Құрылыс материалы – өзімізден

0 9

Астанада 2020 жылы қолжетімді тұрғын үйдің құрылысы 3 есе ұлғаяды. Ал 2021 жылы оның көлемі биылғыдан да көбейеді. Соңғы жылдары «Нұрлы жер», 7/20/25, «Бақытты отбасы», «Баспана хит», «Стандарт» бағдарламалары бойынша халықтың баспанаға қолжетімділігі арта түскен.2019 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттік қаржыландыру есебінен «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы көлемі 120 мың шаршы метр 1 384 пәтердің құрылысы аяқталды және көпбалалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін 1 599 пәтерлі тұрғын үй сатып алынды. Апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу жөніндегі пилоттық жоба аясында «Елорда Даму» ЖШС желісі бойынша 94 мың шаршы метр 1 472 пәтер бой көтерді.
«Тұрғын үй мәселесі – бас­ты, маңызды бағыттардың бірі. Өткен жылы кезекте тұрған 2900 азамат пәтер алды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл қолжетімді баспана көлемі 3 есе ұлғайса, 2021 жылы одан да көп болмақ. Мемлекеттің қолдауының арқасында құрылыс материалдарының құны арзандатылады. Ол үйлердің сапасына нұқсан келтірілмей, шаршы метрдің құнын азайтуға және құрылыс салу мерзімін қысқартуға көмектеседі» деді А.Көлгінов.
2020 жылы 500 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салу көзделген. Бұл – шамамен 8 мың пәтер. 2021 жылы 8,5 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Халыққа қолжетімді тұрғын үйлер салумен 21 мердігерлік ұйым айналысып жатыр. Бүгінгі күні 16 көпқабатты тұрғын үй кешені бойынша 3 768 пәтердің құрылысы жүргізілуде.
«Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасы» ММ қаланың әлеуметтік бағдарламаларын дамыту және тұрғын үй нысандарын салу бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жауапты. Басқарма басшысының орынбасары Жан Мырзағалиұлының айтуынша, тұрғын үй нысандарын салу кезінде отандық құрылыс материалдарын пайдалануға және оның үлесін көбейтуге көп мән беріледі.
– Астанада бюджет қаражаты арқылы және мемлекеттік пен үкіметтік бағдарламалар бойынша нысандар салу барысында отандық құрылыс материалдарын пайдалану және оның көлемін арттыру жөнінде бірқатар шаралар қабылданды. Құрылыс саласында мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық мазмұнның үлесін көбейту мақсатында қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр, – деді ол.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарына, оның ішінде тұрғын үй салу үшін мемлекеттік сатып алу конкурстарын жүргізгенде жобалау-сметалық құжаттар негізінде техникалық маманданым жасалынады. Ол өз кезегінде мемлекеттік сараптама арқылы бекітіледі. Бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес отандық өндірушілердің материалдары, жабдықтары және конструкциялары барынша көп пайдаланылады. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарында пайдаланылатын жергілікті мазмұнның (қазақстандық мазмұнның) үлесін есептеу үшін әлеуетті жабдықтаушыларға
СТ-KZ сертификаты бе­рі­леді. Басқарма тарапы­нан мердігерлік ұйымдарға отандық өндірушілердің материалдары мен жабдықтарын сатып алу туралы ұсыныс берілді.
Басқармадан ағымдағы жылы жеті көпқабатты тұрғын үй салуға тапсырыс алған «Казстройподряд» ЖШС құрылыста түгелге дерлік отандық өнімдерді қолданады. Нысандардың ішінде 100 орындық жатақхана да бар. Серіктестік директорының орынбасары Әділхан Әбилдин былай дейді:
– Қазаншұңқыр қазылғаннан кейін қағылатын қада да, үйдің іргетасына құйылатын бетон да, құрылысқа қолданылатын құм, кірпіш, газоблок – бәрі отандық өнімдер. Осы елордада шығарылады. Сырттан тек ел ішінде өндірілмейтін тауарлар ғана тасымалданады. Мәселен, бөлме ішіне төселетін линолеум Ресейден әкелінеді. Құрылыста қолданатын материалдардың 90 пайызы қазақстандық, – деді серіктестік өкілі.
Сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама бойынша «Мейір М» ЖШС көпқабатты екі үй салып жатыр. «АSTI» ЖШС да екі үйдің құрылысын қолға алған. «Астана-Көктем С» ЖШС мен «Нұр Астана Құрылыс» ЖШС бір-бір тұрғын үй құрылыстарын жүргізуде. Құрылыстардың көпшілігінде паркинг және қосалқы бөлмелер қарастырылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды