«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құт қонған Қорғалжын

0 568

Асан қайғы бабамыз желмаясымен Cарыарқаны аралап келе жатып Қорғалжынды көргенде: «Кедейі кербез, кемпірі мен келіншегі ғұмырында мұқтаждық көрмейтін жер екен. Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, халқы тыныш, базары мол, қайғысы жоқ, қызығы көп жер екен» деп сипаттапты. «Қорғалжынға барамыз» дегенде көнеден құлағымызға сіңген осы сөз еске түсіп, құт қонған өлкені көруге құмарттық. Өзім бала күнімде Нұраның суына шомылып өстім. Ауылымның төрінен бастау алатын Нұраның теңіз көліне құятынын картадан көргем. Сол көлге бір барсам деп армандайтынмын. Жуырда сол сапардың сәті түсті.

Тасжолмен зулаған автобуста әндетіп отырып, Қорғалжынға тез жеткенімізді байқамаппыз. Кенттің кіреберісінде «Дударай» деген жазуы бар ескерткіш-стела тұр. Қызық болғаны, суретке түспекке сыртқа шыққанымызда шіркейлер лап қойды. Қорғалжын дегенде бірден «Дударай» әні есіңе түседі. Орыс қызы Мария Рыкинаның қазақ жігіті Дүйсенге ғашықтық сезімін баяндайтын ән халықтың жүрегінен орын алды.

«Мәриям Жагор деген орыс қызы,

Он алты, он жетіге келген кезі…».

Өңірдің әнұранына айналған әннің тарихы туралы ақын Ғалым Жайлыбай ағамыз былай жазды: «Орыс қызының жан сырын жырлап, әсем әуенге салған Үлебай Әнетұлы екенін айтады жергілікті жұрт. Үлебай Әнетұлының бейіті Өркендеу ауылының жанындағы қорымда. Осы ауылдың сыртында, Нұраның жағасында Тоқтамыс ханның қызы, ел үшін ерлікпен қазақ тапқан Қаныкейдің мазары бар. Атақты композитор Кенжебек Күмісбеков, күміс көмей әнші Рәбиға Есімжанова, академик Сұлтанбек Қожахметов, гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов – осы елдің перзенттері». Сөз арасында Ғалым аға Мәриям Жагорқызының бейіті Кеңбидайық ауылының жанында екенін айтты.

Алғаш ат басын бұрған жеріміз – Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының музейі. Қорық тарихы туралы деректі фильм көріп, саяхат-орталықты араладық. Жарты ғасырлық тарихы бар қорық ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Жалпы ауданы – 543 мың 171 гектар. Еліміздегі 500-ден астам құстардың 80 пайызы Теңіз–Қорғалжын алабын мекендейді. Соның 37-сі Қазақстанның Қызыл кітабына кірген. Осы санаттағы әйгілі қоқиқаз (фламинго) көлде балапан басып, күн суытқанда Үндістанға, Африкаға ұшады. «Бұл жер – қоқиқаздың солтүстікте жұмыртқа салатын соңғы мекені. Оның негізгі қорегі – артемия құрты. Мұндай құрттар тек тұзды көлде болады. Теңіз көлі тұздылығы жөнінен әлемдегі мұхиттардан 5-6 есе артық. Аталығы 4-4,5 келі, аналығы 3 келі тартатын құс ұясында бір, екі немесе үш жұмыртқадан басады. Аталық пен аналық кезектесіп баса береді. 1916 жылғы санақта қоқиқаздың саны 14 мыңға жуық деп жазылған. Популяциясы өсіп келеді. Бірақ қазіргі санын айта алмаймын» деп әңгімеледі экскурсия жүргізуші. Оның айтуынша, қоқиқаз – өте үркек құс. Төбеден ұшақ ұшса не моторлы қайық жақындаса, жұмыртқасын, балапанын, ұясын тастап, ұшып кетеді. Екінші рет қайтып оралмайды. Басты жауы – өгіз шағала қоқиқаздың ұшқанын көріп, ұясына шабуыл жасайтын көрінеді. Қорғалжынның қоқиқазын тек бинокльмен көруге болады.

Түс ауа қорыққа жеттік. «Қаражар» кордонының арғы жағында Теңіз көлі жарқырап жатыр. Қорық аумағында балық аулауға, суға шомылуға рұқсат жоқ. Бірақ заманында Кенесары хан көлге түсіпті. «Бұл жерде Кенесары хан Ұлытауға барар жолда дем алған. Сол себепті көл халық арасында Сұлтанкелді деп аталды» деген жазу – соның айғағы. Кордонда Дінмұхамед Қонаев атамыздың саяжайы тұр. Бұл алаптағы көлдердің саны оннан асады. Әр көлдің тарихы бар. Ол тарих ұлы тұлғалармен айшықталған. Соның бірі – жыр дүлділі Құлтума Өтемісұлы. Ғалым Жайлыбай жазғандай, «Құлтума Кенесары хан жасағына еру жасағандықтан, соның құрметіне «Сұлтанкелді» атанған үлкен көлдің сыртында жерленген».

Теңіздің жағасы – ғажайып бір әлем. Бірақ адам баласының жанашырлығынан құр қалғандай әсер етті. Бәлкім, аң-құстарды үркітпес үшін дұрыс та шығар. Алайда Теңіз көліне салынған тозығы жеткен көпір көңілімді құлазытты. Өзге ұлттікі болса, мұндай айдын көлдің айналасын жайнатып-ақ қояр еді. Сонда да сынған көпірмен жүрдік. Көл жағасы батпақты, балдырлы екен. Көз ұшында аққу-қаздар жүзіп жүр. Төбемізден тырналар ұшып өтті. Айтпақшы, бұл жердің бұлттары да өзгеше екен. Ақ қауырсынға ұқсайтын бұлтты көріп мәз-мейрам болдық. Құстардан бөлек, ақбөкен, қабан, түлкі, қасқыр, қарсақ, суыр және т.б. аңдардың түрі кездеседі. Кордондағы үйшікте дәмі тіл үйіретін балық сорпасын іштік. Нұраның тайдай тулаған балықтарын азық еттік. Қайтар жолда Нұраның суына шомылып, табанына қармақ салдық. Бір күндік демалыстан алған әсеріміз ұшан-теңіз. Кетерде артқа бұрылып: «Қош, құт қонған Қорғалжын!» деп қол бұлғадық.

Сөз соңында журналистер қауымының бастамасына қолдау білдірген Қорғалжын табиғи қорығының директоры Ұлан Абжанов мырза мен осы ұжым қызметкерлеріне ризашылығымызды білдіреміз.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды