«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құжаттар сөйлегенде…

0 58

Нұр-Сұлтан қаласы архиві кейбір деректері негізінде совет халықтарын Қазақстанға жер аудару саясатының зардабы мен реабилитация мәселесін зерделеген едік.

Без названия (1)

 

Архив құжаттарымен жұмыс жасауда біздің алдымызға түскен сауалдың біршамасы ең алдымен жер аударылған халық өкілдерінен ақтауды қажет ететін тұлғаларға назар аударып, соларға қатысты мәселенің қайта қойылуы тұрғысынан талдау болды. Алайда КСРО сияқты отыз жыл бойы жоқ мемлекеттің құқықтық шешімдеріне ақтау, немесе реабилитация жасау ісін өзге мемлекеттің өз құзырына алуының қаншалықты құқықтық шынайылығы бар деген мәселе де шығуы мүмкін. Өйткені, тарих бетінен өшіп кеткен мемлекеттің шығарылған заңсыз, немесе тіпті заңды да шешімдерін қайта қарауда да белгілі бір ұстанымдар жасалуы қажет.

Еліміздің қазіргі Елордасы – Нұр-Сұлтан қаласы өткен ХХ ғасырдың 1930-1940-шы жылдары Ақмола қаласы және Ақмола облысы орталығы болып тұрған кезде, бұл өлкеге көптеп жер аударылған, депортацияға ұшыраған халықтар қатарынан алдымен поляктар, немістер, шешен-ингуштер мен балқарлар мен қарашайлар, қырым-татар қатарлы болды. Депортацияланған халықтар этноцидтік қысым көрген этностар ретінде қарастырылуы тиіс. Олардың тағдырына жауаптылық тікелей тоталитарлық жүйе мойнында.

Пайдаланылған дереккөздер көрсетілген (мұрағат және басқа дерек көздерді келтірер болсақ), олардың  қатарынан Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві. Қордың номерлері санатында – 504-і қор; 430-шы қор; 424-ші қор; 430-шы қор; 501-ші қор тізбелері мен істері бар. Бұл архивте негізінен азаматтық істер сақталған. Мысалы, 504-ші  қорда – заңсыз қуғын-сүргі құрбандары Ассоц. жетекшісі В.М. Гринев жинаған құжаттар; 424 қор 6ф қорында – Астана қаласының «Видергебурт» неміс қоғамы құжаттары, және т.б. сақталған.

КСРО-ның халықтарды жер аудару саясатын тоталитарлық режімнің ауыр қылмысы ретінде бағалаған Қ. Алдажұманов, Ю. Романов, М. Хасанаевтың зерттеулерінде айтылды. Қазақстанның этникалық топ өкілдерін қатарынан шыққан зерттеушілер Г. Хан, Г. Ким, Г. Кан, К. Эрлих, Л В. Кригер, А. Фризен, және т.б. жазды. Бұл зерттеулер көбіне архив құжаттарының көпшілікке қолжетімді болып, архивтік қорлардың ашылуымен ғана дәйектеле жазылады. 1990-жылдардың ортасынан бастап архивтік құжаттар құпиясын кеңінен мәлім болуынан, Қазақстан Республикасы Президенті архиві немістер мен поляктардың жер аударылу тарихы туралы құжаттардың екі жинақтары жарыққа шықты.

Нұр-Сұлтан, бұрынғы Ақмолаға күштеп жер аударылған халықтар: 1) немістер, отбасымен; 2) шешендер, отбасымен – (50 481 адам Ақмола обл – 17.03.1944 г.); 3) балкарлар, отбасымен; 4) ингуштар, отбасымен; 5) поляктар бар. Архив мұрағаттарында депортацияланған этникалық топтардың жер аударылуына қатысты құжаттар көп болғанымен, олардың қорлары ашық немесе құпия деп танылған қоймаларда сақталуы мүмкін. Көптеген құжаттар өзінің құпиялылық статусынан шыққан болса да, олардың көпшілігі ғылыми айналымға түспеген. Күштеп жер аудару процесіне ұшыраған, депортацияланған халықтардың мәселесі бір жағынан тарихи контекстте ғана қаралса, екінші жағынан оның құқықтық аспектілері де бар. Бірақ теория-методологиялық тұрғыда оны халықаралық құқық және мемлекеттің құқықтық-нормативтік құжаттары негізінде қарастыруға болатыны анық мәселе.

Архив құжаттарының мазмұны әрқилы. Солардың ішінде жиі кездесетіні Ақмола облыстық кеңесі атқару комитетінің арнайы қоныстандырылғандарға қатысты деректер сақтайтын ресми құжаттар. Мысалы  1944 жылдың 3 қарашасындағы №25/2 шешімде «арнайы қоныстандырылғандар қатарынан біліктілігі жоқтарды фабрик-зауыт оқытуына  жіберу» туралы, және с.с.т.б. Архивтік құжаттарда «жер аудару» сөзі мүлде кездеспейді. «Көшіру», «еңбек қонысы», «арнайы қоныстандыру» сөздерімен қатар науқандардың тізбегі сияқты өтіп жатқан оқиғалардың мәнін дәл беретін «операция» сөзі қолданылады.

Біздің зерттеу тобы тарапынан арнайы орналастырылғандар (спецпоселение) саны жайында мәліметтер әлі нақтылануда. Олардың жер аударылуы қылмыстық тәртіппен іске асырылған. Айыптаулар көбіне РСФРС ҚК 58 бабының тарауларына сәйкес болған. Бұл мәселе де әлі зерттелу үстінде. Архив құжаттарымен жұмыс жасаған тұлғалардың зерттеу нысанына объективтілік көзқарас тұрғысынан келу талаптары да аса маңызды. Мысалы, депортациялау саясатын жүргізген КСРО мемлекет ретінде халықаралық саяси-құқықтық кеңістікте қазір жоқ. КСРО жойылумен бірге оның тарапынан жасалған құжаттарында да ешқандай құпиялылық статусы сақталмауы тиіс еді. Өйткені құқық сақтаушы субъекттің өзі де жоқ. Ендеше жер аударылғандарға қатысты құжаттардың өзі де бірден архивтің ашық қорларына ауысуы тиіс еді деп ойлаймыз. Оның құпиялылық сыр ретінде қорғап ұстаудың өзі, тарих сахнасынан кеткен совет мемлекеті өмірін жалғастыру ісіне ұқсайды. Сонымен бірге, архивтік құжаттар, оның жазылудағы айыптау стилінің өзі зерттеушілерді өз ыңғайына түсіріп алуы да байқалуы мүмкін.

Біздің жұмыс тобымыз Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архив қорымен жұмыс жасау барысында Қазақстан аумағына халықтарды күштеп қоныс аудару мәселелері негізінен ұлттық-мәдени орталықтар жұмысы барысында да хатталатын байқатты. Неміс, ингуш, шешен, балкар, қарашай және т.б. бұрынғы совет халықтарын Қазақстанға жер аударып депортациялау тарихын ғалымдар жақсы қарастырған. Қазіргі таңда да бұл көзқарастар ұлттық мүдде ұстанымда болуы тиіс. 1930 жж. соңынан бастап Қазақстан «сталиндік халықтар абақтысына» айналды (М.Қ. Қозыбаев). Қазақстанның әрбір бесінші тұрғыны әлеуметтік, сондай-ақ саяси себептермен жер аударылған арнайы қоныстандырылған адам болды. Күштеп қоныс аударту НКВД басшылығымен жүргізілді.

Әкімшілік тәртіппен депортацияланған «саяси баптар» бойынша сотталғандардың саны  нақтылау үшін зерттелуде. Қылмыстық тәртіппен арнайы қоныстанушылардың «саяси баптары» бойынша сотталғандардың санын анықтау үшін тиісті құжаттарға талдау жасалынатын болады. Әкімшілік тәртіппен қоныстанушылардың «саяси баптары» бойынша сотталғандардың саны анықталған деректер жоқ, Сотталғандар санын толық анықтау үшін қорлармен жұмыс жүргізу қажет. Қазақстанға күшпен қоныс аударылған халықтар мен арнайы қоныс аударушылар өлімінің динамикасы жайында мәліметтер бар. Мысалы, 471 мың 971 арнайы жер аударылған шешен-ингуш халық өкілдерінен 646 адам жолда қайтыс болғандарға жатады.

Депортацияланған халық және арнайы қоныс аударылғандардың сақталып қалған ғимараттары, аумақтары, болу (жерлеу) естелік орындары туралы мәліметтерге келетін болсақ, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының «Бейбітшілік сарайы төңірегінде» арнайы қоныс аударылғандардың кішігірім қорымдары қайта жерленіп, ол жерге кейін қалалық құрылыс салынып кеткен, және 40-шы станция төңірегінде бұл қорымдар болуы тиіс. Осыған байланысты естеліктер жинастырып, архивке өткізу қажет.

Соғыс қарсаңында және соғыс жылдары жер аударылған халықтарды Қазақстанда орналастыру, күштеп қоныс аударту себептерінің құқықтық мәртебесі, жайғастыру және жұмысқа пайдалану қарастыруды қажет етеді. Күштеп көшіру, жер аудару тарихын соғыс тарихымен байланыстырса да, бұл мәселенің мән-жайын ашпайды. Себебі, әлеуметтік, таптық және ұлттық азшылық пен этностық топ белгілері бойынша көшіру соғысқа дейін де болды. Оқиғаның себептері одан терең жатыр. Жаппай жер аудару туралы шешімнің негізінде бізге әлі белгісіз болып келе жатқан аса терең себептер бар.

Қазақстанға жер аударылып әкелінген халықтарды, арнайы қоныс аударушыларды оңалту мәселелері жөніндегі өтініштер туралы мәліметтер туралы архив қорларының материалдарына ғылыми талдау жасалуда. Бұлардың қатарында күшпен қоныс аударылған, арнайы қоныстандырылған, саяси негізде жер аударылған халықтарды ақтау мәселесі жеке тұлғаға қатысты мәселе емес, тұтас бір этникалық топқа қатысты іс. Жеке тұлға істері болса, сол күштеп көшірілген этностардың өкілдеріне қатысты болған күннің өзінде олардың барығы совет халқы өкілдері санатында, совет азаматтары ретінде танылды. Сондықтан, бұл мәселенің жеке құқықтық аспектілері бар. Ақталған халықтарға құқықтары бірден толық қайтарылған жоқ. Халықтарды жер аударумен қатар құжаттарда ұнамсыз элементтерден тазарту шаралары қатар жүргізілген.

Қуғын-сүргін құрбандары – Қазақстанға күштеп жер аударылған халықтар мен арнайы қоныс аударылғандар туралы жұмысты жетілдіру үшін архив материалдарын талдау жасау кеңестік органдар Қазақстан аумағына арнайы қоныстандырылғандарды қабылдау мен орналастыруға дайындық алдын ала бастағанын көрсетеді. Сталиндік саясат оларды еңбек әлеуетін жетіспеуі, яғни жұмыс істейтін тегін жұмысшы қажет мақсаттарға бағыттады деп бағалаған болса, сонымен қатар қазақ халқын өз жерінде азшылық қатарына ұшыратып, еліміздің тарихи қалыптасқан унитарлы сипатын жоюға бағыттады. Алдағы уақытта куғын-сүргін құрбандарын – Қазақстанға күштеп жер аударылған халықтар мен арнайы қоныс аударушылардың Нұр-Сұлтан (Ақмола) өңірі деректерін кеңінен жариялау қажет. Нұр-Сұлтан (Ақмола қаласы) өңіріне күштеп жер аударылған халықтар мен арнайы қоныс аударылғандар құжаттарын музей ұйымдастыруды қолға алу болады. Қазақ жеріне күштеп жер аударылған этностар мен арнайы қоныс аударылғандар мәселесін зерттеуге тарихшы-архивист ғылыми кадрларды даярлау ісін қолға алуды қажет етеді.

 

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, т.ғ.д. Алпысбес М.А., Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА «Қазақстан тарихы» зертхана меңгерушісі, т.ғ.к. Есқалиев С.А., Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Исахан Ғ.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды