«ҚЫРАНДАЙ ЖЕЛГЕ ҚАРСЫ ҚАҢТАРДА ҰШҚАН»

0 175

ф

Тектінің өмірі – өзгенікі,
Ал өлімі ғана өзінікі.
Әйтеке би

 [dropcap]Қ[/dropcap]олымда – «Хайретдин Болғанбаев. Шығармалары. Тағылымы» (Астана, 2005 жыл) деген кітап. Құрастырып, түсініктерін жазған – Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы.

Ғалым-ініміз: «… Осы жұрт Хайретдин Болғанбаевты біле ме екен?» деп сұрақты төтесінен бір-ақ қойыпты.

Шынымды айтайын, кейде өз-өзіңнен ұялатын бір кездер болады. Ана бір жылдары ұлы Баукеңнің тәлім-тәрбиесін көрген, ұзақ жылдар қасында болған Мамытбек Қалдыбай «Атақ пен шатақ» атты кітабын көпшілік назарына ұсынады. Сонда батыр Баукеңнің шексіз де шетсіз біліміне қайран қалып едім! Өмірінің 25 жылын әскери қызметке арнаған қаһарман қазақ қаншама кітап қопарған десеңізші! Ал «тап-таза» филолог мына мен Бауыржан аға оқығандарының жүзден бірін ашып көріппін бе? Әй, қайдам?

Енді мына кітапты оқи отырып, Алаш арыстарының бірі – Хайретдин Болғанбаевтың ұшан-теңіз білімінің, жан-жақты көзқарасының, журналистік қарымының (шынымды айтайын) куәсі болып, таң қалып отырмын. Әрі бұл кісі жөнінде бұрын-соңды оқымағаныма өкініп те отырмын.

Қорғалжынның Сабындысында – Гүлнар апа Болғанбаева, он екі шақырым Қараегін ауылында мен «тұрып және туып дегендей» … ол кісіні білуші едім. Қаншама рет аудан көлемінде өтетін әртүрлі жиындарда, іс-шараларда апайдың әңгімелерін талай мәрте тыңдағанбыз. Бойынан ерекше бір парасат есіп, бекзат болмысы сезіліп тұрушы еді. Тектілік екен ғой! Кім білген, кім түсінген?

Осы жұрт Хайретдин Болғанбаевты білді ме, білмеді ме? Кім білсін!? Ал мен білмеппін-ау, білмеппін …

Кітапты бір-ақ демде оқып шықтым. Оқып шықтым да қайыра оқи бас­тадым. Алаш арысының рухымен сырласа бастадым. Құдайым-ау! «Тұла бойлары қан сасиды» деген мақаласынан кейін қалайша тірі қалған?! Қандай батылдық! Рухани өрлік пен ерлік! Кезінде басмашыларды адам бейнесіндегі жыртқыштан бір кем көрдік пе? Олар ұлт-азаттық қозғалысының ерлері екенін білдірмеді бізге, білдірмеді. Жыртқыштар, екі аяқты хайуандар аналар екен ғой. Міне, Кеңестік империяның үгіт-насихатының пәрменділігі.

Жә, мақалаға үңілейік: «31-ғинуардан 10-февральге шейінгі күндер Түркістан халқының есінен өмірі шықпас.

Ол күндер – Түркістан тарихында сия­мен емес, қанмен жазылатын күндер.

… Жүгені сыпырылып, мейірімі кеткен, аузы көпіріп, көзі қызарған адам-хайуан Қоқандық көшелерінде құтырған қасқырдай кәріні, жасты, еркекті, әйелді талғамай қырған күндер – ол күндер. …Неше бүгін сүйегіне құлдық сіңіп, тамырына ірің толса да бұл күндерді ұмыта қоймас»

Оқи отырып большевиктердің жауыздығына жаның түршігеді. Тұла бойың тітіркенеді! Осы ретте есіме түсіп отырған бір уақиғаны сабақтай кетпесек болмас.

Болашақ генсек, ал сол кездегі партиядағы екінші адам, көкжөтел К.У.Черненконың бет-пердесі сыпырылған бір қанды сойқан туралы білгенімізді ортаға салуды жөн көріп отырмын. Сол кез деп отырғаным – 1979 жыл. Қырық тоғыз жылдан соң Қазақстанға ат басын бұрған К.У.Черненко «өзінің заставасы Хоргосқа» орден тапсыруға келген. Аса биік деңгейдегі мұндай адам қайдағы бір қатардағы заставаға қалайша келген дейсің ғой, баяғы. Сөйтсе, оның өзіндік терең құпиясы бар болып шықты.

Партияға осы заставада өтсе керек. Алты ай өтпей жатып, партячейканың хатшысы болып шыға келген. Яғни, партиялық мансабы қазақ жерінде бастау алған көрінеді. Сонда қандай «ерекше еңбегі» өтіп кеткен десеңізші!? Адам қырған. Иә, панасыз қазақтарды. Хайретдин аға Болғанбаев айтқандай «тұла бойын сасыта» отырып, адам қырған. Жүз отбасыдан артық қазақтар жан сауғалап, «арғы жаққа өтпек болғанда пулеметші Черненко, болашақ генсек Черненко, құтырған қанішер Черненко жарты мыңнан астам қазақты, біреуін де тірі қалдырмай қырып салған. Оңай ма, «жарты мыңнан астам бандитті» қырып салу?!

Мақаланы түпнұсқадан сөйлеткен жөн шығар. « … пулеметчиком в тот день быль молодой Черненко. … Константин Черненко, увидев орущих бандитов – пеших и конных, – сразу забыл про все свои страхи и открыл огонь. Ручной пулемет, словно живой, забился в его руках. Диск мгновенно опустел.

– Давай другой, Совостя! – крикнул он второму номеру.

… Черненко повернул ствол пулемета к реке, срезал короткими очередями плывущих. Никому не удалось выплыть хотя бы на середину реки». Мысықтілеу қанішер «ОГПУ-дағы ерекше еңбегін» біреулер есінде ұстап қалған жоқ па?» деген үреймен келген.

Осы жазбаларда тарихшылар назар аударатын бірнеше жәйттің беті ашылған. Түпнұсқаға тағы бір үңілейік. « … В начале 30-х годов, при Голощекине, возглавявшем крайком партии, Казахстан потерял более четырех миллионов человек – половину всего населения. То был сталинско-голощекинский геноцид». Нанбайсыз ба? Нанбасаңыз «Секретный визит» из жития Константина Черненко» деген мақаланы оқыңыз. Авторы – кәдімгі Владислав Владимиров («Простор» журналы, №9, 1990 жыл, 162-164 беттер).

Ал В.Владимировтің кім екенін көзі қарақты оқырман біле жатар. Кезінде Димаш аға Қонаевтың көп жыл көмекшісі болған адам.

Әбден «жауыр болған» ұлт зия­лысы кім деген сұраққа Хайретдин Болғанбаевтар дер едім. Шығармаларын оқи отырып, осыған көзім әбден жетті.

«Бөлек қазақ» Асқар Сүлейменов айтқандай, «интеллигенция халықтың белінен тамған задасы (асылы) болса, ол да, әрине,бел – бесік, тас – тұғыр, жаялық – жайлауынан әлдебір болымсыз «нақ – нақтарды» алмай тұра алмайды. Алайда, алу бар да, сол шеңбердің ішінде қалып қою бар. Хас интеллигенция – үзеді. Көсеулікті тастап, көсемдікке барады».

Алаш арыстары ұлт зиялыларының озық үлгісі бола білді. Көсемдікке барды. Жатса да, тұрса да жандарына маза бермейтін ұлт тағдыры қатты қинайтын.

Шығармаларын оқи түсейік.

« … Ішкі Орда –  Бөкейлік арасында да қазақтар «комиссарлар шығып, орыс товарищтардың» соңынан қалмай қимыл жасап жатқан хабарлар бар» (80-бет.)

Кезінде «Қызыл империяның сойылын соғып, «Жарық күн , ашық аспан, таң рауаны. Қолында бейбіт күннің балға – орағы. Көтерген заман жүгін – Партия, Отан, жырымыз бүгін саған арналады» деп сайраған «жақсы менен жайсаңдар» бүгіндері кеуделері «қарс айырыла» отырып, кешегі көрген қорлықтарын көздеріне жас алып, мұң шағатындарын қайтерсің.

Кітапты оқи отырып, Хайретдин ағамен сырласа түсесің. Ноғай Ахмед байдың, Хасениенің иесінің қайырымдылығы мен қамқорлығына тәнті боласың. Боласың да кезінде ғылым-білім іздеп, арып-ашып жүрген Сұлтанмахмұт Торайғыровқа ағайындары, Сүйіндіктің жуандары, қол ұшын беруге жарамағандарына қарның ашиды.

«Медресе Хасениеде қазақ балаларының саны жылдан-жылға көбейіп келеді» деп қуана жазады шәкірт-жасөспірім Хайретдин Болғанбаев.

«Жер жалдау» деген мақаласына назар аударайық. «Ақтөбе уезі бірінші Бөрте болысы үшінші ауыл отырықшы болғанына екі жыл болмай-ақ досылнай жерлерін жалдай бастады. … Былтыр осы ауылдан атқамінер отбасылары мен бірсыпыра ілкемді жастары мешіт салуға жаратам деп 300 десятина жерді бір орысқа арендаға берген еді. Бірақ онан бері бір заман өтті, не ақша, не мешіттің қайда жүргенін білген кісі жоқ».

Алдауға түсіп қалған қазақтардың жағдайына қатты алаңдаулы. Осы мақалада осыдан бір ғасырдай бұрын жазылған емес, күні кеше жазылғандай әсерде қаласыз.

«Онысы әлі тұра тұрсын, мына биыл сатқан жердің бір шеті ауылдың іргесіне тиіп тұр. Жұрттың осы күні аз да болса, қара-құрасы бар. Бүгінге шейін сол аз малдарын осы сатқан жерлеріне жайып отыратын еді. Енді мұнан соң қозы-лағына шейін арқандап бақпаса, қалай бағады?»

Құдды бір ана жылдары қазақ жерінің тағдырын бірінші оқылымда-ақ шешіп тастаған халық қалауларына арнап жазғандай.

Таңдана отырып, ары қарай оқи түсемін. Қазаққа жан ашу – осындай-ақ болар!

«Орынборда биыл өткен жалпықазақ съезі (осыны ескеріп) … бастауыш мектептер ана тілінде оқытылсын және де «Қазақ» (газетті айтады – Т.Ы.) емлесі қолданылсын деп қаулы шығарды»

Шіркін-ай! Білім саласындағы шенеуніктер бір сәт назар аударса ғой, осы жазбаларға тек ана сүтін емізе отырып оқытайық деп отырған жоқ па, қайран Хайретдин ағалар!!

Ал біз ше? Біз балалардың миын сынақ алаңына айналдырдық. Тықпалап жатырмыз-ау, тықпалап. Ағылшынша білмесең, қараң қаласың. Не деген парықсыздық?! Кеңес кезінде орыс тілін білмесең, аштан өлесің деуші Хайретдин Болғанбаев ағалардан алған тағылым қайсы, кәне?

Тағылым демекші, өзім білетін, көзін көрген, әңгімелерін естіген, «Сарыарқаның абызы» атанған Жайық Бектұровтың «Ұлы ханның ұрпақтары» деген мақаласын оқып отырмын.

Кезінде орыс ақынының «Русские женщины» деген поэмасын оқыған едік. Декабристер әйелдерінің тіршілігіне риза болатынсың. Сөйтсек, нағыз ерлік пен өрліктің мысалы Рахима аналарымызда жатыр екен ғой!

Әй, бұл тектілік дегенді қой. Тектінің тұяғы болмаса, Рахима шешеміз бала-шағасын ертіп, ерінің шарасыз тағдырын бөлісуге, жер аяғы қиян Архангельскіге бара ма?

Рахима апаның үрім-бұтақ, жау жүрегін әдемілеп тарқатып-ақ берген Жайық ақсақалдың тағдыры да оңай болмаған. Сібір ормандарында қаншама жыл ағаш құлатып, қайғы-қасірет шегіп, бейнет көрген. Өзінің өлеңмен жазған «Тайбурылдың өлімі» атты романында:

«Арпалыс, жанталаста сүрдік өмір, киім не, адамға да болып жебір. Жататын орын болмай, ішер ас жоқ, кәрі-жас шұбырған бір, таңдай кебір. Құрысын бүйтіп көрген қорлық өмір, қабыл боп қара қарғыс, күлкің көмір, көзделіп маңдайдан ақ, не желкеден. Босқан көп, өкшесіне кіріп шөгір» деген болатын шерлі қарт, шежіре-қаламгер.

Мен Қарағандыдағы өз оқуымды (ҚарМУ) аяқтап, елге келдім. Сабындыда Гүлнар апайға кезіктім. Жағдайымды естіп, ризашылығын білдіріп еді. Баласымен қызметтес болдық десе болады. Тіпті, Гүлнар апай айтып отырған «Өмір даңғыл емес, 1959 жылы бір азаматқа орын керек болды да, Тұяқ (ері) себепсіз қызметтен босады» деп жолдасының әділетсіздіктің құрбаны болғанына ренжи жазып еді. Сол «бір азаматты» да жақсы білуші едім.

Ал енді бір мәселенің басы анық ашық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дегенді осындайда айту керек шығар. Бүкіл Қазақ елі түгіл, қорғалжындық ақын Мұқан Сағымбекұлы айтқандай, «Қырандай желге қарсы ұшқан», өз Қорғалжыны анық біле білмеген есімді ел есіне жеткізген ғалым-ініміз Дихан Қамзабекұлына деген алғысымыз шексіз.

Көрдік біздер небір қара беттерді,

Кеудемізді керемет бір кек керді.

Замандастың бәрі иілді заманға,

Біз тік тұрдық.

Бізді ол сонсоң жек көрді, –

деген ақын Серік Аңсұңқарұлының өлең жолдарымен «тәмәм-тәмәм» демекпін.

Тілеубек ЫСҚАҚОВ,

ҚР білім беру ісінің озық қызметкері

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 5 =