Құтқарушылар шомылу маусымына дайын

0 128

Суға шомылу маусымының басталуына санаулы күндер қалды. Осыған орай, қалалық суда құтқару қызметі халық шомылатын жерлерде қауіпсіздік шараларын күшейтуде. Бұл жөнінде Астана қаласы ТЖД Суда құтқару қызметінің бастығы Георгий САВРУК әңгімелеп берді.

– Шомылу маусымында қауіпсіздік шаралары қалай қамтамасыз етілген?

– Біз сақтық шараларының бәріне дайынбыз. Дегенмен, маусым айының орта шеніне жақындасақ та, суға түсуге әлі ерте. Бүгінде судың температурасы 10-12 градус қана. Оған жел мен ауа райының қолайсыздығы себеп болуда. Ал, суға түсу үшін кемінде 18 градустан жоғары болуы керек. Жағалауда әрбір 100-150 метр сайын қауіпсіздік ережелері жазылған тақталар орнатылып, шомылуға рұқсат аймақтар қоршаумен белгіленген. Суға түсуге әлі ерте болса да, өзен жағалаушылардың қарасы көп. Алайда, мезгілсіз уақытта суға түсемін деп адамдар өз өміріне қатер төндірмеген дұрыс. Судағы төтенше жағдайда әрбір секунд санаулы.

Жоспар бойынша біздің мекемеден бөлек ТЖМ-нің жоспарына сәйкес ТЖД, Алматы, Есіл, Сарыарқа аудандары әкімдіктері мен ІІД, Астана қаласының Білім, Денсаулық және Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқарма­ла­рымен бірге жұмыла жұмыс істеудеміз.

– Астанада қай жерлерде шомылуға рұқсат етілген?

– Бізде шомылуға рұқсат етілген екі орын бар. Оның бірі астаналық жағажай болса, екіншісі – Қоянды ауылындағы демалыс аймағы. Алайда, суға түсуге тыйым салынған жерлерде де шомылушылар саны кемімей отыр. Жағалауда шомылу өте қауіпті. Өйткені тік жардан құлап кету қаупі басым. Бүгінде Судан құтқару қызметінде 6 моторлы қайық, 7 құтқару шлюпі, 2 сүңгуір-құтқару көлігі мен 34 адамнан тұратын 2 құтқару қызметі бар. Қайғылы жағдайды болдырмас үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтап, балаларды қараусыз қалдырмау керек.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − eight =