©2020 Астана Ақшамы
ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКС ҚҰРЫҒЫ ҚЫСҚА ЕМЕС
Дүйсенбі күні Бас Прокуратура департаментінің бастығы Әмірхан Аманбаевтың қатысуымен жаңа Қылмыстық-іс жүргізу заңына көшу мәселелері туралы брифинг өтті.
Жаңа Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің қабылданғаны елімізде ұлттық заңдардың кезекті даму кезеңін білдіреді. 2020 жылға дейінгі құқықтық саясаттың тұжырымдамасында негізгі жұмыстардың бағыттары белгіленген. Соған сәйкес сотқа дейінгі сатыда және сот инстанцияларында істерді қарауды жеделдету және жеңілдету жұмыстары әрі қарай жалғастырылады. Мәселен, жаңа нұсқадағы кодексте қылмыстық істі қозғау сатысы жойылған.
Сонымен қатар, жаңа қылмыстық процесте сотқа дейінгі өндіріс қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздың түсуінен немесе тергеу амалынан басталады. Ал барлық арыздар мен хабарламаларды сотқа дейін бірыңғай электрондық тергеу қызметі тіркейді.
Ә.Аманбаевтың айтуынша, негізсіз қылмыстық қудалаудан азаматтардың конституциялық құқыларын қорғау мақсатында тіркеу алдында арыз иелеріне міндетті түрде жалған жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы ескертіледі. Жаңа Қылмыстық кодекс бойынша аталған жауапкершілік азаматтарды 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру күшіне ие. Ал «домалақ» арызшылардың атынан түскен өтініштер мен хабарламалар тіркелмейді.
Жаңа кодекстің америкалық «Миранда» ережесіне ұқсас жерлері де бар. Яғни, күдіктіні ұстау барысында оның қорғаушысы ештеңе айтпау және айтылғанның барлығы өзіне қарсы сотта қолданылуы мүмкін екендігі жөнінде ауызша түсіндірме беруге міндетті.
Жиын барысында Ә.Аманбаев: «Сот бақылауын күшейту мақсатында тергеу судьясы енгізіліп, ол қадағалаушы прокурормен бірге азаматтардың конституциялық құқылары мен бостандықтарын қорғаудың мемлекеттік тетігінің тиімділігін арттырады» деді.
Оның айтуынша, тергеу судьясының уәкілетіне күзетпен ұстау және үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау мен олардың мерзімін ұзарту туралы өтініш хаттарды қарау, күзет қойылмаған адамды сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, мәйітті эксгумациялау, мүлікке тыйым салу, халықаралық іздеу, кәмелетке толмаған адамды арнаулы ұйымға орналастыру, лауазымынан уақытша шеттету және жәбірленуші мен іске қатысатын өзге адамдарды қорғау мақсатында іздестірудегі күдіктінің оларға баруын, олармен сөйлесуін шектейтін процестік мәжбүрлеу шарасының жаңа түрі, яғни, жақындауға тыйым салу сияқты бірнеше құзіреттер кіреді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруде сот бақылауын арттырып, маманданған қорғаушылардың құқықтық жәрдем беруіне уәкілеттіктерін кеңейту мақсатында тергеу судьясы тағы да бірнеше мәселелерді қарастыруға толықтай құқылы болмақ.
«Тергеу барысында қамалған тұлғалардың санын азайту мақсатында «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасын тиімді қолданып келе жатқан еуропалық елдердің тәжірибесіне сүйеніп, жаңа қылмыстық-іс жүргізушілік кодексте оны қолдану тәртібі елеулі түрде қайта қарастырылған» деді Бас прокуратура департаментінің бастығы.
Кепіл енгізілген жағдайда сот жаңадан шешім қабылдамай-ақ, айыпталушы қамаудан дереу босатылуға тиіс. Және сөзбұйдалықты болдырмау мақсатында да қылмыстық істерді қосымша тергеуге қайтару институты алынып тасталды.
Қылмыстық-іс жүргізу кодексінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, бейнебайланыс режимінде жауап алудың ерекшеліктері қарастырылған. Ел аумағының үлкендігі мен аудан орталықтарының облыс орталықтарынан қашықтығына байланысты бұл жаңалықтың жақсылығы басым болмақ.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қисынды мерзімі белгіленген. Осы институттың талаптарын жүзеге асыру үшін кодексте тараптардың тергеуді негізсіз созуға шағымдану және прокурорға тергеуді толық көлемде аяқтауды қамтамасыз ететін мерзімді белгілеу жөнінде өтінім келтіру құқылары қаралған.
Жаңа қылмыстық кодексте жәбірленуші және айыпталушылардың арасындағы ымыраласудың тәртіптері ерекше кеңейтілген. Нақтырақ айтқанда, ауыр қылмыстар бойынша кәмелетке толмағандар, аяғы ауыр әйелдер және кәмелетке толмаған баласы бар әйелдер ымыраласуға рұқсат етілетін адамдардың санатына қосылды.