Қылмыс саны төмендеген

0 16

Бақылау бекеттері мен қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті сақтауда полицияның қарқынды режимде жұмыс істеп жатқандарына екі апта болды. Қазіргі уақытта қала бойынша 26 жылжымалы бекет бар. Полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдердің жауынгерлері қаланың барлық ауданындағы азаматтар мен көліктердің қозғалысын қатаң бақылайды.ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Карин өзінің Facebook парақшасында «Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы күшейтілген карантин режимі қалай десек те өз нәтижесін бере бастады. Мемлекеттік комиссия екі қалада 28 наурыздан бастап күшейтілген карантин режимін енгізгеннен кейін коронавирус індеті таралуының өсім қарқыны баяулады» деп жазды. Әрине, бұл орайда полицияның да еңбегі бар. Полиция қызметкерлері қала көшелерінде кездескен бейсауат жүргіншілерге карантин кезіндегі талаптарды қатаң сақтауды ескертеді, көшеде жүрген адамдарды арнайы электронды базаға енгізіп қояды, егер ескертуді қаперге ілмейтін болса, онда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әкімшілік жауапкершілік тартуға мәжбүр. Ал базада тұрған адамдар карантин талабын екінші рет бұзса, 27 мың теңге айыппұл төлеуіне тура келеді. Учаскелік инс­пекторлар тұрғындардың мессенджерлердегі чатына тіркелген және оларға қажетті ақпаратты жеткізіп тұрады. Карантин басталғалы бері қалада тіркелетін қылмыс саны айтарлықтай төмендеген.
Елорданың аумағы көшелердің шекаралары бойындағы алаңдарға бөлінген, әр алаңды тәртіп сақшылары қадағалайды. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті полиция бөлімдері жеке құрамдары медициналық маскалар, қол­ғаптар, антисептикалық заттар­мен қамтамасыз етілген. Ал мамандандырылған патрульдік полиция батальонында кезекті еңбек демалысына кеткендердің бәрі шақырылған, бүгінгі таңда барлығы жүз пайыз жұмыста, бір сөзбен айтқанда, сақшылар түгел тәуекел аймағында жұмыс істеп жатыр.
Азаматтардың себепсіз үйден шығуы, тамақ, дәрі-дәрмек алу және жұмысқа баруды қоспағанда, бейсауат жүріп-тұрудың шектелгеніне қарамастан, карантин режиміне мойынұсынбайтындар кездеседі. Қалалық ПД баспасөз қыз­меті 31 жастағы қала тұрғынының ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы (төтенше жағдайды бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлайды. Бабатайұлы көшесі бойымен көлік құралдарының қозғалысын тексеру кезінде Audi маркалы көліктің иесі қозғалысқа рұқсат беретін құжаттарды ұсынудан бас тартып, өзінің үйден шығу себебін түсіндіре алмаған.
Ал блокпостарға қатысты айтсақ, елордаға кіру және шығудың арнайы режимін бұзғаны үшін жүзге жуық адам жазаланған. Олардың 84-і қамауға алынып, 14-іне айыппұл салынған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 6 =