Қырғыз ағайынның көңілі күпті

0 20

4 қазан күні Қырғызстанда парламент сайлауы болды. Алдын ала дерек бойынша, заң шығарушы органға үкіметке бүйрегі бұратын «Бірімдік» (24,52% дауыс) пен «Мекенім Қырғызстан» (23,89%) партиялары, сондай-ақ центристік «Қырғызстан» (8,73%) мен «Бүтін Қырғызстан» (7,11%) өткен.

Сайлау қорытындысына көңілі толмағандар

Олар сайлау барысында көптеген заң бұзушылықтар орын алды деп шу көтерді.
Республика президенті Сооронбай Жээнбеков сайлау кезінде бұрмалаушылық болғанын мойындады. Олардың бірін – «Қырғызстанның социал-демократтар» партиясын елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Сейітбек Атамбаев басқаратын еді. Дауыс беру қорытындысын мойындамай, қайтадан сайлау өткізуді талап еткен оппозиция­лық партияның жақтастары 5 қазан күні көшеге шықты. Олар күштік құрылымдармен аяусыз қақтығысқа түсті. 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент үйін басып кірді, мұнда президент әкімшілігі де орналасқан болатын. Сосын Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің СИЗО-сында жатқан экс-президент ­Атамбаевты босатып алды. Онымен қоймай демонстранттар Бішкектің жаңа мэрінің, премьердің аттарын атады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қақтығыстар кезінде 1,2 мың адам түрлі жарақат алған, біреуі қаза тапқан. Күштік құрылымдардың 190 адамы таяққа жығылған.
ОСК 6 қазан күні халық толқуынан сескеніп, сайлау қорытындысын жарамсыз деп жариялады. Қырғызстанның премьер-министрі ­Кубатбек Боронов отставкаға кетті. ҚР Президентінің баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, Сооронбай Жээнбеков бұл уақыттарда Бішкектен ешқайда кетпей, жағдайды қадағалап отырған.
9 қазан күні ел астанасында тәртіпсіздік бұрынғыдан бетер өршелене түсті. Орталық алаңда жаңадан тағайындалған премьер Садыр Жапаровтың жақтастары мен қарсыластары жаппай төбелесті. Төбелестен жеті адам зардап шеккен, олардың ішінде оппозиционер Тілек Тоқтогазиев те бар.
Қырғыз парламенті 10 қазанда С.Жапаров премьерлік кандидатурасын бекітті. Жаңа премьер екі-үш күнде ел президенті отставкаға кететінін мәлімдеді. Республикада мемлекеттік аппарат ішінара жансызданды.

Президент отставкаға кетуге әзір ме?

Сооронбай Жээнбеков 8 қазан күні жаңадан парламент сайлауын өткізу қажеттігін және үкіметті отставкаға жіберетінін айтты. Содан кейін атқарушы билік органдарының заңды басшылары тағайындалып, елдегі жағдай тынышталған соң, өзінің де президенттік қызметті босататынын жария етті.
«Мен үшін мемлекеттің тұтастығынан, халықтың бірлігінен және қоғамның тыныштығынан артық ештеңе жоқ. Біз саяси жағдайды тезірек қалыпқа түсіруіміз қажет» деді С.Жээнбеков. Жаңа үкіметті тағайындау үшін Мемлекет басшысының да, парламенттің де қаулысы қажет.

Демонстранттар алаңды босатты

12 қазан күні Қырғыз ­Республикасы Президенті баспасөз хатшысының хабарлауынша, көтерілісшілер парламент үйін босатқан (президент әкімшілігі сонда орналасқан-авт.). Кеше Сооронбай Жээнбеков бас прокурордың бірінші орынбасары ­Нұрлан Дарданов пен Ұлттық қауіпсіз­дік мемлекеттік комитетінің бірінші орынбасары Талантбек Салиевті қабылдаған. Бұл кездесуде ел ішінде тәртіпті сақтау және заңдылықты нығайту шаралары сөз болды.
«Бас прокурордың бірінші орынбасары тергеу тобының 11 қазан күні Жогорку Кенештің әкімшілік ғимаратын тексергенін және ғимараттың билік құрылымдарына берілгенін жеткізді» делінген баспасөз хабарламасында.
Нұрлан Дарданов сондай-ақ Бішкектегі жаппай тәртіпсіздік бойынша өткізіліп жатқан қылмыстық іс барысын мәлім еткен.
Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бірінші орынбасары Талантбек Салиев қалыптасқан жағдайды бүлікшіл топтар өз мүдделері үшін пайдаланып кетпес үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатқанын айтты.

Төтенше жағдайзаңды ма?

Қырғыз президенті наразылық­тарға байланысты Бішкекте төтенше жағдайлар режимін енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Ел астанасында 10 қазаннан бастап 21.00-5.00 сағат аралығында коменданттық сағат жарияланды. Жағдайды бақылау үшін қала бойынша әскери және ауыр техникадан құралған оннан астам блокпост қойылды. Бішкекке бронетранспортерлер енгізілді.
Сондай-ақ дүйсенбі күні президент Қарулы күштері Бас штабының бастығы ­Таалайбек Омуралиевті қабылдады. Кездесуде Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Жаныбек Капаров пен ІІМ орынбасары, комендант Алмазбек Орозалиев те болды. Кездесу барысында елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру, азаматтардың денсаулығы мен өмірлерінің қауіпсіздігін сақтау жайы сөз болды.
Қырғызстандағы саяси жағдай біршама саябырсығанға ұқсайды. Көше тыныш. Қақтығыстар жоқ. Дегенмен оппозиция мен билік арасындағы шиелініс шешіле қойды деуге әлі ерте.
Кеше Жогорку Кенештің вице-спикері Аида ­Қасымалиева Садыр ­Жапаровтың премьер-министрлік­ке тағайындалуы заңсыз деген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, премьер сайлау кезінде бірқатар конституциялық шарттар бұзылған, депутаттардың кворумы толмаған, құпиялық сақталмаған. Қазіргі кезде Жапаровтан басқа көтерлісшілердің күшімен 5-нен 6 қазанға қараған күні абақтыдан босатылған саяси тұтқындардың бәрі қайтадан тұтқындалған. Ұсталғандардың ішінде экс-президент А.Атамбаев та бар. Оған енді заңсыз жиын өткізді деген айып тағылып отыр.
Сондай-ақ президент ­Сооронбай Жээнбеков жариялаған төтенше жағдайдың да тағдыры белгісіз. Ел заңы бойынша оны парламент депутаттары 3 күн ішінде бекітуі керек, әйтпесе ол жарлық заңсыз болып саналады, бірақ кешегі отырыста депутаттар бұл мәселені қарамады.
Қорыта айтқанда, парламент пен үкімет органдары іс-әрекеттерінің арасында өзара үйлесімділік, қарым-қатынас жоқ. Оның үстіне қазіргі күні күштік құрылымдар кімге бағынатыны белгісіз: үкіметтік билікке ме әлде оппозициялық күштер топтасқан Жапаровқа ма? Күштік құрылым басшыларының жиі ауыстырылуы осы дүдәмалдылықты меңзейді. Ұйымдасқан қылмыстық топтар Жапаровты қолдап отыр деген мәлімет бар.

Сын сағаты

Қырғыз халқының тағдары қыл үстінде тұрған осынау сын сағаттарында елдің экс-президент Роза Отынбаева да, бұрынғы премьер-министрі Феликс Кулов та бейжай қала алмады. Экс-президент ­Р.Отынбаева қазіргі президент Сооронбай Жээнбековке қиын сәтте президенттіктен кетуге құқығы жоқ екенін, қайта халыққа қорған болу керек екенін айтқан. Сондай-ақ барлық мәселені заң аясында реттеуге күш салуы тиіс екенін ескертті.
Бұрынғы премьер-министр Феликс Кулов елде қалыптасып отырған саяси жағдайға бағасын бере келе, Садыр ­Жапаровты премьер-министр лауазымы­на тағайындау заңсыз деп таныды.
Бұл ойын ол «Фейсбук» парақшасында былай деп түсіндіреді.
«Жогорку Кенеште кворум толған жоқ. Басында жиналысқа 51 депутат қатысады және олардың қолдарында тағы 10 депутаттың сенімхаты болады деп хабарланған еді. Бірақ залда 61 депутат нақты отырған кезде ғана ол сенімхаттардың заңды күші болады. Егер олай болмаса, кворум жоқ деген сөз, яғни депутаттардың кез келген шешімі заңсыз болып саналады және ол орындалмауы керек. Тиісінше Садыр Жапаров премьер-министр болып сайлана алмайды» дейді Феликс Кулов.
Осыған орай Ф.Кулов депутаттардың ісін сынап, «олар өздерінің білімсіздігінен заңды премьер-министр жұмысынан шығарып қана жібермей, елді саяси шырғалаң мен құлдырауға ұрындырды» деп айыптады.
Осы мақаласында Феликс Кулов Сооронбай Жээнбековтің президенттіктен кетуі туралы да ойын айтады. Ол мұндай жағдайда, Конституция бойын­ша, үш ай мерзім ішінде мерзімнен тыс президент сайлауы және бір ай ішінде Жогорку Кенеш сайлауы өтуі керектігін еске салды.
«Қыс, коронавирус, бюджетте ақша жоқ, көпшілік банкрот болуда, мигранттардан келетін ақша күрт азайды және тағысын тағы… Сондықтан Сооронбай Жээнбековтің президенттіктен кетуі саяси тұрғыдан мемлекеттік саботаж болып саналады, ал қылмыс­тық-құқықтық тұрғыдан – қылмыстық немқұрайлылық» деп санайды Феликс Кулов.
Сооронбай Жээнбековтің өз еркімен отставкаға кетпейтіні белгісіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − five =