Құтқару шаралары пысықталды

0 89

Осы аптада қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Николай Мещеряков бастаған депутаттар астаналық гарнизонның бірқатар нысандарын аралап қайтты. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Мейрам Ысқақов жол-жөнекей төтенше жағдайлардың  алдын алып,  жою шараларының қорытындысын және саладағы түйткілді мәселелерді ортаға салды.  

Комиссия мүшелері ең алдымен өрт сөндірушілер мен құт­қару­­шы­ларды даярлайтын спорт ке­ше­ніне бас сұқты. Қазіргі заман талабына сай жасақталған кешенде төтенше жағдайлар депар­та­менті­нің қызметкерлері дайындық жаттығуларын жүргізуде. Өрт сөн­дірушілер арнайы саты арқылы 15-16 секунд ішінде үшінші қабатқа жедел көтеріліп, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету жұ­мыстарымен таныстырды. Осы сәтті пайдалана отырып, жуырда ғана жұмыстан шығып қалған 66 өрт сөндірушінің жайын сұрадық. Тексеру кезінде олардың зейнетақы қорына департаменттен бөлек, басқа мекемелерден ақша түскені анық­талыпты. Заң бойынша мемлекеттік қызметкердің қосымша жұмыс істеуіне қақы жоқ. Сонда да олар сот төрелігіне жүгінген екен.

Спорт кешенін аралап болғанан кейін, халық қалау­лылары Есілдің жағасында орналасқан судан құтқару стансасына келді. Адам өмірін сақ­тап, қаланың су қоймаларында кез­десетін төтенше жағдайдың алдын алу үшін құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істейді. Судан құтқару қызметінің бастығы Георгий Савруктың айтуынша, қайғылы жағдайды болдырмау үшін күні бойы бақылау жүргізіледі. Мекемеде
5 құтқару катері, 2 моторлы қайық, 7 құтқару шлюпі, 5 автокөлік бар. Жалпы, стансада 31 құтқарушы қызмет етеді екен.

«Бүгінде Есіл, Ақбұлақ өзен­дері мен қаланың басқа да су қойма­ла­рындағы бақылау жұмыстары кү­шейтілді. Судан құтқару қызметінің мамандары қауіпті жағдайдың алдын алу шараларын тағы да бір пысықтады. Мекеме қызметкерлері осы уақытқа дейін елуге жуық адамның өмірін құтқарған. Көктем келгелі үш адам суға кетіп, қайтыс болды» дейді ол.

Депутаттар халыққа түсіндіру шараларын одан әрі жалғастырып, қауіпті аймаққа қатаң бақылау керектігін жеткізді.

Тілсіз жау тыйылмай тұр

Астанада жыл басынан бері 212 өрт тіркелген. Тілсіз жаудан келген шығын көлемі 9 млн 121 мың теңгені құраған. 9 адам қаза тауып, 15 адам түрлі жарақат алған. Әсіресе, жеке үйлерде қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан, қайғылы оқиғалар қайталана берген. Мәселен, жыл басынан бері 92 үй мен 10 сауда орны өртенген. 58 көлік жанып кетіп, 26 құрылыс нысанында төтенше жағдай тіркелген. «Өрт сөндірушілер құтқару жұмыстары кезінде 27 млн 841 мың теңге құрайтын материалдық шығынды аман алып қалды» дейді департамент бастығы М. Ысқақов. Дәл осы күннің өзінде Астанада таңертеңнен бері 7 өрт оқиғасы тіркелгенін тілге тиек етті.

Депутаттар барып көрген №3 мемлекеттік өрт сөндіру бөлімінде тынымсыз тірлік. Астанада орын алған барлық төтенше жағдайлар осында тіркеліп, қабылданады. Мұнда бас қаланың барлық аумағы көз алдында тұрады. Өрт қайдан шықты, қанша машина аттанды, қанша уақытта жетеді, бәрі бейнебақылау камерасы арқылы қадағаланады. Тіпті, өрт шыққан жердің аумағында қаптаған көліктер тұрса, Жол полициясы басқармасына хабар беріліп, арнайы эвакуаторлар шақырылады. Төтенше жағдайлар болуы ықтимал аймақты тиімді әрі жедел басқару үшін Газ-66 автокөлігіне байланыс құралдарын орнатып, командалық-штабтық ақпартанумен жабдықтаған екен. «УКВ» мобильді әрі көшпелі радиостанциясымен, «Турайа» спутникті байланысымен, 4 нөмірге дейін қалалық телефон байланысы, Интернет желісіне қосылған ноутбукпен, принтер, ксерокс, сканер, автономды электр қуатын беретін құрылғының екі түрімен қамтылған. Негізгі автомобиль – «Crafter-50». Ол көп қабатты үйлердегі өртті сөндіру кезінде қолайлы. Себебі, аулада көліктер толы болса да, қажетті подъезге тікелей өтуге мүмкіндігі бар. Депутаттар сонымен қатар апаттан құтқаруға арналған «КамАЗ» көліктерімен жеке-жеке танысып шықты.

Астанада биік үйлер көп. «Егер де көп қабатты үйдің ең жоғары бөлігінде өрт шықса, астаналық өрт сөндірушілердің шамасы келе ме?» деген сауалымызға, тәулік бойы тікұшақтар дайын тұрады деген жауап естідік.

Әйтсе де, бұл салада шешімін таппаған мәселе жеткілікті. Көп қабатты үйлерді бейнебақылаумен жабдықтау, тұрғын үй салуда авто­тұрақ мәселесін қарастыру, мектептерде орнатылған төтенше жағ­дай кезіндегі басқару сигналын бір жүйеге келтіру, құтқару бас­палдағының санын арттыру және түтінге қарсы қосымша маскалар сатып алу мәселелері сөз болды. Комиссия мүшелері бұл мәселелерді сессияда арнайы қарастыратын болды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × four =