«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қымыздан қуат алған ел

0 166

Тарих беттерін парақтар болсақ, осыдан 4-5 мың жыл бұрын жылқы малы алғаш болып Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін білуге болады. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде де жылқы сүйектерінен ауыздық әбзелінің іздері табылған. Еңбекшіл халық оны ішерге асы, мінерге көлігі, дертіне шипа ретінде пайдаланды. Жақында бас қаламыздағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Қымыздан қуат алған біртұтас ел» атты көрме ұйымдастырылды.


1 наурыз – Алғыс айту күнімен тұспа-тұс ұйымдас­тырылған салтанатты шарада жұрт еліміздің түкпір-түкпірінен жеткізілген сүт өнімдерімен танысып, дәм татты. Көрменің көркін қыздыру үшін тіпті сәйгүлік аттың тұлыбы да әзірленіп, жұртшылық назарына ұсынылды. Мұнда келген қауым Ұлы даланың жылқы шаруашылығы тарихымен ғана емес, қымыз сусынын дайындау сырларымен, ұлттық бұйымдармен кеңірек танысты. Түрлі жылдардағы қиындықтарда Қазақ елін паналаған жандарды дәл осы қымыз сусыны аман алып қалғанын да тілге тиек етіп өткен жөн.
– Елімізге әр жылдары 800 мың неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халқының өкілдері, Қиыр Шығыстан 100 мыңдай корей отбасы жер аударылып келді. Нәтижесінде өткен ғасырдың басынан елімізге 5,6 млн-нан аса адам қоныс аударыпты. Қазақ халқы – өздері қиын жағдайда бола тұра, сырттан келген түрлі ұлттарға құшағын аша білген дархан көңілді халық, – деді бірер күн бұрын ғана Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары қызметіне кіріскен Жансейіт Түймебаев.
Көрмеде жылқы сүтінің сан түрі ұсынылды. Бірі жаңадан сауылған саумалды алға тартса, енді бірі бал қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз деп аталатынын, ал тағы бірі тіпті ұнтақталғанын, дәрі пішіндес түрін шығарды.
Қымыз көрме жұрт назарына ұсынылған соң көктемнің алғаш күні ұйымдастырылған мерекенің құрметіне орай «Мың алғыс» атты қайырымдылық концертімен жалғасты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды