Құрылыс неге созылып кетті?

0 29

Елордадағы 3-ЖЭО-ны (ТЭЦ) пайдалануға беру мерзімі ұзаққа созылды. Осы жылдың сәуір айында жобаға тағы түзету енгізілді. Нәтижесінде жоба 35,3 млрд теңгеге қымбаттап, жалпы құны 122 млрд теңге болды. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында осыны қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Төлеген Құлышев баяндады. Отырыста 3-ЖЭО құрылысымен қатар шаһардың нөсер сулар кәрізі жүйесін дамыту, жаңа мектептер құрылысы мен орта білім беру орындарына инженерлік желілерді тарту мәселелері қаралды.МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАРҒА ТҮЗЕТУ ЕНГІЗІЛДІ

Т.Құлышевтің айтуынша, 3-ЖЭО пайдалануға берілген соң қалаға қосымша сағатына 440 гигокалория жылу энергиясы келеді. Осы уақытқа дейін нысан құрылысына бөлінген 82,3 млрд теңге игерілді. Тағы 11 млрд теңге бөлу туралы бюджеттік сұраныс жіберіліп, оның 5 миллиардын республикалық ведомствоаралық комиссия мақұлдады.
– Бұл қаржы есебінен биыл су жылыту қазандығы, трансформаторлар және инженерлік желілер бойынша жұмыс жалғасады. 2022-2023 жылдың жылыту маусымына дейін 3-ЖЭО құрылысының бірінші кезеңін аяқтап, нысанды іске қосу үшін қосымша 30 миллиард теңге керек, – деді Т.Құлышев.
Нөсер сулары кәрізі жүйе­сін дамытуға тоқталған ол бұл жүйе қазір 17 тазарту құрылғысы және 12 су жинағыш тоғаннан тұратынын баяндады. Осы жылы бұл жүйені дамытуға 5,7 млрд теңге бөлінді. Сол арқылы Қорғалжын тасжолынан солтүстікке қарай, «Жастар» шағын ауданы аумағында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда «Нұрлы жол» вокзалы маңайындағы жұмыстарға қаржы бөлінбеді. Жалпы, осы жылы «Нөсер сулары кәрізі жүйесін дамыту» бағдарламасы бойын­ша қаржы тапшылығы 8,3 млрд теңгені құрап отыр. Осы бағдарлама аясындағы төрт жоба бойынша мемлекеттік сараптама оң шешім шығарды. Қазір мердігерді анықтау үшін конкурстық шаралар жүргізіліп жатыр.
– Бұған Мәңгілік ел даңғылынан №7 көшеге дейінгі коллектор, Тәуелсіздік даңғылы бойындағы Момышұлы даңғылынан ­Тәшенев көшесіне дейінгі сорғы стансасы, Алаш тасжолындағы тазарту құрылғылары, «Ақбұлақ» шағын ауданын жаңғырту жұмыстары кіреді. №2 коллектор бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп жатыр. Бұл жұмыс осы жылдың аяғына дейін жүргізіледі. Құрылыс материалдары мен қажет қондырғылардың қымбаттауына байланысты кейбір жобаларға түзету енгізуге мәжбүрміз, – деді Т.Құлышев.

СУ БАСАТЫН АЙМАҚТАР АЗАЙДЫ

Қала әкімінің тапсырмасымен иесі анықталмаған нөсер сулары кәрізі жүйесін коммуналдық меншікке алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осыны айтқан баяндамашы бұл жүйенің жалпы ұзындығы 610 шақырым болса, оның 420 шақырымы балансқа алынғанын жеткізді.
Оның айтуынша, өткен жылы қалада су басатын 37 проблемалы аймақ болды. Тиісті жұмыстар жүргізілген соң олардың саны 29-ға азай­ды. Бұл жұмыспен «Elorda eco system» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны айналысып жатыр. Соның ішінде негізгі үш проблемалы аймақ бар. Олар Б.Момышұлы даңғылы, «Жастар» шағын ауданы-­­А.Иманов көшесі, Тұран-Ұлы дала даңғылдары аумағында орналасқан. Қазір тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– «Өндіріс» тұрғын алабын су басуын болдырмау үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп жатыр. Оған 14 миллион теңге бөлінді. Жобалауды аяқтауды осы жылдың соңында жоспарлап отырмыз. Қала басшысының тапсырмасымен осы тұрғын алапта бесінші кезектегі магис­тралды коллектор салынады, – деді Т.Құлышев.
Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы жалпы алғанда нөсер сулары кәрізінің 21 жобасын жобалап жатыр. Жобалауды жалғас­тыру үшін биыл жергілікті бюджеттен 145 млн теңге бөлінді. Бүгіндері елордада қар ерітудің стационарлы стансасы салынуда. Бұған қоса, тағы осындай төрт стансаның жобасы әзірленуде.

ЖАҢА БАС ЖОСПАРҒА САЙ БОЛҒАНЫ ЖӨН

Қалалық мәслихат депутаты Асқар Смағұлов 3-ЖЭО жобасы неге қымбаттағанын, нысан қандай отынмен жұмыс істейтінін сұрады. Мердігердің айтуынша, нысан газбен де, көмірмен де жұмыс істейтін болады. Оның себебі, газбен проблема туындап, техникалық ақаулар шығуы мүмкін. Сол кезде нысан көмірге көшіріледі. Ал бастапқы жоба бойынша 3-ЖЭО құрылысы 2011-2015 жылдары жүруі тиіс еді. Бірақ қаржы уақытында бөлінбеген. 2015 жылдың аяғына қарай қаржы тапшылығы 25 млрд теңгені құрады. Содан соң жобаны жүзеге асыру мерзімі создырылды. Жобаның қымбаттауына инфляция әсерін тигізді.
Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Құлышевтің сөзінше, келесі жылы 3-ЖЭО-ны іске қосуға тапсырма берілді. Оның себебі, қалада жылу энергиясы жетпей жатыр. Сондықтан жылу-энергия орталығын қалай да пайдалануға беру керек.
Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов 3-ЖЭО-ның қазіргі жағдайымен депутаттар танысу керектігін айтып өтті. «Осы уақытқа дейін нысанда не салынды? Тағы қандай құрылыс жұмыстары керек? Осы жағынан бейхабармыз. Тиісті слайд жасап, бізге таныстырыңыздар. Сосын барлық жерде инженерлік желілер мәселесі де өзекті. Қалада мемлекеттік бағдарламалармен көптеген тұрғын үйлермен қатар мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Олардың барлығында инженерлік желілер құрылысы мәселесі туындап отыр. Қазір 2030 жылға дейінгі елорданың бас жоспары әзірленіп жатыр. Соған сәйкес бүкіл құрылыс жұмыстарын алдын ала есептеу керек. Бұл жоспармен де таныстырыңыздар» деді Е.Каналимов.

ЖАҢҒЫРТУ ҰЗАҚ УАҚЫТ АЛДЫ

Қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Жанқонақов 1-ЖЭО-ны жаңғырту 2008 жылдан бері, 2-ЖЭО-дағы аталмыш жұмыс 2009 жылдан аяқталмағанын айтты.
– 1-ЖЭО-ны жаңғырту бойынша 2008 жылдан 2019 жылға дейін 31 миллиард 312 миллион теңге игерілді. 2-ЖЭО жобасы бойынша 2009 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың бірінші жартыжылдығына шейін 105 миллиард 912 миллион теңге игерілген. Жалпы алғанда, 137 миллиард теңге игерілді. Бұл дегеніміз қыруар қаржы ғой. Бұған бақылау жасала ма? ЖЭО-ларды үнемі жаңғыр­тып отыру керек пе? Осы маған түсініксіз, – деді ­Б.Жанқонақов.
Жылу-энергия орталықтарын жаңғыртумен «Центрказэнергомонтаж» АҚ айналысқан. Компания басшысы Ренат Талғатұлының айтуынша, мұнда ауқымды жаңғырту жүргізілді. Қазандықтар, турбиналар жаңартылды.
Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов депутаттарға келесі аптада 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ға барып, онда атқарылған жұмыстарды, қазандықтарды газға ауыстыру барысын тексеруді ұсынды.

МЕКТЕПТЕР ҚҰРЫЛЫСЫ ТҰРАЛАП ҚАЛМАСЫН

Қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Батыр Котырев елордада мектептер мен инженерлік-желілер құрылысы бойынша қандай мәселелер барын сұрады.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы 4 мектептің құрылысын қосымша қаржыландырудан түйткіл туындап отыр. Мұны айтқан «BI Construction&Engineering» ЖШС бас директоры Олег Тен қаржыландыру кешіктіріліп жатқанын жеткізді.
– Келісімшартқа сәйкес «Nova City» тұрғын үй кешені аумағындағы мектеп үшін 15 маусымда қаржы түсуі керек еді. Бірақ ақша шілде айында түсетін болды. Бұл мектепті биылғы 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. «Capital Park» тұрғын үй кешені маңындағы мектепті 2021 жылдың желтоқсанында тапсырмақпыз. Қосымша қаржыландыру жобаның жалпы құнының 30 пайызын құрайды. Ол болмаса, несие ала алмаймыз, – деді О.Тен.
Қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Әрсен Жанғасқанов бұл мәселені түсіндіре келе, қосымша қаржыландыру тиісті заң бойынша жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жалпы төрт мектептің құрылысына 8,5 млрд теңге қарастырылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 1 =