Қылмыс саны азайды ма?

0 14

Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев брифингте азаматтардың және автокөліктердің қозғалыс мақсатын тексеру ұйымдастырылғанын, мүліктердің ұрлануы және тоналу фактілерінің алдын алу жұмыстары жандандырылғанын айта келіп, төтенше жағдай жарияланған кезден бастап қылмыс саны елімізде 22 пайызға, елордада 20 пайыз, Алматыда 50 пайызға төмендегенін келтірген еді.«Соның ішінде пәтер ұрлығы 11 пайызға, Нұр-Сұлтан қаласында үш есеге, оңтүстік мегаполисте 2 есеге азайды» деген болатын ол. Карантин кезінде отбасылық жанжалдан туындап, зорлық-зомбылық орын алған қылмыстар тіркелді ме деген сұрағымызға жауап кешігетін түрі бар. Дегенмен үйде отырғаннан іші пысып, түн ортасында петарда атып елдің мазасын алғандар бар екен. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі полиция қызметкерлерінің карантин режимін бұзып, түнгі уақытта бірнеше рет петарда атқан 34 жастағы ер адамды ұстағанын хабарлады. Тәртіп бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 436-бабы 1-бөлімі («елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолдану») және 476-бабының 6 бөлімі («төтенше жағдай режимін бұзу») бойынша хаттама толтырылып, материал Нұр-Cұлтан қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілген.
Қылмыс азайды, десек те карантин кезінде үйден шықпай отырудың орнына қалайда қылмыс жасаудың орайын тап­қандар туралы айта кете­йік. Нұр-Сұлтан қалалық ПД Есіл ауданы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері карантин күндері бірнеше қылмысты ашқан. Мәліметке қарағанда, 25 жасар қала тұрғыны тұрғын үй кешенінде пәтерге ұрлыққа түсіп, АҚШ азаматының құжаттары мен ақшалары бар әмиянын ұрлаған. Сондай-ақ Есіл ауданы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері интернет арқылы заңсыздық жасаған 32 жастағы алаяқты қолға түсіргендерін хабарлады. Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелген. Қазіргі уақытта күдіктінің жеке басына қатыс­ты бұлтартпау шарасы қолданылып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ал екі күн бұрын Есіл аудандық криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері әйел зорлады деген күдікпен 24 жастағы тұрғынды ұстады. Бұл мысалдар халықтың әлі де карантин тәртібін жете түсінбей жатқанын көрсетеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + six =