Құрылыс – елорда экономикасының күретамыры

0 29

Астананың құрылысы қашанда қарқынды. Аумағы 79,7 мың гектарды алып жатқан Нұр-Сұлтан қаласында әр жыл сайын түрлі ғимараттар, жолдар, көпірлер салынып, ескі нысандар сүріліп, жаңа ықшам аудандар пайда болуда. Құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында елордадағы құрылыс саласында атқарылып жатқан тың жаңалықтарды оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Қазақстанда құрылыс саласы ерекше дамып келеді. Бұл салада 700 мыңнан астам адам еңбек етеді. Тіпті әлемді жайлаған індеттің өзі құрылыс жұмыстарына кесірін тигізе алмады. Төтенше жағдай жарияланып, кәсіпкерлік субъектілерінің көпшілігі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған кездің өзінде құрылыс бір сәтке саябырсыған жоқ. Қайта барлық өңірлерде оның қарқыны артқан. Биыл жаңа үйлерді пайдалануға беру көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында – 34 пайыз, Алматы облысында – 31 пайыз, Шымкент қаласында 22 пайыз өскен. Төменде құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында елордадағы құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасадық.

Реновация үдерісі

Қала шаруашылығында жиі қолданылатын терминнің бірі – «реновация». Ол латын тілінен аударғанда «жаңарту», «қалпына келтіру», «жөндеу» деген мағыналарды білдіреді. Яғни қаланы реновациялау – бұл кешенді қайта жөндеу немесе ескі және апатты ғимараттарды күреп, инженерлік желілерді, тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы. Қазіргі таңда әлемнің көптеген ірі қалалары осы процесті бастан кешуде. Соның ішінде Нұр-Сұлтан да бұл үдерістен шет қалып жатқан жоқ.
Елордадағы ескі апатты үйлерді реновациялау жобасы аясында жүргізіліп жатқан 1211 пәтерлі, 77,6 мың шаршы метрді құрайтын 4 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтандағы апатты және ескі үйлерді реновация­лау жобасы аясында қайта инвестициялау мақсатында 818 пәтер ағымдағы жылы нарықтағы баға бойынша 1 шаршы метрі 340 мың теңгеге бағалануда.
Тұрғын үй кешендерінің құрылысы кестеге сәйкес жүргізіліп, 25 желтоқсанға дейін пайдалануға берілуі керек.
Сондай-ақ биыл 8 апатты жағ­дайдағы үй сүріліп, 126 отбасы көшірілді. Ал 2 апатты үй бойынша сот ісі жүргізіліп жатыр (3 пәтер).
Жоспарға сәйкес, биыл тағы 209 пәтерлі 5 апатты үй сүрілуі тиіс. Қазіргі уақытта 157 пәтер тұрғындары құқық белгілеуші құжатты басқармаға ұсынса, 52 пәтердің тұрғындары құқық белгілеуші құжатты рәсімдеу үстінде.

Үлескерлер мәселесі қалай шешіліп жатыр?

2019 жылы қала әкімдігінің атсалысуымен 10 проблемалы нысан пайдалануға берілді. Қалада бүгінде проблемалы нысан 52-ден 42-ге азайды. Ондағы үлескерлер саны – 13233.
Проблемалы нысандар құрылысын уақытылы аяқтау жөнінде мемлекеттік уәкілетті органдардың жауапты болуымен жоспар бекітілген.
Әкімдіктің қатысуымен 9 құры­лыс нысанының (1230 үлескер) аяқталуын үлескерлер өз бетінше жүзеге асыруда (2 нысан бойынша инвестор іздестірілуде, құрылыс – 4, пайдалануға беру – 3, аяқтау уақыты – 2019-2022 жылдар).
33 аса проблемалы нысан (12003 үлескер) «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2020-2025 жылдар аралығында салынбақ.
Жоспарға сай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Ведомствоаралық комиссия­сының қатысуымен үлес­керлік қатысу тұрғын үй құрылысы бойынша үстіміздегі жылы 20 нысанды (5,8 мың үлескер) аяқтау жоспарлануда. Қалған 22 нысан (7,5 мың үлескер) 2021-2023 жылдары енгізіледі деседі. Проблемалы нысандарды енгізу және пайдалануға беру жөнінде жүйелі негізде кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Білім беру нысандары бой көтереді

Нұр-Сұлтандағы өзекті мәселелердің бірі – мектептердегі орындар санының тапшылығы. Бұл мәселені шешу мақсатында биыл елордада 10 мың орынды қамтамасыз ететін 13 білім беру нысанын пайдалануға беру көзделіп отыр. Оның 2100 орынды құрайтын 2 мектептің құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар жаңа оқу жылында №51, 52, 40, 31 мектептерінің жанынан 1950 орынды қамтитын қосымша ғимараттар құрылысы да аяқталуы тиіс.
Сондай-ақ Сейфуллин, Омаров және Сырдария көшелерінің төңірегінде орналасқан 900 орындық мектептің инженерлік желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан кейін 2019 жылы берілген мектеп биылғы қыркүйекте өз қызметін бастамақ.
Құрылыс жұмыстары әлі де жалғасып жатқан 3900 орынды қамтитын 4 мектеп пен 1150 орындық 2 қосымша ғимарат алдағы желтоқсан айында беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек 3600 орындық тағы 3 мектеп 2021 жылдың желтоқсанында салынып бітеді деп жоспарлануда.
Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын астанадағы 10 мектептің жобасын жүзеге асыру да басталды. Мектеп құрылысы жаңа қаржыландыру моделі бойынша жүргізіледі деп күтілуде. Қазіргі уақытта конкурсқа қатысушы компания нақтыланып, конкурстық құжаттама жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында салынатын 1200 орындық мектептің жобалау жұмысы аяқталды. Сол сияқты 2700 орындық 2 мектептің және 600 орындық қосымша ғимарат құрылысының жобалау-сметалық құжаты әзірлену үстінде.
Мұнымен қоса мектептердегі білім алатын мүмкіндігі шектеулі топтарға барынша жағдай жасау мақсатында лифттік аумақты кеңейту жөніндегі 2 жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып жатыр.

Тұрғын үй құрылысында тоқтау жоқ

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыру мақсатында 2020 жылы 59,5 млрд теңге қарастырылыпты. Оның 3,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, 49,5 млрд теңге қарызға берілген. Ал 6,8 млрд теңге жергілікті бюджет есебінен бөлінген.
Қолжетімді баспана көлемін ұлғайту шаралары аясында ағым­дағы жылы көлемі 312,4 мың шаршы метр болатын 5580 пәтерлі
14 көпқабатты тұрғын үй кешені­нің құрылысы жүзеге асырылуда. Бұл тұрғыда жыл соңына дейін үй кезегінде тұрғандарға сатып алу құқығынсыз көлемі 29,8 мың шаршы метрді құрайтын жалдамалы 614 пәтер беріледі деп көзделіп отыр. Көпқабатты тұрғын үй кешендері Қошқарбаев, Айнакөл және 23-17 көшелері маңында (паркингпен) және Тілендиев даңғылының оңтүстігінде Сарыбұлақ өзенінің маңында, Құдайбердіұлы көшесінің бойында (екінші кезек құрылысы паркингпен) орналасқан.
Сонымен қатар көлемі 282,6 мың шаршы метр болатын 4966 пәтерлі тұрғын үйден баспана алуды несие арқылы рәсімдеуге мүмкіндік берілмек. Мемлекеттік бағдарлама аясында 66,1 мың шаршы метрді құрайтын 1111 пәтерден тұратын 3 көпқабатты тұрғын үй кешенінің жобалау жұмысы аяқталды. Сол сияқты жалпы көлемі 319 мың шаршы метр, яғни 5799 пәтерлі 12 тұрғын үй кешенінің жобалық-сметалық құжатын жасау жоспарда тұрған көрінеді. Бұдан бөлек, 400 мың шаршы метрлік, 7699 пәтерден тұратын 8 тұрғын үй кешенінің жобалау жұмысы жақын арада басталмақ.
Сондай-ақ денсаулық сақтау қыз­меткерлеріне арналған 3 жатақхана жобасының жобалық-сметалық құжатының жұмысы басталып та кетіпті.
Биыл 616 пәтерге көпбалалы отбасылар, ал 350 пәтерге жұмыс істейтін жастар ие болуы үшін республикалық бюджеттің трансфертінен 7,6 млрд теңге қарастырылған.

Денсаулық сақтау нысандарына да ден қойылды

2020 жылы инфекциялық аурухананы орналастыруға арналған дайын модульді конструкциясының құрылысы аяқталды. Ол медициналық технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар Мәңгілік Ел және Е497 көшелерінде орналасқан 150 орынға арналған оңалту орталығының жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Бұл жоба осы жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. №1 қалалық аурухана маңындағы Қобда көшесінің бойындағы 250 орындық перинаталдық орталықтың да жобалық-сметалық құжаты әзірлену үстінде.
Жалпы, сарапшылардың сөзінше, құрылыс – ел экономикасының барометрі. Түрлі бағытта жүргізіліп жатқан бас қаладағы қарқынды құрылыс талай адамды жұмыспен қамтып, астана агломерациясы аясында елорда маңындағы ауылдарда кейбір құрылыс материалдары өндіріліп, ел экономикасының өсуіне де сүбелі үлес қосуда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =