©2020 Астана Ақшамы
Құрманғазының күйі
Биыл бас қалада күй атасы – Құрманғазының ескерткіші ашылды. Тіпті, бұл оқиға Астана күнінің ең басты мерекелік шарасы атанды.
Ұлы композитор, дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші елордадағы «Думан» қонақүй кешенінің аумағында орнатылды.
Күй атасының 10 метрлік тас мүсінінің авторы – мүсінші Асан Молдабаев.
Ескерткіштің ашылу салтанатында Елбасы Н.Назарбаев «Қазақ халқы барда Құрманғазының аты мәңгі өшпейді. Біз бүгінгі күні тағы да бір маңызды оқиғаның куәгері болып отырмыз, ол – халық композиторы Құрманғазы ескерткішінің ашылуы. Композитордың «Сарыарқа» күйі біз бүгін Астананы салған, сол арқылы бүкіл әлемге танылған далаға арналады. Құрманғазы Сағырбайұлы – ХІХ ғасырдағы қазақ тарихын, мәдениетін және бүкіл халықты күйге бөлеген тұлға. Сондықтан да, халқымыз Құрманғазының күйін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, жадында мәңгі сақтап келеді» дегені бар.
Бұл тас бейненің елдегі басқа мүсіндерден ерекшелігі – белгілі бір уақыттарда ескерткіштің жанында күй ойнайтыны. Ескерткішті көруге келген адамдар дәулескер күйшінің «Сарыарқа» күйін тыңдай алады. Бұған дейін ел аумағында «күй ойнайтын» ескерткіш орнатылмаған-ды.
Бұған дейін Құрманғазы ескерткіші тек өзі жерленген Ресейдің Астрахань облысында орнатылған. Айта кетерлігі, сол ескерткіш қайта жаңғыртылып, онда арнайы мұражай ашылды.
Айнұр САНАБЕК