Құжат қашан қазақыланады?

0 317

Жақында әлеуметтік желіде Мәулен Жанболатұлы ҚР жеке куәлігінің 10 жерінде орыс тілінде дерек бар екенін айтып: «Не істеуім керек? Қосарланғаны дұрыс па?» дегендей сауал тастапты.

Қазақстан Республикасындағы Тiл туралы заңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тiлi – қазақ тiлi» деп анық жазылғанмен, осы заңның 5-бабында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деп көрсетілген. Сондықтан ресми құжаттар мен ресми шараларда орысша мен қазақша қашанда қатар тұрады.
Біздің туу туралы куәлігімізден бастап барлық құжаттарымыз орыс тілінің жазу заңдылығына бағындырылған. Мәселен, туу туралы куәлікті алсақ, ондағы кісі есімдерінің жазылуы қазақ тілінің жазу заңдылығына сәйкеспейді. Яғни қазақ тілінің заңдылығы бойынша өз аты, онан соң әкесінің аты жазылып, оның соңына ұлы немесе қызы деген сөз қосылатын. Мысалы, 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген Абайдың алғашқы жыр жинағында «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлы» деп жазылған. Кейін орыс тілінің әсерімен есім-сойымызға ов, ова қосылды да, «Мұхтар Омарханұлы Әуезов» деген сияқты тәсілмен жаза бастасақ, қазір фамилиясын алдына шығарып «Әуезов Мұхтар Омарханұлы» деп жазатын дағды қалыптасты. Міне, осының әсерінен барлық куәлікте фамилиясы алдымен жазылатын болды да, атасының атасын атын атамайтын қазақтың келіндері фамилиясын баласының атындай айтатын болды. Өйткені туу туралы куәлікте «Азамат (ша) …» деп бір жол қалдырылған да, екінші жолына «Гражданин (ка) …» деп екінші жол тасталған. АХАТ бөліміндегілер «Азамат» деген жерге «фамилия жазылады» дейді де, баланың ұлы әкесінің атын жазады. Мәселен, менің жақында туған баламның аты Үсемхан Хақназар Қалиакбарұлы деп жазылған. Осыған қарап баланың атының кім екенін бірден білуге бола ма? Әрине, болмайды. Тіпті бұл өрескел қателік тудырады екен. Өткенде балам тұмауратып емханаға бардық, баладан қан алып жатқан дәрігерлер «мамасы, Үсемханды еміздіңіз бе?» дегенде шалқамнан түсе жаздадым. Егер туу туралы куәлікте ретімен «аты-жөні, әкесінің аты, тегі немесе сойы» деп жазылса, мұндай қателік болмас еді. Бірақ орысшаға бағынып, қазақ тілінің жазу заңдылығын ескермегендіктен, құжаттарымызда көбінде фамилия алдымен аталады да, «Үсемхан Қалиакбар» деп теріс түседі. Сосын да көп ел мені «Үсемхан» деп шақыруға мәжбүр. Туу туралы куәліктен кеткен осы бір қателік барлық құжаттарымызда атымыздың теріс жазылуына себеп болып отыр.
Төлқұжаттағы кінәрат орыс тілінің қазақ тілімен қатар жазылғанында емес, керісінше, сол құжаттың жалпы табиғатында болып тұр. Былайша айтқанда, біздің куәліктеріміз орысшадан тіке аударып ала салынған. Қазақша жазудан басқа, қазақы иісі жоқ. Демек, барлық құжаттың жобасын қазақ ұлтының тілдік заңдылығына икемдеу керек. Өйткені бетіне қазақша «жапқанмен», түбін «тырнасаң» төлқұжатымыз басқаша. Екіншіден, құжаттардағы ала-құлалықтарды да бір ізге келтіріп, «ұлы», «қызы», «тегі», «сойы» деп жазатын кез келді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 1 =