Құрылысшылармен онлайн кездесті

0 38

Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов құрылыс компаниялары басшыларымен кездесті. Онлайн-жиналыста алдын ала жобалаудың дайындығы, жеке жобалауды жоспарлау, инженерлік желілер мен жүйелердің орнатылуы және басқа мәселелер талқыланды. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында жеңілдетілген бағамен сатылатын 8 мыңнан аса пәтер салынады.Жалпы, биыл қалада тұрғын үйдің жалпы көлемі шамамен 3 миллион шаршы метрге жетіп отыр. Жыл басынан бері елордада 637 мың шаршы метр пайдалануға берілді. «Біз бірлесе алдымызға ортақ міндет қойып, жұмыс жасаудамыз. Ол – азаматтарымыз үшін үй салу. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылыс көлемін арттырамыз, жеңілдетілген бағамен берілетін 8 мыңнан аса пәтер салынады. Мысалы, өткен жылы 2900 әлеуметтік пәтер пайдалануға берілген. Әлеуметтік тұрғын үй кезекте тұрған азаматтарға арналған. Яғни бұл – аз қамтылған азаматтар санаты, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» кезекте тұрған салымшылары. Біз баспанаға кезекті мейлінше жылдамдатуға тырысамыз. Өз тарапымыздан сіздерді қолдауға әзірміз. Бюрократия болмауы керек, қажет болған жағдайда әр құрылыс компаниясымен жеке жұмыс істейміз. Сондай-ақ биыл келесі жылға да жоспар дайындау қажет» деді елорда әкімі.
Кездесу барысында Алтай Көлгінов жұмыспен қамту орталығы арқылы жаңа ­кадрлар алу керектігін айтты. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 15 мың жұмыс орны ашылатынын айтты. Сонымен қатар объектілерде маска кию, қашықтық сақтау, санитарлық тазартқыштар мен дезинфекция құралдарын орнату сияқты қатаң санитарлық ережелерді сақтау қажеттігін ескертті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × two =