ҚҰТТЫ БОЛСЫН ЕСІЛДІҢ ҚОНЫС ТОЙЫ

0 181

Есілдің сол жағалауы көздің жауын алатын тағы бір маңызды нысанмен толықты. Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысындағы су жаңа ғимаратқа Есіл ауданы әкімдігінің аппараты қоныс тепті.

Бес қабатты жаңа әкімшілік сарай­дың жалпы аумағы жеті мың екі жүзден аса шаршы метрді құрайды екен. Мұнда аудан әкімінің аппаратымен қатар, Еңбек инспекциясы, Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі және Дін істері жө­ніндегі басқармалар, «EXPO-2017» ха­лықаралық көрмесіне дайындық және өткізу дирекциясының мекемелері орналасады.

Қоныс тойға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов арнайы ат басын бұрып, аудан активімен жиналыс өткізді. Аудан қаланың өркен­деуіне айрықша үлес қосып келе жат­қанын баса айтқан әкім мемлекеттік қызметкерлерді қуаныштарымен құттықтады.

Одан кейін қала әкімі бірнеше түйткілді мәсе­лелерге де тоқталып, алдағы міндет­терді әңгімеледі. Астана – еліміздің айнасы, бет-бейнесі десек, бірінші кезекте елордада тәртіп пен тазалық болуы керектігін айтып, 2013-2014 жылғы жылу беру маусымына дайындықты әзірден бастауға шақырды. «Астанада қыс алты айға созылатынын білесіздер. Өткен жылы күн қақап, апталап аяз тұрды. Сондықтан, «қыстың қамын жаз ойла» демекші, дайындықты ертерек бастау керек. Осы уақытқа дейін қыста жылусыз отырған ешкім болған жоқ. Аудан басшылығы биыл да жылу маусымына толыққанды дайындалады
деп сенемін» деді ол.

Айта кету керек, Есіл ауданы бес жыл бұрын ғана Президент Жарлығымен құрылған. Жаңа ауданның құрылуы қалалық шаруашылықты басқару және тұрғын үй-коммуналдық нысандар саласының жүйесін жетілдіру, халыққа арналған мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жақсарту және қамтамасыз ету мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының саны 103 мыңды шамалайды, аумағы – 31179 гектар.

Асхат РАЙҚҰЛ

Сүбелі сөз

Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:

– Есіл ауданы құрылғаннан бері кеңейіп, халқының саны да өсіп келеді. Сол жаға­лаудағы ауданның өсуі, өркендеуі, көз тартуы аудандық әкімдікке байланысты. Ал, әкімдіктің айрықша ғимаратының болуы мемлекеттік органның үлкен беделі болып есептеледі. Біреудің ғимаратын жалдау, біреудің қас-қабағына қарау, қолына қарау – мемлекеттік органға, мемлекетке қарама-қайшы келетін жағдай. Еңсеміз түзелген сайын, бюджетте қаражат болғаннан кейін, осы ғимаратты салуға бел будық. Міне, ауданның көркін келтіретін ғимарат болды бұл. Бір жағынан жұмыс істеуге, Елбасы тапсырмаларын, алдағы мақсаттарды орындауға барлық жағдай жасалған мұнда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − 4 =