Құрылысшы Ләззат

0 123

«Шар» құрылыс компаниясында №5 учаске бастығы, әрі прорабы Ләззат Бекқұлованы құрбым мақтап отырушы еді. Істеген жұмысының сапасын, адам ретінде адамға жасаған жақсылығын айтып қоймаған соң, менің де бір жолы көргім келіп, құрылыс алаңына бардым. «Шар» құрылыс компания­сы  салып жатқан «Сказочный мир» шағын ауданындағы құрылыс алаңында үстіне ақ комбинезон, ақ футболка киіп, басындағы аппақ кепкасы өзіне ерекше жарасқан аққұба келіншектің Ләззат екенін бірден ұғып, оған қарсы жүрдім.

Өресі биік адамдар туралы өзгеге айту үшін әуелі олар­дың деңгейіне жету керек деп ойлайтынмын. Мен ешқашан құрылысшы болмаймын. Бірақ өмірдің өз қағидасы, әркімнің өз жолы бар. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейтін қа­зақы тәлімді бетке алып менің ол туралы өзгелерге айтқым келіп кеткені.

Ләззат Төркенқызы 1963 жылы Көк­шетау облысының Ақжар ауданының Жаңа­ауыл ауылында дүниеге келген. 1980 жылы он­жыл­дық орта мектепті бітір­­генде аттестат­пен бірге жас­тар техника тілін мең­герсін деген партия нұс­қауымен тракторшы ма­мандығын алып шықты. К-700 маркалы алып тракторды бағындырған өжет қыз Зерендідегі техникумда оқып агрономдық мамандықты меңгерді. Жасынан не істесе де ұқыпты, тындырымды, жақсы істеуге тырысатын. Өйткені, отбасына тірек бо­лып жүргенде кенеттен жазылмас дертке шалдыққан әкесі Төркенді қуан­ту мұның басты мақ­саты еді.

Әнші, домбырашы, жас­тар арасында ерек­ше беделді Ләз­зат Пав­лодардағы ай­мақ­­тық комсомол конференциясында кеңшардағы комсомол ұйымының хат­шысы болып сайланды. Қоғамдық жұмыста бел­сенділік көр­сетіп жүрген жақсы істердің бастамашысына зор сенім артылды. Құрамында екі жүз елу мү­шесі бар жастар ұйымын басқарған 1986-1989 жылдар өз өміріндегі үлкен бір бе­лес екенін ол әлі күнге дейін есінен шы­ғарған емес.

1989 жыл еді. Асау жыл­қыны жалғыз өзі бұғалықтап, ер салмай-ақ жөнге салатын намысқой, албырт, шабандоз жылқышы парталас досы Болат­бек бұған өз сезімін білдіргенде, «Немене, Отан алдындағы борышыңды Бай­қоңырда екі жыл бойы атқарып келдім деп өсіп кеттің бе? Мен се­нің бастығыңмын ғой, ұйым бастығына сөз айтуға қалай батылың барды» деп еркелеген. Сөйтсе де, тума-туыс, дос-жаран ортасында дүркіреп той өткізді. Жыл айнала махаббат пен іңкәрліктің куәсіндей ұл­дары Үммәт келді өмірге.

«Көппен көрген – ұлы той» дейді халқымыз. Ел аман, жұрт тыныш, қаймағы бұзылмаған қара жер мен көк аспан төбеден төніп тұрғанда ағайын арасындағы байлық пен мал бөлісу деген не тәйірі? Дүние деген қолдың кірі емес пе? Ортасында жүрсе де жекеменшік иесі болмады сол жылдары. Болатбектің мойнындағы нүктедей мең өз-өзінен өсіп ұлғая берді.

Мәскеудің, Новоси­бирскі­нің белді-белді деген дәрі­гер­лері сол меңнен әлде­бір радиоактивтік элементтің тозаңын тапқан.

Сол жылдары Ләззаттың әкесі де дүниеден озды. Қай­­ғыға қайғы қоспайын деді ме екен, Ләззат күйеуі Болатбекті бар ниетімен талай емшіге сүйрегендей болып апарып, қаратып жүрді. Ажалға шара бар ма, 1996 жылы дауасыз дерттен ері де қайтыс болды.

Үмметімді, анам мен бауырларымды бір жақсылыққа жеткізсем деген арман ақы­ры Ләззатты 1999 жылы Астанаға алып келді. Құры­лыс саласында ол істемеген жұмыс кем де-кем. Бетоншы, сылақшы, әрлеуші, тіпті, тракторшы жетпей жатса, К-700-ді бағындырған тәжірибесі кәдеге жарап, шөмішті трактормен жер де қазған кездері болды. «Шар» құрылыс компаниясына да сол жылдары жұмысқа кірген. Бауырларымен бірігіп шағын пәтер сатып алды. Үмметі мектепте озат оқушы болды. Өзі де жұмыс істей жүріп институтта сырттай оқып құрылысшы-инженер дипломын алды…

Әкесін жоқтай ма екен ұлы Үммет ауылдағы ата-әжесіне жиі баратын. Бір жолы ауылда үш күн болып қайтып келді. Қызуы көтеріліп тұр екен, ау­ру­ханаға алып барды. Дә­рігерлер «қараймыз, тек­­сереміз» деген соң ұлын ауруханаға жатқызып, ке­лесі күні барған. Ем­деуші дәрігер: «Баланы үйге алып кетіңіз, молда шақырасыз ба, қайтесіз…» деп, шарасыздық танытты. Кейін білді, бала­ның денесі ісініп, ине салса, батпай қойған екен… Сол жолы қызуы басылмас­тан жалғыз ұл да дүниеден озды…

Өң мен түстей өмір-ай… Жалғыз өмір сүрудің мәні жоқ екен… Ләззаттың талай рет жоғарыдан құлап өлгісі келді. Бірақ, өз-өзіне қол салу – кешірілмес күнә. Оның үстіне, соңында қалар жалғыз анасы мен өз қолдары өз аузына жетпеген бауырларының өміріне алаңдады.
Ұлының қазасынан кейін ай өткен соң жұмысқа шық­пағасын оны компа­ния пре­зиденті Жанна Жақсы­лық­қызы шақырды деген соң амал­сыз жұмысқа келді. Келсе, том-том папкінің ішін­дегі «Меруерт» атты тұрғын үй құрылысының барлық техникалық жобасы бар екен. Жанна Жақ­сылыққызы: «Үйге алып кетіп, оқып таныс. Он бес күннен кейін іске кірісесің. Осы үйдің жақсы немесе жаман болып шығуы өзіңе аманат» деді.

– Жо-о-оқ, – деді Ләззат, – ондай жауап­кершілікті мойныма ала алмаймын… Ірге тасынан бастап үй салу… оған менің тәжірибем жетпейді де….

Алайда, компания басшысы, еркіне қоймады:

– Маған сапалы салынған үй керек болса, саған қай­ғы­­дан арылу қажет. Бір-бірімізге көмектесейік!

Ләззат үй іргесі биіктеп, қабырғалар қаланып әр бөл­ме әрленген сайын жан жары Болатбек пен жан жү­регін жарып шыққан жал­­ғызына есеп беріп, пә­тер иелерінен алатын алғысын періште көңілмен солардың аруағына арнайтынды шығарды…

Содан бері қанша құры­лыстың басы-қасында бол­ды. Анау Мирзоян көшесіндегі 10 қабатты тұрғын үй, Ел Президенті Н.Назарбаев өзі келіп лентасын қиып пай­далануға берген жетім балаларға арналған кәсіптік-техни­калық училищенің оқу залы мен тұрғын үй кор­пустары, «Қазақстан» спорт­кешеніндегі қысқы Азиадаға арнайы салынған хоккейшілерге арналған қо­сым­ша зал, «Сказочный мир» тұрғын ауданында са­лынған 6 тұрғын үй… – бә­рінде соңғы нүкте қоятын әрлеушілер учаскесінің бас­тығы есебінде көп еңбек сіңірді.

«Өмірінің қиын-қыстау ке­зеңін­де сенім білдіріп, көмекке қол созып, қайғыма ортақтасқан Жанна сіңліме сол кездегі көмегі үшін мәң­гілік қарыздармын», – дейді Ләззат.

Қала ортасындағы кең де жарық сәнмен жиналған пәтерінде отырып емен-жарқын әңгіме-дүкен құр­ған сол сәттерден есімде қал­ған үзік-үзік сырлар осылар…

Көңілге дем бергені, Ләз­­зат қазір жалғыз емес екен. Батыстың, соның ішінде Нарынның нар ұлы – Мақсот Ләззатты ала­­қанына салып, аялап отыр. Ал, Ләззат баяғы­ша өзіне артылған міндетті, құрылыстағы жұмысын абыроймен атқарып келеді.
Айтпақшы, 2008 жылы ол «Құр­метті құрылысшы» атағын алған.

Бақыт Жасқалиева

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + fourteen =