Құрлық чемпиондарын құттықтады

0 36

Бас қала басшысы Алтай Көлгінов бокстан Азия чемпиондарын қабылдап, мерейлі жеңісімен құттықтады. Спорт саңлақтарымен мақтанатынын жеткізіп, алдағы белестеріне сәттілік тіледі.«Бүгін бокстан Қазақстан құрамасының елордалық спортшыларымен кездестім. Василий Левит, Римма Волосенко, Валентина Хальзова, Ләззат Күнгейбаева және Марина Вольнова – Дубайда өткен бокстан Азия чемпионатының жүлдегерлері. Спортшыларымызды кезекті жеңісімен құттықтап, ақшалай сыйақы табыс еттім. Олар кезекті рет жоғары спорттық шеберліктерін көрсете білді.
Өз тарапымыздан одан әрі қолдау көрсетіп, спортпен айналысу үшін жағдай жасаймыз. Болашақ чемпиондарымызды қолдау үшін жаңа оқу жылынан бастап спорт саласы бойынша гранттар санын көбейттік. Спортшылар үшін ай сайынғы материалдық қолдаудың мөлшері ұлғайтылды, ол соңғы 10 жылда өзгеріссіз болған еді. Егер бұрын ұлттық құрамаға кірген 84 спортшы ғана ай сайынғы төлемді алса, енді олардың саны екі есе өсті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұқаралық спортқа айрықша көңіл бөлудеміз. Қоғамдық (саябақтар, скверлер, бульварлар) және көпір асты кеңістіктерін, аула аумақтарын саламыз және абаттандырамыз, спорт мекемелерінің, оңалту орталықтарының желісін кеңейтеміз, жаңа аула клубтарын ашамыз. Сонымен қатар аулаларды футбол мен баскетболға арналған алаңдармен жабдықтап, жаттығу құралдарын орнатамыз.
Осы бағыттағы жұмыстар жалғасады. Біздің спортшылар – жастар үшін жарқын үлгі. Оларды мақтан тұтамыз» деп жазды өзінің инстаграм парақшасында қала әкімі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 1 =