Қыран құс не алмайды салса баптап?!.

0 1  238

Егемен еліміздің мемлекеттік рәміздерінің бірі – көк туымызда қыран құс бейнеленген. Әрине, ол қыран – бүркіт еке­ні баршамызға мәлім. Кез келген әдеби шы­­ғар­маларда аңшылардың, сері-сейістердің құмай та­­зысы, қыран бүркіті болғанын оқимыз, дегенмен көк аспанда қалықтап ұшқан осы құс­­ты неліктен қадір тұтатынымызды көпшілік бі­ле бермейді.

Қазақ халқы ежелден құсты қадір тұтқан. Қо­­раға қарлығаш ұя салса, үй жанындағы ағашқа құс келіп қонса, «құт келді, тәңірден береке дарып, көктен шапағат түсті» деп ырымдаған. Құстың сайрауы, судың сылдыры, ағаштың сыбдыры – бәрі де табиғаттың ғажайып құбылыстары. Кең далаға көрік беріп, ну орманды өздерінің әсем, сыңғырлаған дауыстарымен ән-күйге бөлейтін – құстар. Құстардың да мінезі, өзіндік қасиеттері бар. Ал қыран бүркіт мықтылығымен, еркіндігімен, қырағылығына сай қиырдағыны сезгіштігімен көзге түседі. Бүркіт – сұңқар тәрізділер отряды, қаршыға тұқымдасының қырандар тобына жататын ірі жыртқыш құс. Бүркіт Солтүстік Америка, Еуразия, Солтүстік-батыс Африка, Жапония аралдарын мекендейді. Қазақстанда оның 6 түр-тармағы Маңғыстау,Үстірт, Мұғалжар, Сыр бойы, Қызылқұм, Бетпақдала, Сарыарқа, Тянь-Шань, Тарбағатай өңірлеріндегі жазық жерлерде, тау бөктерінде кездеседі.
Академик Әлкей Марғұланның зерт­теу­­­­леріне қарағанда, қазақ тілінде тікелей бүр­­кіт­­ке қатысты 1,5 мыңдай ұғым бар екен. Ежелде үйге алғаш кіргенде шаңырақ иелеріне бір сәлем беріп, егер сол үйдің оң жағында бүр­­кіт отырса, оған да иіле сәлем берген. Бүр­­­­кіт­­тің қауырсынын қастерлеп, жастықтың астына салып жатса, бас ауырмайды, пәледен сақтайды, адам шошып оянбайды деп сенген, кереге басына іліп те қойған. Құстың саусақ, тырнақтарын тұмар ретінде қолданып, оған жын-шайтан жоламайды деген қазақтар, балалардың бас киіміне, бешпентіне тағып, бесігіне байлап қойған.

Ата-бабаларымыз ертеде саятшылық құру арқылы табиғатпен араласып, оған өзінің жақындығын сезінген. Құсбегілік – бүркітті баулып, аң аулау кәсібі, саятшылықтың бір түрі. Оны салт алып жүретін, аңға сала білетін адамды «бүркітші» дейді. Бүркітті түрге, топқа, жікке, туыстыққа, ұрпаққа бөле білетін адамды «құсбегі» деп атайды. Бүркітшілердің қасында жүріп, егер айналада жортқан аң көрінбесе, сай-салаға барып, дауыстап, тебінге қаға айғайласа, тығылып жатқан аңды қашыратын адамды халық «қағушы» деп атайды.

Қазақ халқының бүркітшілік дәстүрінде «түлкі қағу» дейтін салт бар. Түлкіні құсбегіге біреу үркітіп беруі тиіс. Әккі бүркітшілер өздері «қағушылық» қызметті қатар атқарады. Мұндайда бүркітін түлкі отыр-ау деген төбенің басына отырғызып, томағасын алып, өзі таудың етегінен тас құлатып, түлкіні қуып шығады. Бүркіті ұшып келіп ұстайды. Дәстүр бойынша сол күні түлкіні «мен қағамын» деп ескертетін де ғұрып бар. Кейде түлкіні көріп келсе, «сол түлкіні мен қағайын, сіз бүркітіңізбен ұстап беріңіз» деп қолқа салады. Қағушылардың жасы үлкеніне қарай олжаны байлайды. Тезек теріп, мал қайырып, жол жүріп келе жатқан әйел адамға қағушы тап болса, «әйелдің, ананың жолы үлкен» деп, түлкіні соған байлайтын ғұрып бар.

Бүркітшілік өнерінің сән-салтанатымен қатар оның әшекей, сәндеу, көркемдеу, безендіру сияқты қырлары да болады. Бүркіт жабдықтары алтынмен апталған, күміспен қапталған, сіргелі, соқпалы құймалармен әшекейленеді. Құсбегілер бүркітін үкі тағып безендіріп, тұғырды тау­ешкі мү­­йізі­нен құй­­малатып іс­­тейді. Кейбір тұ­­ғырларға түлкі, қасқыр бейнелерін ойып іс­­тейді, онысы «бүркіт осы аңдарды ұстап дағдылансын деген ниет» деп жатады. Құсбегінің құсы алғаш аңға ұшуын «құс аяқтанды», ал ұстаған аңын «тырнақалды», саяттағы алғаш аң алуын «бауашар» деп, оларға арнайы кәде жасайды, ауыл адамдары құс пен құсбегіні қарсы алып, шашу шашады. Бүркітті қалап алу, сұрап алу сияқты салттармен қатар «сыйға», «кәдеге» беру, жарату дәстүрі бар. Қазақ ауылы бүркітпен келген адамды қадір тұтады, бүркітті құр жібермеу оны сыйлауға саяды. «Құсың көз сұқтан аман болсын» деп, бүркіттің иығына, арқасына үкі тағады.

Бүркітшілер өзі қартайғанда баласына немесе туыс-туғанына бүркітін «мұралыққа» береді. Бүркіт алушы «атам бүркіті», «әкем бүркіті», «мұра бүркіті» деп ерекше қастерлейді. Көп жыл серік болған құсын, қартайса да, қариялар үй жанында ұстайды. Ал қайраты қайтқан қыранды «құс тебінен қайтты» деп қоя беретін де салт бар.

Қыранға тән асқан астамшылық пен тәкәппарлық мінезі бар, өркөкірек өрен бүркітті қазақ баласы «дала сермендісі», «көк тәңірісі», «аспан еркесі», «құс патшасы», «қанаттылар ханы» деген сияқты сандаған мақтау сөзбен қолпаштайды. Құсбегілік, аңшылық, саятшылық – ата-бабамыздан қалған өнер, озық дәстүр, мол мұра. Астында аты, қолында бүркіті, соңында тазысы бар жігіт қазақ даласына ерекше сән берген.

Қарлығаш ТҰРТАНОВА,
№ 53 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + seven =