Құрылыс қарқыны бұрынғыдан бәсеңдемейді

0 21

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен селекторлық отырыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Онда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндама жасады.Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республика бойынша 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Сол арқылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, аз қамтылғандар мен жастар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері санатындағы 32 мыңнан аса отбасы жалға берілетін және кредиттік пәтерлермен қамтамасыз етілетін болады.
– Қазіргі жағдайдағы Үкіметтің ең маңызды міндеті – құрылыс қарқынын ұлғайту, халықты тұрғын үймен қамту, жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру. Бүгінде құрылыс саласында шамамен 700 мың адам жұмыс істейді, – деген А.Мамин құрылыс саласы экономиканың негізгі драйверлерінің бірі екенін атап өтті.
Премьер-министр құрылыс маусымын уақытында бастауды, жоспарланған тұрғын үй көлемін беруді және бөлінген қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов өз кезегінде бас қалада 2020 жылы 500 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салу көзделгенін айтты. Бұл – шамамен 8 мың пәтер. Ал 2021 жылы 8,5 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Халыққа қолжетімді тұрғын үйлер салумен 21 мердігерлік ұйым айналысып жатыр. Бүгінде 16 көпқабатты тұрғын үй кешені бойынша 3768 пәтердің құрылысы жүргізілуде.
– Мемлекет қолдауының арқасында құрылыс материалдарының құны арзандатылады. Ол үйлердің сапасына нұқсан келтірілмей, шаршы метрдің құнын азайтуға және құрылыс салу мерзімін қысқартуға көмектеседі, – деді А.Көлгінов.
Астанада бюджет қаражаты арқылы және мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар бойынша нысандар салу барысында отандық құрылыс материалдарын пайдалану және оның көлемін арттыру жөнінде бірқатар шаралар қабылданды. Құрылыс саласында мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық мазмұнның үлесін көбейту мақсатында қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + four =