Қылқалам ұшында – азаттық аңсары

0 89

Биыл Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл. Алаш қайраткерлері Жақып Ақбаевтың – 145, Әлімхан Ермековтің – 130 жылдықтары да осы жылдың еншісінде. Үш тұлғаның да туған жері – Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Аудан орталығында оларға ескерткіш қойылған. Астаналық қылқалам шебері Қайрат Жәйірбек жақында Әлихан, Жақып, Әлімханды – үшеуін қатар бейнеледі. Бұл картина символдық мәнге ие.– Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев және Әлімхан Ермековтей үш арысымыз – бір топырақтың тумалары. Соның ішінде басты тұлға ретінде Әлиханды бейнеледім. Оның жолы да, жасы да Жақып пен Әлімханнан үлкен. Жақып пен Әлімхан Әлиханның сенімді серіктері, қолғанаты болды. Бірақ үшеуінің қазақ тарихында алатын орындары зор. Әлихан Бөкейхан Алаш көсемі, жан-жақты тұлға еді. Қазақтың тәуелсіздігі жолында Алаш қайраткерлерін соңына ерте білді. Жақып Ақбаев – қазақтың тұңғыш заңгері, Әлімхан Ермеков – тұңғыш математик, Ленинмен сөз таластырып, қазақтың жерін шегендеп берді.
Бұл картинаны «Ұлылар үндестігі» деп атап, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнадым. Тұлғаларды қызыл фонда бейнеледім. Себебі, азаттық үшін арпалысқан бабаларымыздың қаншама қаны төгелді. Олар қызыл империяға қарсы күресіп, жандарын пида етті. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды аңсады. Қой мен бозторғай бейнелері арқылы соған емеурін таныттым.
Ал ту ұстап, атпен шауып бара жатқан сарбаздар арқылы Алтын Орда дәуірі, Қазақ хандығы және қазіргі тәуелсіз Қазақстанды үндестірдім. Азаттық ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманы ғой. Әлихан, Жақып, Әлімхан тұлғаларын әлі де зерттей түсіп, дәріптеу керек деп ойлаймын, – дейді картина авторы.
Картинадағы Шопан ата төлінің бейнесінен «Еркек тоқты – құрбандық» дегенді де ұғуға болады. Жалпы Алаш тақырыбына картиналарын арнаған бірнеше қылқалам шеберін білеміз. Соның бірі – Алмас Сырғабай. Оның осы тақырыпқа арналған бірнеше көрмесі өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + four =