдері былтыр жыл он екі ай сағым ойнаған Сарыарқа төсінде ұшқан құстай көркейген елордамызды ерінбей аралап, сұлулығын сұлбалаған. Бүгін, міне, өзімізге көзүйреншікті көріністер қырғыз ағайындардың қылқалам құштарлығынан пайда болған туындылар арқылы қайта табысқанда, туған қаламыздың тіршілік ырғағын өзгеше өрісте сезінгендей болдық. Асфальтқа тырс-тырс тиген жаңбыр, қыстыгүнгі мүлгіген тыныштықта Есіл суына қармақ салған балықшы, шанамен сырғанағанда алдыңнан үдей соққан үскірік жел, жапырағы жамыраған бақ ішінде қыздың құлағын қытықтай сыр сыбырлаған бозбала, ақшамда түрлі түске енетін ертегідей қала, еңселі ғимараттар кенепке әшейін көшіп алғандай. Көрменің салтанатты ашылуына қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед «Мен мұны қырғыз суретшілерінің импрессионизмі дер едім. Әрине, тым асыра айтылып та тұрған шығар. Бірақ «Импрессионизм» әсер деген мағынаны білдірмей ме? Бұл қырғыз суретшілерінің шын мәнінде Астанадан әсерленуінің көрінісі» деп бағалады. Жобаға атсалысқан қылқаламшылардың бір парасы Чуйков атындағы Қырғыз мемлекеттік училищесін, Садықов атындағы Ұлттық өнер академия­сын бітірген.

Араларындағы С.Осман­әлиев, Р.Бухарметов, Б.Ширалиев, С. Тұрабеков, О.Идрисов, Ж.Базар­баев, Ж.Жүнушев, Д. Цэрэндуржиева сияқты суретшілері заманында Мәс­­кеу, Петербор көркемөнер мек­­­­теп­терінен тәлім алған, әйгілі ха­­лық­­аралық көрмелердің лауреттары.

Биыл – елімізде Қырғызстан мә­­де­­ние­­тінің күндері өтеді әрі елор­­­­даның 15 жылдығы. Соның қарсаңында туған қаламыздың сыршырай жылнамасын түзуге қатысқан бауырлар баяғы бір жылдары өткізіліп тұратын еларалық суретшілер симпозиумы, пленерлердің керек-ақ­ екенін аңғартқандай. Туған өлкенің бүгінгі бей­­не­­лерін тарих жадында қалдыру үшін… Көрме 26 маусымға дейін жалғасады.

Еділ БӨКЕЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 6 =