Құрылыс қарқыны төмендеген жоқ

0 25

Қазақстанда негізгі құрылыс материалдарына деген нарықтың сұранысы 934 млрд теңгені құрайды. Сұраныстың жартысына жуығы отандық өнімдер арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Құрылысшылар одағының президенті Талғат Ерғалиевтің пікірінше, бұл көрсеткішті 80-90 пайызға жеткізу керек.

Елімізде осы салада 5000-ға тарта кәсіпорын жұмыс істесе, олардың 2000-ы құрылыс өнімдерін шығарумен айналысады. Індеттің салдарынан бұл компаниялардың 30 пайызы зардап шеккен. Дегенмен мұндай келеңсіздікке жол бермеуге болар еді.
«Мемлекет салынып жатқан нысандарды сатып алып, мұқтаж азаматтарға жалға беру, болмаса бөліп төлеу арқылы сатып алуды қарастыруы тиіс. Бұл арқылы экономиканы сақтап, әрі мұқтаж азаматтар мен бизнесті қолдау мүмкін болар еді. Бірақ ұсынысты қаперге алған ешкім жоқ. Ал індет елдегі салаға кері әсерін тигізді. Құрылысшылардың азайып, нарықтың әлсіреуі тұрғын үйлердің қымбаттауына алып келді. Алайда құрылысты тоқтатып қоюға болмайды. Сондықтан компаниялар қарызға кіріп, несие алса да, жұмысын жалғастыру­ға бекінді» дейді Талғат Ерғалиев.
Құрылыста отандық өнімдердің үлесін арттыру маңыздылығы әсіресе, карантин кезінде айқын байқалған. Шетелден құрылыс материалдарын тасымалдау қиындағандықтан олардың тапшылығы туындап, бағалары да күрт қымбаттап кетті. Соның салдарынан көптеген нысан уақытынан кешіктірілуде. Десе де ресми деректер елдегі тұрғын үйлерді пайдалануға беру үлесі 6,5 пайызға артқанын көрсетеді.
Жыл басынан бері жалға берілетін пәтерлердің құны 10 пайызға қымбаттады. Нарықтағы баға бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында бір бөлмелі пәтердің құны 100 000 теңге шамасында, алайда Алматыда одан да қымбат –120 000 теңге. Басқа қалаларда: Ақтөбеде –
60 000 теңге, Талдықорғанда да осы баға, Көкшетауда –
65 000 теңге, Өскеменде – 70 000 теңге, Шымкентте – 80 000 теңге.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five − two =