Құрылыс неге сапасыз?

0 16

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатына елордадағы әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі үйлер құрылысының сапасына қатысты тұрғындар тарапынан көптеген шағымдар түсіп жатыр. Сондықтан мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы осы мәселеге арналды. Жиында қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Әрсен Жанғасқанов баяндама жасады.Алдымен ол орта білім беру нысандары құрылысымен таныстырды. «2018-2020 жылдары мектептер тығыздығы мәселесін шешу үшін 11100 орынға шақталған 11 мектеп пайдалануға берілді. Бұған қоса, мектептерге 4812 орынға арналған 10 жапсаржай салынды. 1600 орынға лайықталған екі кәсіптік-техникалық мектеп пайдалануға берілді. Мектепалды екі нысан инженерлік-коммуналдық коммуникациялармен қамтамасыз етілді. Өткен жылы көз көруі нашарлаған балаларға арналған балабақша пайдалануға берілді. Ал биыл 8300 орындық 7 жалпы білім беру мектебі мен 600 орындық жапсаржай құрылысын жалғас­тырамыз. Мұны жыл соңына қарай іске қосуды жоспарлап отырмыз. Биыл 4800 орындық төрт мектеп, №23 мектепке 600 орындық жапсаржай іске қосылады» деді баяндамашы.
Денсаулық сақтау нысандары құрылысына тоқталған басқарма басшысы былтыр Р.Қошқарбаев даңғылындағы №1 қалалық аурухана аумағында 250 орындық перинаталды орталықты жобалау басталғанын мәлімдеді. Оған 6 млн теңге бөлінген. Бұл жұмысты аяқтау мерзімі осы жылға қойылды.
– 2020 жылы індеттің таралуын болдырмау үшін республикалық бюджеттен 5,5 миллиард теңге бөлінді. Оның 5,2 миллиарды індетке шалдыққандарды орналас­тыруға арналған модульді құрылымдарға жұмсалды. Қазір ауысымына 150 нау­қасқа арналған емхананы жобалау бойынша конкурстық жұмыстар жүріп жатыр. Бұл нысан «Интернациональный» тұрғын алабында орналасқан. Сонымен қатар №2 қалалық аурухана мен №1 перинаталды орталық жандарындағы қабылдау-диагностикалық кешені жобасы әзірленіп жатыр, – деді Ә.Жанғасқанов. Оның айтуынша, №1 қалалық емхананы қайта салу, 3 денсаулық сақтау нысанын жобалауды бастау да жоспарланып отыр.
2018-2020 жылдары елордада 3381 пәтерлік 16 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынған екен. Соның 8-і – жалға берілетін тұрғын үйлер. Жылдарға шаққанда 2018 жылы – 4 үй, 2019 жылы – 6 үй және 2020 жылы 6 үй пайдалануға берілген.
– Осы жылы Құрылыс басқармасы 7793 пәтерді пайдалануға беріп, сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл биыл 10 тұрғын үй кешенін пайдалануға беру есебінен жүргізіледі, – деді басқарма басшысы.
Бірақ әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер қанша салынып жатса да, әлі де жетпей жатыр. Көбісінің сапасы да көңіл көншітпейді. Мәселен, С409 көшесіндегі №43, 45, 47 үйлер бюджет қызметкерлеріне, зейнеткерлер мен жетім балаларға берілген. Мәслихат депутаттары сол үйлердің жағдайымен танысқан. Осы күндері бұл үйлердің шатырынан су ағып жатыр. Мұны депутат Батыр Котырев айтты. Осы үйлерге жауапты «Дружный двор» ЖШС төрағасы бұл үш үй мемлекеттік бағдарламамен салынып, 2015 жылы пайдалануға берілгенін, бірақ 2016 жылы шатырында проблемалар басталғанын жеткізді.
Депутат Ерлан Дәкеновке Қарасай батыр, 24 мекенжайы тұрғындары үйдің ауласы абаттандырылмай, паркинг салынбағанына шағымданған. Жалпы мәслихат депутаттары жүргізген тексерістің қорытындысында 2019 жылдан бері 5 мыңдай адам тұратын 40 көппәтерлі үйде абаттандырумен, инженерлік желілермен проблемалар бар екенін анықтаған.
Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов жағдайды саралай келе, әлеуметтік нысандарды қабылдау комиссиясына мәслихат депутаттарын қосуды ұсынды. Қала құрылысын жоспарлауды шаһардың өсуіне, бас жоспарға сәйкес, нақты қажеттіліктерді ескеріп, жүргізу керектігін ерекше атап өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 1 =