Құрлық кезгендердің мақсаты не?

1 224

Үлкендер «Мен деген не көрмедім?! Мәскеуді де көргенмін» деп мақтанышпен айтып отырушы еді ғой. Бүгін Мәскеуді қойып, аталарымыздың табаны тимеген мұхиттың ар жағындағы талай елге жастарымыз барып білім алып жүр. Елімізде жыл сайын мектепті 100 мыңнан астам оқушы бітірсе, соның әрбір бесіншісі шетелдік жоғары оқу орындарының студенті атанады. Бұл барлық түлектердің 20 пайызын құрайды. Ендеше қазақстандық жастардың қайда оқуға кететінін анықтап көрейік.

Қарағандыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі (НЗМ) Әйгерім Ахметжанова әлемдегі ең үздік алты университетке шақырту алған. Әйгерімнің таңдауы америкалық Brown университетінің химия факультетіне түсті. Ал Шымкенттегі НЗМ-нің тағы бір түлегі Сымбат Көшерова Канада, Франция, АҚШ, Корея және Швейцария елдерінің 20 университетіне грант ұтып алды. Ол SAT Reasoning тесті кезінде 1600-ден 1580 ұпай жинаса, IELTS тестінің нәтижесі 9-дан 7,5-ке тең. Сымбат зияткерлік мектептегі шетелдік оқу орнына түскен жалғыз оқушы емес. Өткен жылы Шымкенттегі НЗМ-нің 85 түлегінің 31-і басқа елдің университеттеріне жолдама алған.

Алыстағы армандар мекені

Тек Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ғана мұхит асады деп ойлап қалмаңыз. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, жыл сайын ресейлік жоғары оқу орындарында тегін оқуға үш мыңға жуық қазақстандық талапкер өтініш береді екен. Ресей үкіметі қазақстандық талапкерлерге былтыр 455 білім грантын бөлген. Ал жастардың таңдауы көбіне Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Германия, Чехия және Польша елдерінің жоғары оқу орындарына түседі. Әйтсе де, өзге елге оқуға кеткен студенттердің барлығы бірдей грант жеңіп жатқан жоқ. Көбі ақылы негізде оқып жүр.
Language link білім беру орталығының оқытушысы Абылай Тәңірберген қазақстандық жастардың оқуға баратын елдерін төрт топқа бөліп қарастырады:
Біріншісі – әлемдік университеттер рейтингінде топ бастап тұрған елдер (АҚШ, Англия, Швейцария). «Студенттер көбінде ағылшын тілінде оқығанды жөн көреді. Бұл елдерде оқу ақылы. Бір жылдық оқудың орташа бағасы – 20-35 мың доллар аралығында. Ал тұрмыстық тұтынуға кететін шығындар шамамен 10 мың долларды құрайды. Жастардың ең жиі таңдайтын оқу орындары: University of South Florida (АҚШ), University of Aberdeen (Англия) және Petroleum Engineers университеттері» дейді Абылай Тәңірберген.
Екінші топта – жастардың қалтасына ауырлық салмайтын елдер. Мұнда оқу ақысы мен тамақтану шығындары салыстырмалы түрде төмен. Қаржылық тұрғыда қолжетімді елдерге Польша, Венгрия, Чехия, Кипр және Түркия жатады. Оқу ақысы – жылына 2-6 мың еуро, ал күнделікті жүрген-тұрғанға бір жылда шамамен 4-5 мың еуро кетеді. Бұл топты таңдаған студенттер көбінде Computer Science мамандығы бойынша поляк және жапон IT академиясына түседі.
Кейбір жастарымыз білім алып қана қоймай, шетелде қалып қоюды көздейді. Үшінші топқа көшіп баруға ыңғайлы Канада, Австралия, Жаңа Зеландия мемлекеттері жатады. Бұл елдерде ешқандай грант бөлінбейді. Сондықтан студенттер тек ақылы бөлімде ғана оқи алады. Оқу ақысы жылына орташа есеппен 10-20 мың доллар болса, өмір сүру шығындары – 8-10 мың доллар. Ал жастардың көпшілігі бизнес бағыты бойынша канадалық Simon Fraser университетін таңдайды екен.
Қазақстандық студенттерге тегін білім алуға мүмкіндік беретін елдер төртінші топқа жатады. «Әдетте жастар грант бөлген елдің ана тілінде тегін оқи алады. Бүгінде осылардың арасында Чехия, Германия, Австрия, Қытай және Оңтүстік Корея университеттері танымал» деп түсіндірді Абылай Тәңірберген.
Алайда мемлекеттер тарапынан ағылшын тілінде оқуға тегін гранттар бөлінбейді екен. Бірақ арнайы бағдарламаларға қатысып грант немесе scholarships (оқуға ұсынылатын жеңілдіктер) ұтып алуға болады.

Шетелде оқу үшін не керек?

Мектеп оқушылары шетелде бакалавриатты тегін оқу үшін бірнеше талаптарға сәйкес келуі тиіс. Атап айтсақ, академиялық үлгерімі жоғары болуы, ағылшын тілін еркін меңгеруі, SAT арнайы емтихандарынан жақсы нәтиже көрсетуі, халықаралық олимпиадаларда жүлдегер атануы және спортта жетістікке жетуі деп кете береді.
«Оқушы ағылшын тіліне қай сыныптан бастап дайындалғаны дұрыс?» деп сұрадық ағылшын тілінің оқытушысы Абылай Тәңірбергеннен.
– Меніңше, бала ерте жастан бастап ағылшын тілін меңгергені жөн. Себебі тілді үйрену үшін бірнеше жыл жеткіліксіз. Тіл меңгеру – ғұмыр бойы үзіліссіз жалғасатын процесс. Кейбір оқушылар 11-сыныпқа келгенде ғана шетелде білім алуға құлшынысы оянып, дайындала бастайды. Бұл тым кеш. Ағылшын тілін толық бойына сіңіріп, меңгермеген жастарға төртінші топтағы елдерді ұсынамын, – деді ол.
Соңғы жылдары білім алатын мемлекеттерді таңдауда жастардың ойы айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Осыдан он жыл бұрын Англияда оқу үлкен сұранысқа ие болса, қазір жағдайы жақсы көп студент АҚШ пен Канадада оқуға пейілді.
Тегін білім алуға мүмкіндік беретін мемлекеттер арасында біздің жастардың қызығушылығы Чехия мен Германияға ауған. Чехияны көбіне чех тілін үйрену жеңіл болғандықтан таңдайды. Ал Германиядағы университеттер сапасы жағынан рейтингте көш бастап тұрғандықтан, оқуға түсу де оңайға соқпайды.
Жеті-сегіз жыл бұрын қазақстандық түлектер жаппай Малайзияда оқуға бет бұрып кетіп еді. Қазір бұл елді таңдау көрсеткіші түскен. Оқу ақысы төмен елдер арасында Қытай мен Польшадағы жоғары оқу орындары үлкен сұранысқа ие.

Оқу алма-кезек

Жастарымыз еліміздегі білімді қанағат тұтпай, туған үйінен жырақта білім іздеп жүрсе, жұрттың балалары Қазақстанда оқуды армандайды. Тіпті біздің жоғары оқу орындарымыздағы шетелдік студенттердің саны жыл сайын өсуде. Айталық, өткен оқу жылында осындай студенттер саны 23 мыңға жуықтаған. Бұл көрсеткіш бұрынғы жылдармен салыстырғанда екі есе көп.
Шетелдік студенттер елімізде арнайы грантпен немесе келісімшарт негізінде оқи алады. Барлық шетелдік студенттерге Қазақстанға кіру үшін студенттік виза қажет (C9 санаты). Визаның бұл түрі бір жылға беріледі және Қазақстанға бірнеше рет кіруге мүмкіндік береді. Виза жыл сайын жаңартылып отыруы тиіс.
Шетелдік студент грант иеленген жағдайда, оқудың барлық кезеңі ішінде оқу төлемі мен медициналық сақтандыру тегін болады. Сондай-ақ ай сайынғы шәкіртақы төленеді. Шетелдік және қазақстандық студенттерге шәкіртақы беру шарттары тең. Шамамен да­йындық бағдарламасына 53 доллар, бакалавриатқа 63 доллар, магистратураға 300 доллар, докторантураға 246 доллар тағайындалған.
– Шетелдік студенттер Қазақстандағы қазіргі заманғы білім жүйесінің ажырамас бөлігі. Олар – өз елдерінде қазақ тілі мен мәдениетін, дәстүрін таратушы. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде (ҚазАТУ) шетел студенттерінің болуы – біздің университетімізге деген сұраныстың жоғары деңгейі. 10 жылдан астам уақыт бойы шетел студенттері С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ қабырғасында білім алып келе жатыр. Оқудың барлық кезеңінде шетел студенттері университеттің әлеуметтік, ғылыми, спорттық және мәдени өміріне толық қатысады. 2018-2019 оқу жылында университетте әлемнің 13 елінен 106 шетелдік студент білім алды: Ауғанстан Ислам Республикасы, Германия, ҚХР, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Украина, Армения, Грузия және Түркия. Университетке түсетін шетел азаматтары бакалавриат бағдарламасы бойынша кешенді тестілеуді тапсырады. Магистратура бағдарламасы бойынша шетел тілі орнына қазақ немесе орыс және мамандық бо­йынша емтихан тапсырады. Университетте лайықты білім алу үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Ғылыми кітапхана, қоғамдық мамандықтар факультеті, әртүрлі клубтар, спорт секциясы жұмыс істейді. Шетел студенттеріне жатақханадан орындар беріледі, – деді оқытушы Гүлжаухар Ілиясқызы.
Иә, оқу – инемен құдық қазғандай. Білім – ғұмыр бойы жалғасатын шекарасы жоқ мекен.

Көктем ҚАРҚЫН

  1. Мәлік :

    Өте жақсы жазылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 19 =