Қылмыс қайтсе азаяды?

0 36

Елінде қылмыс деңгейі аз болса деген – бар елдің арманы. Қазіргі жағдайымызда бұл арманның орындалатынына сенудің өзі қиын, бірақ дегенмен қылмысты азайтуда ауқымды жұмыс істеп, әжептәуір нәтижеге жеткен елдер бар.

Қауіпсіз елдің халқы бақытты

Мысалы, Швейцарияда көшеде жүру қауіпсіз болғандықтан балаларды мектепке шығарып салудың қажеті жоқ, Сингапурде қару-жарақ пен есірткі заттарға мүлдем тыйым салынған, көшеде балағат сөз айтып, қоқыс тас­тап, тыйым салынған жерде темекі шеккендерге 600-1000 АҚШ долларына дейін айыппұл салынады. Жапонияда Азия елдері бойынша қылмыс жасау деңгейі төмен, Ирландияда кісі өлтіру қылмысы 100 мың адамға шаққанда – 0,88, Исландияда полиция қызметкерлерінің өзі қару ұстамайды, Данияда қауіпті аудандар деген ұғым жоқ, Кипрде жергілікті тұрғындар үйлерінің есігін түнде де ашық қалдырады екен.

Түп-төркіні неде?

Біз қашан жетеміз ондайға (ұрлық пен қарақшылықтан қорқып, баланы есік алдына жіберуден қауіптеніп өтуді маңдайымызға жазып қоймаған шығар)? Әдетте біз өзімізді отыз жыл бұрын КСРО шекпенінен шыққан өзіміз сияқты елдермен салыстырамыз, ал посткеңестік елдер арасындағы қылмыс деңгейінде соншалықты айыр­машылық жоқ. Деректерге қарағанда, қасымыздағы Ресейде кісі өлтіру деңгейі қылмысы жоғары, қылмыстың 70-80 пайызы үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан орын алады. Қылмыс деңгейіне алкогольді көп тұтыну басты фактор ретінде аталады. Әсіресе, отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдарынан болған кісі өлтіру пайызы жоғары немесе жауырды жаба тоқу, нақты жағдайды қымтап, бүркеп, статистика қуу жағдайлары да посткеңестік елдерге ортақ мінез. Мысалы, Өзбекстан ішкі істер жүйесінің қызметкерлері мен қарапайым өзбекстандықтардың «Озодлик» редакциясына хабарлауынша, құқық қорғау органдары азаматтардың алаяқтық фактілеріне қатысты арыздарын тіркеуді доғарған. Мұны елдегі қылмыс статистикасын азайту үшін жасап отыр дейді олар. Осы себепті де біз өзімізді әлдеқашан дамып кеткен, озық елдермен салыстыруға үйренуіміз керек. Мысалы, Жаңа Зеландияның маңына жақындай алмасақ та, неге ол елді өзімізге үлгі етпейміз? Бұл елде қылмыс индексі жылына 100000 адамға шаққанда – 0,7 пайыз, сыбайлас жемқорлық жоқ. Тәйірі, сыбайлас жемқорлық жоқ елдер де бола ма деп таңғаламыз ғой, өйткені олардың заңдары өте қатал, жемқорды аямайды, сонымен бірге кіріс­тері жоғары. Мүмкін, олар ең төменгі жалақысы 2700-2900 АҚШ доллар болған соң пара алуға да құмар емес шығар. Бізге әйтеуір соның бәрі ертегі сияқты…

Санымыз аз, қылмыс көп

Әлем елдері Орта Азия елдерін жемқорлық жайлаған, адам саудасы мен есірткі саудасын қыздырған ел деп таниды. Қазақстанда адам саудасы мен есірткі саудасы азаймай тұрғаны БҰҰ мінберінен де айтылады. Халықаралық ұйымның Орталық Азиядағы үйлестірушісі Деян Кесерович Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғым­баевпен кездесуінде өткен жылы адам саудасы бойынша 116 адамның БҰҰ-ның көші-қон жөніндегі агенттігіне арыз түсіргенін мәлімдеген еді. Оның ақпараты бойынша зардап шегушілердің жасы орта есеппен 20-26-да. Олардың 70 пайызы – ер адамдар. 2004 жылдан бастап есептейтін болсақ, Қазақстанда 1500 адам саудасы тіркелген. Бірақ бұл сан нақты емес. Өйткені біз білмейтін дерек қаншама… Сонымен бірге жыл басынан бері синтетикалық есірткі саудасымен айналысып келген 4 мыңға жуық сайт бұғатталған.
Сидней университеті 2007 жылдан бері жасап келе жатқан ғаламдық бейбітшілік рейтингі бойынша елдегі қылмыс саны, саяси тұрақтылық, ішкі қақтығыс­тар, заң үстемдігі сияқты 23 индикатор есепке алынады. Бұл рейтингте Қазақстан ТМД елдерінің ішінде Молдовадан кейін – екінші, ал әлем бойынша 78-орында тұр. Яғни елімізде адам саны көп болмаса да, қылмыс жиі болатын елдер тізімінде бармыз. Айталық, кісі қолынан қаза тапқандар саны бо­йынша тізім ішінде 123 елдің ішінде 22-нші болып тұрмыз.
Бас прокуратураның жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми сайтының мәліметі бойынша Қазақстанда жыл басынан бері 104874 қылмыстық іс тіркелген. Қылмыс деңгейін әлеуметтік құбылыс дейміз. Бұған қылмыс жасаған азаматтардың дені жұмыссыз болып шығатыны дәлел бола алады. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық проблемалар да қылмыстың артуына себепші. Соңғы жылдары әйелдерге қатысты жасалған қылмыс – 147,5 пайызға, ал кәмелетке толмаған балаларға қатысты істелген қылмыс 125 пайызға өскен.

Қытайда жемқорларға жаза қатаң

Посткеңестік елдер ішінде қылмыспен күресте азды-көпті жеңісі бар деп Грузияны айта аламыз. Өзіміздің қолымыздан келмеген соң да құр тамсана береміз, Саакашвили реформасы біз үшін аңыз секілді, бір түнде елдегі барлық құқық қорғау органдарын орнынан алып тастады, сол кезде қандай жағдайда да мұртын балта шаппастай көрінетін бұрынғы жүйенің тас-талқаны шығып, жең ұшынан жалғасқан прокуратурасы да, Ішкі істер министрлігі де, қарны шығып жүре алмай қалған менттер де, қит етсе пара алуға да­йын тұратын полицейлердің бәрі орындарын босатып, тіпті Грузияның Қауіпсіздік министрлігі қысқарып кетті. Саакашвилидің криминалды-коррупцияның былығына батқан жүйені өзгертіп, Ішкі істер министрлігін қайта құрмақ әрекетіне күмәнмен қарағандар жетерлік еді. Ол бар саладағы «бармақ басты, көз қыстылыққа» тосқауыл қойылса, реформа нәтиже беретініне сенді. Осы сенім бізге де керек. Жемқорлық жегі құрттай әбден күш алып, дендеген кезде ешқандай да даму туралы айтуға болмайды. Алдымен жемқорларды аямайтын заң шығарсақ, шіркін…
Қазақстан Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев «Президент 2.0» деректі фильмінде 1988 жылы Қытайда жемқорларға өлім жазасын орындаған сәтке куә болғанын айтты. «Бір жолы стадионда жемқорларды қалай атып жатқанын көрдім. Сұмдық әсер қалдырды. Адамдарды жүк көлігімен әкеліп түсірді, көздерін байлап қойған, тізерлеп отырғызып, оларға үкімді оқыды, содан соң әрқайсының желкесінен атты» дейді Президент. Осындай әдіс біздің елде қолданылса кіл «шабақтар» ұстала бермей, «шортандар» да ауға түссе және олар әділ жазасын алса, әр парақор, жемқордың бас-басына қылмыстық іс қозғалып ең ауыр жазамен жазаланса, қоғамның ашықтығы, ел ретінде қарыштап даму туралы әңгіме айтуға болады.

Сананы өзгерту керек

АҚШ-та «Барлық құқық бұзушылықтарға нөлдік төзбестік таныту» бағдарламасының арқасында соңғы он жылда осы елдегі зорлық-зомбылық қылмыстары 33,4 пайызға төмендеп, жалпы қылмыс 30 пайызға азайған. Соңғы жылдары әрбір ұсақ құқық бұзушылықпен аямай күресіңдер деп Елбасы да, Президент Қ.Тоқаев та Ішкі істер министрлігінің алдына құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру туралы міндет қойды.
Сонымен бірге әлемнің көптеген елдерінде айыппұл салу қолданылып келеді. Мәселен, Англия мен Уэльсте жазалаудың тиімді тетігі ретінде 90 пайыздай қылмыс айыппұлға ұласса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бар-жоғы 5 пайызды ғана құрайды екен. Онша ауыр емес әрекеттер бойынша айып­пұл Түркия мен Жапонияда бұрыннан қолданылып келеді.

Цифрландырудың пайдасы зор

Әрине, біздің құқық қорғау органдары мүлдем әрекетсіз отыр деуге болмайды. Соңғы 2-3 жылда технологияның, цифрандырудың жемісін көріп жатырмыз. Мысалы, ғарыштық түсірілімді қолдану АҚШ-та 10 жылдан астам мерзімде, Ұлыбританияда 2009 жылдан бері, Франция­да 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл мониторинг саласындағы мәселелерді сәтті шешуге, картадан жылдам бағыт-бағдар алуға мүмкіндік береді.
Ал ТМД елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып осы жобаны енгізді, геоақпараттық жүйелердегі ғарыштық түсірілімдер жиі қолданылады (GoogleMaps, YandexMaps). 2016 жылдан бастап жергілікті полиция қызметін құруға байланысты криминогендік жағдайдың картасы жасалды. Бүгінгі таңда «Қылмыстылық картасы» сервисін барлық облыс орталықтары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, сондай-ақ 20 моноқала ұсынып отыр. Ішкі істер органдарына, әкімдерге, білім беру органдарына, сонымен қатар қарапайым интернет пайдаланушыларына қажет карта комитет сайтына орналастырылған (service.pravstat.kz). Сайтта кез келген облысты таңдап, қылмыстардың жалпы санын көруге болады.
Егер шетелдегідей ақпараттық технология жүйелерін дамыта алсақ, профилактиканы арттырып, қылмыс деңгейін төмендетуге, қоғамды криминогенді жағдай туралы ақпараттандыруға, сол арқылы азаматтардың қырағылығын жоғарылатуға болады. Сондай-ақ біздің ел – ТМД және Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып пробацияның толық жүйесін қабылдаған ел. Бұл жерде 2019 жылдың басынан бері сотталғандардың арасында қайта қылмыс жасау 20,1 пайызға азайғанын ескерсек, нәтиже бар деуге болады. Сонымен бірге биылдан бастап көлік құралын мас күйде жүргізу, мал ұрлығы, есірткі жарнамасы және браконьерлік үшін жаза күшейтілді. Бұл да қылмыс деңгейін төмендетуде өз нәтижесін береді деген үміт бар.

Біздің арман – бұл арман…

Елдегі жемқорлықты жоя алсақ, қылмыс деңгейін азайта алсақ, біз де Люксембург халқы секілді риза болып өмір сүрер едік. Люксембургте жергілікті тұрғындардың жалақысы жылына 35000 АҚШ долларын құрайды. Осыдан шығар, люксембургліктер өздерінің бақыт деңгейін 10 балдық шкаланың 7,1-іне теңейтін көрінеді. Несі бар, біз де сондай тыныш, қауіпсіз өмір сүруді армандайық және соған әрекет етейік. Қауіпсіз өмір сүруге, қылмысы аз мемлекет құруға біздің мүмкіндігіміз жетеді, тек жүйені жемқорлықтан тазартып, жұмысты дұрыс жолға қою керек. Әйтпесе заң да бар, полициямыз да жеткілікті. Полиция демекші, АҚШ-тың Bloomberg компаниясы қызық зерттеу жүргізіпті. Халқының саны 5 миллионнан асатын мемлекеттер енгізілген зерттеу бойынша әр 100 мың адамға шаққандағы полицейлер саны жөнінен Ресей – алғашқы орынды, ал Қазақстан 6-орынды иеленген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − nine =