Құрдымға құлап кетпейік…

0 126

Ала жаздай індетпен арпалысқанымыздан ба, мына жалғандағы елу бесінші жылымда кәдімгідей тоқырауды сезіндім. Жер ортасынан асқандарды айналып өтпейтін күйзеліс қой деп қоя салуға болар ма еді? Алайда індетіп барады. Бір басыма мұның өзі аз жүк болмай жүргенде, әріптесім әңгімесін айтып, отқа май құйғандай…

Ол да жұртпен бірге дүрлігіп, Бірыңғай зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін алмақ болып, шотын ашып қарайды да, қайран қалады. 20 жылдан бері еліміздегі аты белгілі бұқаралық басылымдарда еңбек етіп келе жатқан халқымыздың интеллектуалды қорын құрайтын талантты құрбымыздың жиған-тергені үш миллион теңгеден әзер асыпты.
«Өте жақын, бірге өскен әрі туыс­тас замандасым екеуміз бір жылда бір айдың ішінде дүниеге келіппіз. Біздер мектеп бітірген 1996 жылдары бекітілген тестілеудің 100 балынан 95-ін жинап, бір орынға бірнеше адам таласқан конкурстан өтіп, әдебиет факультетін үздік бітіріп шықтым. Оқуды орташа бітірген сыныптасым 64 балл жинап, көп ойланбастан бухгалтерлік есеп-аудит мамандығын таңдады. Кешелі шотымызды қағып, салыстырып отырсақ, өмір жолын бірге бастаған бухгалтер құрбымның жинағаны 10 млн, ал менің жиған-тергенімнің оның ширегіне де жетпегеніне қысылдым» деді. Ал не дерсіз?!
Сұрастыра келе, осы санаттағылардың бәрі демалысқа шықса, ар жағы Ессентуки, бер жағы Сарыағашқа, тағы басқа демалыс орындарына мекеме есебінен тегін демалатынын білдік. Алда-жалда іссапарға шықса, тәулігіне 20 мың теңге белгіленеді. Ал бұқараның құлағы мен тілі, көзі аталғандардың дені бұл игіліктен қағылып отыр.
Мұны не үшін айтып отырмын? Шығармашылықты, зияткерлікті, руханият саласына қызмет етіп жүргендердің еңбегі тиісінше бағаланып жатыр ма? Алдымен қолына қалам ұстағандардың емес, қара-дүрсін тірлігімен есебін түгендегендердің дәулетті өмір сүруіне, өркендеп-өсуіне қоғамның қолайлы болғаны ма?
Әлемдегі атышулы философтар, социологтар, мәдениеттанушылар мына жаһанданған заманда барша адамзатты алқындырған рухани күйзелістің, тоқыраудың белең алып бара жатқанын айтып, шаштарын жұлып жылап отыр. Оны ойға алып жүргендерді біздің қауымнан байқамадық.
Білетіндер, адамзаттың жауы – рухани күйзелісті қазіргі қоғамның деинтеллектуализациялануынан деп айтады. Кейбіреулер ізгілік, сүйіспеншілік, ар-ождан мен талғамның құлдырағанынан дейді. Не болса да, бүгінгілердің арасында алшақтық бар.
Расында, көкірек көзі көр соқыр болса да, бұлар адамның қоры да, жарымес ақымақ емес. Керісінше, мұндайлар іскер, пысық, өз ісінің білгірі әрі әл-ауқатты келеді. Жаманы, ішкен-жегеніне мәз болып қана жүрсе жақсы. Олар өз пайдасына мықты болғанымен, жан баласына жаны ашымайтын, тапқанын өзінен артылдырмайтын безбүйрекке айнала бастайды екен. Неғұрлым тірліктің көзін тауып, байыған сайын ішкі сезімі қатайып, жан жылуын жоғалтып, тірі роботқа айналады. Бұлар барынша белсенділік көрсетіп және өз өмірін түрлендіруге барын салады. Бірақ қоғамда алабөтен, адамзатқа жат болып, өмірлік жылуын жоғалтады, роботтанады. Айтатыны жоқ, адам рухының дағдарысқа ұшырауының көрінісі көз алдымызда өтіп жатыр, қорқыныштысы, оған таң қалмайтын болдық. Мұның бір ұштығы ұлттық идеяның әлсіздігі деп әріден шалғым келмейді. Екі аяқты пендені адам қалпында қалдыратын адами қасиеті, биік рухы екенін мен ойлап тапқаным жоқ. Қазіргі күнгі озық цифрлы технологиялар да пенденің жанына салмақ болып түскелі отыр. Бұқараның арасын жалғайтын ортақ дүниелер азайып барады. Мына қоғамның болашағы рухани дамуына байланысты екенін алғаш айтқан да мен емеспін. Ендеше мына қоғам түбегейлі өзгеріске түспес бұрын руханияттың жолында жаным құрбан деп жүргендердің жайын да бір сәтке ойлауы тиіс сияқты.
Әзірге айырмашылық екі майдан иелері – материалдық және руханият сарбаздарының «шотында» жатыр. Алайда күні ертең оның орны ойсырап, тағдырымызға қара таңба болып басылмаса нетсін?!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 4 =