Құрылыс жұмысы қарқынды

0 207

Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының кезекті отырысында  әлеуметтік және тұрғын үй құрылысы салаларындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы мен қаладағы боулинг ойы­ны жолақтарына салынатын салық мәселесі қаралды.

2-2

Бірінші мәселе бойынша Астана қаласы құрылыс басқармасының басшысы Талған Рыспеков баяндама жасады.
– Елордада соңғы үш жылда 15 мектеп, 19 балабақша, денсаулық сақтау саласында 10 нысан пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысы бо­йынша 312,5 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 5619 пәтер, оның ішінде 3209 пәтер аймақтарды дамыту бағ­дарламасы негізінде пайдалануға беріл­ді, – деп бастады басқарма басшысы депутаттардың назарына ұсынған баян­дамасын.
Жалпы қалалық құрылыс басқармасы көп пәтерлі үйлерге коммуникация жүйесін өткізу, сондай-ақ Есіл өзені учаскелерін қайта жарақтандыру бойынша белгіленген кестеге сәйкес тыңғылықты жұмыс атқарған. Бүгінгі таңда басқарма қала мектептеріндегі тығыздық проблемасын азайтуға байланысты жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, қаладағы №32, 37, 16 мектептері жанынан қосалқы ғима­рат­тардың құрылыстарын жүр­гізуде.
Қалада 500 орынға арналған жаңа туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Бүгінде қала бойынша 9 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бой көтеріп келеді. Бұл үйлерде 2068 пәтер болады. Жаңа үйлер 2016 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетіні жоспарланып отыр.
Отырыс барысында депутаттар тарапынан 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша салынуға тиіс үйлердің құрылысы қашан аяқталады деген сауал қойылды. Басқарма басшысы Т.Рыспеков бұл бағытта тыңғылықты жұмыс жүргізіліп жатқанын, атап айтқанда бағдарлама бойынша 310 пәтерді тапсыру ғана қалғанын, бұл баспаналар жақын арада пайдалануға берілетінін жеткізді.
Сонымен қатар, басқарма басшысы жаңадан салынып жатқан жалпы білім беретін кәсіптік оқу орталығының құрылысына бөлінген қаражаттың жартысы игерілгенін, ал құрылыс жұмысы 2017 жылы аяқталатынын мәлім етті.
Күн тәртібіне қойылған екінші мәселе бойынша Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының өкілі Нұржан Букин депутаттар қарауына қаладағы боулинг-клубтардың ұжымдық өтінішін жеткізді. Бұл ретте қаладағы боулинг ойындары жолақтарына салынатын салық көлемін төмендету мәселесі ұсынылған. Осы орайда республика бойынша Астанада ең көп салық мөлшері қойылып отырғаны алға тартылды. Атап айтқанда, елордадағы боулингтің бір жолағына 72 айлық есептеу көрсеткіші көлемінде салық белгіленген екен. Астанадағы боулинг клубтарының өкілдері бұл жағдайда аталған кәсіпкерлікті, яғни боулинг ойынын дамыту қиынға соғатынын айтады.
Бүгінгі таңда Астана қаласында 5 боулинг клубы тіркелсе, оның біреуі жұмыс істемей тұр екен. Бұл клубтардың барлығын қосқанда 28 ойын жолағы іске қосылған.
Аталған мәселе төңірегінде қызу тал­қылау өтіп, нәтижесінде депутаттар мемлекеттік кіріс органдарына боулинг жолақтарына хронометражды тексеру жүргізуді, содан кейін түп­кілікті шешім қабылдау жөнінде ұсыныс жасады. Осылайша, бұл мәселе тағы да тиянақталып, қайта қаралатын болды.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 19 =