©2020 Астана Ақшамы
Қырандай қырағы сақшылар
Қала тұрғындары ұйқыға батқан кезде, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әскери полиция қызметкерлерінің мойнында. 2014 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысының ұсынысымен ашылған 5573 әскери бөлімнің басты мақсаты да сол – бас қаладағы қауіпсіздікті сақтау.
Күнделікті Ұлттық ұланның жауынгерлері елордамыздың үш ауданына бөлініп, патрульге шығады. Атап айтқанда, Сарыарқа, Есіл және Алматы аудандарының ішкі істер басқармасында сарбаздар арнайы жаттығулардан өткеннен кейін, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге рұқсат алады.
– Астана жылдан жылға өсіп келе жатқандықтан, полицияға келіп түсетін шағым да көбейіп отыр. Миллион тұрғыны бар қалада құқық бұзушылықты азайту, қылмыстың алдын алу – біздің міндетіміз. Топтасып үш-үштен аудан-ауданға шығатын сарбаздардың үстінен біздің командирлер қарайды. Жаяу әскер көбінесе түнгі уақытта болатын қылмысты болдырмауға, болмаса оның ізін суытпай ашуға көмектеседі. Бұл жергілікті полиция қызметкерлеріне зор көмек, – деп түсіндірді Әскери полиция қызметінің аға жедел уәкілі, майор Әскербек Ғалин.
Жас әскерлер сағат 16:00-ден түнгі 22:00-ге дейін кезектесіп өз қызметін атқарады. Одан кейін оларды 23:00-де сапқа түзеп, әскери көлікке отырғызып алып, казармаға алып кетеді. Қайтадан сапқа тұрғызып, түгендеп, асханада тамақтандырамыз. Келесі күні таңертең сағат 10:00-де тұрып, күн тәртіпке сәйкес өздерінің әскери борыштарын атқарады. Бұл – Ұлттық ұлан сарбаздарының күнделікті өмірі.
«ЭКСПО-2017» көрмесінде де ұландар асқан қырағылық танытты. Ұлттық ұлан сарбаздары Ролан Тышқанбай мен Асылжан Айтбай кәсіпкердің жоғалған 5 миллион теңгесін қайтарып бергені ел аузында. Ал жаңа жыл мерекесінде Ұлттық ұланның 2000-ға жуық полиция және әскери қызметшісі тәулік бойы қоғамдық тәртіпті күзетті.
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ