Құрттан чупа-чупс пен тик-так жасайды

0 195

Байқайсыз ба, дүкен сөрелерінде химиялық қоспадан тұратын қаншама өнім қаптап тұр. Кішкентайыңызға қайсысын алып бересіз? Сіздің де таңдауыңыз танымалына түсе ме? Олардың басым бөлігі – импорт, қай елде қалай өндірілгені белгісіз. Кейбірінің қағазында жарамдылық мерзімі де жазылмайды. Чипсы, чупа-чупс пен Қытайдан келетін атауы да белгісіз кәмпиттердің зиянын білсек те сатып алып жүрміз. Неге? Себебі оның жанында тұрған құрт балаларды қызықтырмайды. Жоқ дегенде 5 теңгелік сағыздай жылтыр қаптамасы болса ғой. Ал қолдан емес, құрылғыдан шыққандарының дәмі бөлек. Сапасына емес, санына мән беретін кәсіпкерлер оның құрамына ұн қосып, ұлттық тағамның «оригиналын да» ұмыттырып барады.

ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ТҰСАУЫН КЕСТІ

Жақында «Asyl Tas Holding» компаниясы отандық өнімнің тұсауын кесті. Ол – өзіміздің майлы құрт. Бұдан былай балаңызға таяқшаға шаншыған құртты алып берсеңіз болады.
– Бұлай шығарудағы бірінші мақсат – балаларды қызықтыру. Дүкендегі тәттілердің бәріне химиялық қоспа қосылады. Өкінішке қарай, оның орнына балама жоқ. Міне, біз осы өнім арқылы сол тәттілердің орнын бассақ дейміз. Екінші, таяқшамен үлкен адамдар жесе де ыңғайлы. Ата-бабамыздың ұлттық дәмін жаңа заманға сай жаңғыртып, креативті форматта ойлап шығардық, – дейді кәсіпорын директоры, белгілі актер Рахман Омаров.
Құрт екі түрлі қорапта шығады. Біреуінің сыртында «асыл тасымыз­дың» қасиеті жайында үш тілде ақпарат бар. Екіншісінде Абайдың «Жетінші қара сөзі» үш тілде жазылған.
– Ашаршылық, зұлмат жылдарында халыққа талғажау болған тағамның қадірін жете түсініп жүрміз бе? Бүгінде нарықта құрттың түр-түрі бар. Талғамға, дәміне қарап таңдай бер. Бірақ нағыз табиғи дәмі бар құртты аңсайсыз ба? Өз басым шетелге «мынау қазақтың дәмі» деп құрт апарғым келеді. Осы ретте серіктестеріммен бірігіп, «Asyl Tas Holding» өндіріс компаниясын ашуды жөн көрдік. «Asyl Tas Holding» табиғи таза, ешбір қоспасыз, сертификатталған, патенттелген әрі формасы ересектерді де, балаларды да қызықтыратын жаңа құрт түрін ұсынады. Сонымен қатар шетелге шыққанда қазақ халқының атынан базарлық ретінде ұсынатын құрт түрін шығардық. Мұнда хакім Абайдың адамзатқа қатысты айтқан қара сөзі, құрттың қазақ тарихындағы маңызы да жазылған. Шетелдік достарыңыз, әріптес, серіктестер қазақтың дәмін татып, тарихымен осылайша таныса алады. Ұлттық өнімді қайта жаңғыртып, ұлттық брендті насихаттау – әрбіріміздің қолымызда. Құрт – біздің асыл тасымыз. Ұлттық өнім шетелдік өнімнен кем түспейтінін дәлелдегіміз келді, – дейді ол.
Белгілі актер Досқан Жолжақсынов ұлттық өнімнің атауында да үлкен мән барын айтады.
«Қазақ жаугершілік заманда малта сорып, аш өзегін жалғаған. Әрі тамақ әрі қуат болатын бұл өнім талайды аштан да алып қалды. Енді оны өз өніміміз ретінде шығару – үлкен еңбек. Сондықтан құртты «асыл тас» деп атау бекер емес» деді ол.

ҚҰРҒАҚ АЗЫҚ ҚҰНАРЫ

«Жанұямыз, туған-туыстарымыз­бен бірге індет келгелі құрт жеп, қымыз іштік. Шүкір, ауру-сырқаудан аманбыз. Құрттың әлі зерттелмеген қаншама пайдасы бар. Сондықтан індетпен күресте құрттың пайдасы тигенін мойындауымыз керек» дейді компания басшысы.
Арнайы зауытта дайындалған сүзбеде ақуыз мөлшері 16 пайыз болса, құрттағы ақуыз мөлшері өте бай – 53 пайызды құрайды. 100 грамм сүзбенің қуаты 227 кк болса, құрттікі – 370,1. Жүз грамм құртта 3 грамға жуық ақуыз, 3,2 грамм кальций мен фосфор қосындылары, белгілі мөлшерде А1, В2, Д дәрумендері бар екен. Сонымен қатар С, РР, Е дәрумендері, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, натрий, алюминий, фосфор микроэлементтері көп. Зат алмасуды және бауырдың қызметін жақсартатын холин және метионин деген заттар бар. Сондай-ақ В тобының дәрумендері болғандықтан, атеросклероз ауруының алдын алады. Ал құрамындағы кальцийі балалардың тісіне, сүйектерінің берік болуына көмектеседі.
Пайдасы бары бар ғой, ал сапасы ше? Бүгінгі саудагерлер құрттың саны мен салмағын арттыру үшін әк, ал тез кебуі үшін аздап азбест те қосады-мыс. Бұл қаншалықты шындық?! Ал ұлттық асты патенттеп алған асылтастық құрт құрамында не бар? Өндіру технологиясы қалай?
– Құртты әзірлеу техникасын зерттеуге 2 жыл уақыт кетті. Сырт көзге құрт жасаудан оңайы жоқ сияқты көрінеді. Шындығында олай емес екен. Елімізде әр жердің әзірлеу техникасы әрқалай. Сондықтан еліміздің әр облысына баруға тура келді. Қырғыздардың да құрттарын алып көрдік. Әрқайсысын зертханаға апарып, құрамын тексерттік. Көзіміздің жеткені, базарда сатылатын құрттардың 90 пайызында қоспа қосылған екен. Құрамында ұн немесе химиялық әк бар. Белгілі құрт шығаратын кәсіпорындарда да құртқа ұн қосады. Себебі онсыз құрылғысы істемейді.
Біз де осы істі қолға алғанда құрт жасайық деп құрылғылар сатып алдық. Ал енді құртты қалыпқа салып жасау үшін ұн қосу керек екен. Себебі ұн қосқанда құрт қатты әрі пішіні де жұп-жұмыр келеді. Супермаркеттерді де аралап, сатылымда жүрген құрттарды зерттедік. Ұлттық құндылығымыздың қадірі, сапасының төмендеп кеткеніне көзіміз жетті. Алған құрт жасайтын құрылғыларымызды қозғалтқан да жоқпыз. Біз Қаскелең өңіріндегі тау етегіне жайғасқан тұрғындарды жұмыспен қамтуды жөн көрдік. Ауыл адамдары барлығын қолмен әдемілеп жасайды, – дейді ол.
Ашылғанына бір ай болған кәсіпорында күніне 5000-10000 дана құрт әзірленеді. Оны дайындайтын 20 маман бар. Іске кіріскені кеше болса да, сапалы өнімге тапсырыс берушілер көп екен. Сондықтан қыз­меткерлердің санын 40-тан асыру көзделген. Карантин талаптары жеңілдеп жатса, өнеркәсіпті ұлғайтып, бүтін бір ауылдың жұмыспен қамтылуын мақсат еткен.

ҚҰРТ ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛДЫ

Келесі жыл кәсіпорынның құжаттарын рәсімдеуге, құртты патенттеуге кетіпті.
«Патент алу министрліктің келі­сімімен шешіледі екен. Әйтпесе екінің бірі өзіне патент алып, иеленіп алмай ма?! Бір жылдың ішінде біраз жерге дейін бардық, біраз жұмыс істелді. Ең бастысы, құртты бізден енді ешкім тартып ала алмайды. Мақтанышпен құрт елімізде қалды деп айта аламыз. Өнімдеріміздің де сапалы екенін мақтанышпен айта аламыз. Ауыл-аймақтарда өздерінің абыройы үшін сапалы өнім шығаруды көздейтіндер бар. Бірақ ондай құрт өндірушілер санаулы әрі ірі көлемді емес. Келесі – эстетикалық жағына мән бермейді. Асылтастықтар өнім қорабының сыртқы дизайнына аса қатты мән берген.
«Оның қорабы қандай болуы керек, көзтартарлық болуы тиіс қой. Оны ойластыруға жарты жылымыз­ды арнадық. Әртүрлі идеялардан жасалғаны, жеті рет өлшеп, бір рет кесілген дизайн – осы. Кішкентай балалардың сүйікті тәттісі чупа-чупс пен тик-так сияқты құрт жасадық. Себебі оны қазіргі балалардан бұрын өзіміз де сол тәттілермен өстік» деді ол.

ТЕК ТАТ ПЕН ҚЫРТ-ҚҰРТ

Чипсы балалардың ең сүйікті әрі ең зиянды тағам түрі екенін ескеріп, құрттан чипсы жасаған. Ерекше өнім «Қырт-құрт» деп аталады. Сонымен қатар тик-так тәттілері сияқты «Тек тат» құрттарын өндіреді. Бұлардың ешбірінде химиялық қоспалар жоқ.
«Ғалымдардың айтуынша, күніне бала 5 дана құрт жеу керек екен. Біздің құрттарда майы алынбайды, сол күйінде нағыз қазақтың баяғы құрттарын қайта шығарып отырмыз.
Түпкі мақсатымыз – экспортқа шығару. Өз қазанымызда өзіміз қайнай береміз ғой, десе де ұлттық өнімімізді шетелге шығаруды да назарға алуымыз қажет. Әр елде өкілетті елшілеріміз бар. Соларға тарату жоспарда бар. Олар да жергілікті елдердің басшылары келген кезде ұялмай ұлттық өнімді тарту ете алады» дейді Р.Омар.

БРЕНДТІ ӨНІМНІҢ БАҒАСЫ ҚАНДАЙ?

Асыл тас құртының данасын дүкендерден 100 теңгеге аласыз. Ал химиялық қоспалардан тұратын чупа-чупстар бағасы 75 теңгеден басталып, 150 теңгеге дейін барады. Баласы алып бер десе, көңілін қалдырмайтын ата-ана бағасына да қарамай сұрағанын сатып алады. Алайда кімге зиян, баланың денсаулығына кері әсер етеді. Соның орнына 100 теңгеге ауылдың нағыз қолдан жасалған майлы құртын алып берсеңіз, табиғи өнім болғандықтан пайдасы болмаса, зияны жоқ.
«Құрттан байып кетеміз деп айта алмаймын. Бағасы базардағы, дүкенде данасын 50-75 теңгеге алып жүргеннен қымбаттау. Брендке айналдыру мақсатында шығарғандықтан әрі сапаға мән бергендіктен, баға да соған лайық болды. Сары қорапта 50 дана құрт болады, бағасы – 4250 теңге. Бізде екі есе қымбат болса да, қай жағынан алып қарасаңыз да жоғары деңгейде. Әйтпесе жұқа қорапшаға баланың суретін салып, ұлттық бренд деп ақша үшін шығара беруге болады. Бірақ ол кезде ісімізге сын болар еді. Ал қара қорапта 13 дана құрт бар, бағасы 2200 теңгеден сатылады» деді Рахман мырза.
Қазіргі уақытта кәсіпорында күніне 10 мың дана құрт өндіріледі. Алдағы уақытта мамандарды көптеп тартып, кәсіпорынды көбейту де жоспарда тұр. Алдағы 6 айда күніне 20 мың дана құрт шығаруға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.
«Асыл тас» құрттарын еліміздің барлық қалаларынан табуға болады. Байланыс деректері: @asyl_tas_holding, 8-705-660-40-08.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + 13 =