«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қырғыз басшысы күшіне мінді

Көрші ақысы

0 710

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері 19 шілде күні жемқорлық жасап, мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген күдікпен Бішкек қаласының мэрі Албек Ибрайымовты қамауға алды. Сөйтіп, елде бұрынғы президенттің жақтастарына қарсы бағытталған шаралар жалғаса түсті.

Мекеме хабарламасында қала басшысының бірнеше рет тергеу амалдарын жүргізу үшін шақырылғаны мәлім етіледі. «Соның бәрінде [Ибрайымов] тергеушінің шақыруын қасақана жоққа шығарып, өзін ұстаған жағдайда қарулы қарсылық көрсететінін білдіретін әртүрлі қоқан-лоқы жасап отырды» делінген онда. Демек, өзінің «судан – таза, сүттен – ақ» екенін айтып, арыстандай ақыр­ған қалабасы жауап беру үшін тергеуге бармақ тұрмақ, ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзіне айбат шегіп, азу тісін ақситып отыра берген. Осының өзінен-ақ «қорыққан бұрын жұдырықтайдының» керін келтірген Албек мырзаның арғы жағында күмәнді нәрсенің аз емес екені аңғарылып қалады. Ақыр соңында осылай ырғасу мен ырылдасудан жалыққан құқық қорғау органдары оған өздері барып, алдарына салып алып кетуге мәжбүр болған.
Осы орайда «Интерфакс» агент­тігі Албек Ибрайымовтың экс-президент Алмазбек Атамбаевтың шағын шеңберіне кіретін тұлғалардың бірі болғанын атап көрсетеді. Тергеу органдары қала басшысына торпедо бөлшектерін шығаратын «Дастан» корпорация­сының төрағасы кезінде қорғаныс мақсатындағы бұйымдарды сатып аларда өте көтеріңкі баға белгілеп, соған алғыс ретінде затты әкелушіден 270 мың доллар көлемінде пара алған деген айып таққан. Оған сондай-ақ жеке адамдарға жер телімдерін уақытша заңсыз пайдалануға берудің жемқорлық сипаттағы тетігін жасаған деген күдік таңылып отыр.
Мұның бәрі Қырғыз елінде Алмазбек Атамбаевтың тікелей жарылқауымен жоғары қызмет тізгінін ұстағандардың жасаған жемқорлық бағыттағы қылмыс­тарын әшкерелеу науқанының әлі қызып тұрғанын көрсетеді. Сөз етіліп отырған Ибрайымов 2017 жылдың ақпан айында Бішкек қаласының әкімі болып тағайындалған кезінде әлгіндегідей әрекетін жалғастыра түскен. Шамасы, бұдан кейін де қолдаудан кенделік көрмейтініне сенімді болса керек. Олай дейтініміз, сол жылдың қараша айында Алмазбек Атамбаев президент орынтағынан кеткенімен, орнына оның командасының бір мүшесі саналып жүрген сол кездегі Үкімет басшысы Сооронбай Жээнбековтің келетіні біршама белгілі болып қалған. Егер ахуал дұрыс қалыптасса, А.Атамбаев оның орнына барып, Министрлер Кабинетін басқарып кете беруге тиісті еді. Міне, осы жеріне келгенде, бұрынғы президент мүлт кетті. Ол бүкіл абыройы мен беделінен айырылғанша көрші елдермен айкәпір болып ұрсыса жүріп, өзі қолдаған үміткердің президенттікке сайлануын қамтамасыз ете алғанымен, түпкі көздеген екінші межесіне жете алмай қалды. Оның бар қол жеткізгені парламенттегі өз партиясының фракциясын басқару ғана болды.
Осылайша президент орынтағына отырған Сооронбай Жээнбеков өз жарылқаушысы қалаған бірінші тілекті ойланбастан орындап, таққа жайғасқан алғашқы күні-ақ оған елдің Еңбек Ері атағын берді де жіберді. Алайда… содан бастап ол өзі арқылы елді басқаруды одан әрі жалғас­тыра беруді көздеген бұрынғы президенттен біртіндеп іргесін алшақтата түскендей. Мұны, әрине, Атамбаев та сезбей қалған жоқ. Сезген бойда жаңа президенттің апшысын қуырып алу үшін парламентте біраз мәселе көтерді. Бірақ Жээнбеков енді одан ығатын сыңай таныта қоймады.
Екеуінің арасындағы нағыз қақтығыс биылғы жылғы сәуір айының басында елді билеуші Қырғызстан Социал-демократиялық партиясының жабық съезінде орын алды. Бұл кезге дейін ашуы терісіне сыймайтындай күнге жеткен Алмазбек Атамбаев өз ізбасарын сайлау алдындағы платформасынан ауытқып кеткен билеуші және жемқор ретінде айыптады. Осылайша өз орынтағын «өз адамына» сеніп тапсырып кеткен экс-президент арада 4 ай өткеннен кейін саясатқа айқай-боранмен қайтып оралды. Бұл екіжақты текетірес­ті ушықтыра түспесе, жеңілдете қойған жоқ.
Саясаткерлер қазір екеуінің арасындағы келіспеушіліктің басты себебін Алмазбек өз орнына Сооронбайды әкелгеннен кейін оны өзі қойған кадр ретінде пайдаланып, елді бұрынғысынша басқара бермек болғанынан, бірақ оған жаңа президенттің өз-өзіне келіп алғаннан кейін келісе қоймағанынан іздейді. «Бәлки, басқа елдерде мұндай сценарий ойнап та кететін шығар, бірақ Қырғызстандағы ахуал мүлде басқаша, мұндағы бар сценарий трайбализм мен аймақтық жікшілдікке келіп тіреле береді» дейді саяси шолушылар, осыған орай. Соның нәтижесінде Сооронбай Жээнбеков бастаған жаңа команда Атамбаевтың алдына кадр, қаржы, мораль мәселелерінен тұратын өз шарттарын қойды. Шиеленіс осыдан туды. Мұның ақырында Жээнбеков Атамбаев­пен келіспей, өз шебін жүргізе бастады. Сол шамырқанудың шырайында ол бұл кезге дейін елді жаппай жемқорлық жайлап келгенін, бірақ онымен күресетін ешкімнің жоқ екенін, себебі соттар мен күштік құрылымдарды түгел жемқорлықтың жұтып қойғанын жария етіп жіберді. Мұнымен де шектелмеді, енді сол жемқорлықтың ұйытқысы секілді болып жүрген серкелерді біртіндеп қармаққа іліндіріп, қамауға алуға кірісіп кетті.
Биліктің жоғары эшалонындағылар қатарынан құлып астына алынғандардың денін Бішкек жылу-электр орталығын жаң­ғыр­туға бөлінген 366 млн доллар көлеміндегі қаржыны талан-таражға салу ісі бойынша айып тағылғандар құрады. Бұл кезге дейін осы төңіректен 4 ірі тұлға тұтқындалған болса, маусым ­айында олардың тізімін бұрынғы премьер Жанторо Сатыбалдиев толықтырды.
Қазір Алмазбек Атамбаев басқаратын Социал-демократиялық партиясының табаны астынан да бүр кете бастаған сияқты. Жұрт онда орын алып жатқан екіге жарылушылық онымен де тоқтамай, президенттің басқа партия құрып кетуі мүмкін екені де айтылып жатыр. Бірақ Атамбаевтың қолында Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, қаржы полициясы секілді әлі біраз ресурстық күштер бар. Бірақ парламентте қазір оның сөзін сөйлейтін ешкім қалған жоқ. Осылайша жаңа президент ақырындап таразы басын өзіне қарай аударып келеді. Оның ең басты қуанатыны, қарапайым халықтың басым бөлігі өзін қолдап отыр. Мұны сезінген Сооронбай Жээнбеков күннен-күнге өзіне деген сенімін арттырып, өзінің күшіне мініп келеді.
Дегенмен саясаткерлер бұл күресте Жээнбековке елде бұрыннан беделі бар бірқатар тұлғаларға арқа сүйеген артық болмайтынын да айтады. Мәселен, бұрынғы қорғаныс министрі Исмаил Исаков, парламенттің бұрынғы спикері Ахматбек Келдибеков, «Ата журт» партия­сының көшбасшысы Камчибек Ташиев, өтпелі кезеңнің президенті Роза Отунбаева, экс-премьер Феликс Кулов елдің ішін жемқорлықтан тазарту мәселесін мықтап қолға алған Сооронбай Жээнбековке бөтен көзқараста емес. Егер президент осы кісілердің қолдауына ие болса, Атамбаев тарапынан болатын қандай да бір арандатушылық шабуыл мен қитұрқы әрекеттерге төтеп бере алуы керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды