Құрбан айт – мейірімділік мерекесі

0 26

Исі мұсылман қауымы үшін қасиеті ерекше Құрбан айт мерекесі де кеп қалды. Айттан-айтқа аман жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын! Жалпы, құрбан сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, біз осы күндерде Алла разылығы үшін құрбан шалып, Оның рахым-мейріміне жақындай түсетін боламыз.Алла Тағала «Кәусар» сүресінде: «Раббың үшiн намаз оқы және құрбан шал», – деп бұйырады. Ханафи мәзһабының ғұламалары осы аят пен және бірнеше хадис­терге негіздеп, құрбан шалудың үкімін – уәжіп деп белгілеген. Сондай-ақ, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» деп қатаң ескертуі де құрбан шалудың уәжіптігін қуаттаса керек.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Адам баласы құрбан айт күні Алла Тағалаға (құрбан шалып) қан ағызудан басқа сүйікті амал жасаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, жүндері және тұяқтарымен келеді. (Шашыраған) Қан жерге түспестен бұрын Алла Та-ғаланың құзырындағы мекенге жетеді. Сондықтан құрбандарыңды шын ықыласпен шалыңдар», – дейді. Демек, құрбан айт күні құрбандық шалу – пенденің Алла үшін ең сүйікті амалы.
Айт күнгі құрбандыққа шалынған жануар тектен-текке сойылмайды, құрбандыққа шалынған жануар оны Аллаға атап сойған пенденің пайдасына куәлік бермек үшін «қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіз-дері, жүндері және тұяқтарымен келмек». Һәм құрбан шалған мұсылманның әжір-сауабы қиямет-қайымға дейін кешіктірілмейді. Өйткені, малдың тамағына пышақ тартқанда шашырап шыққан қан жерге түспестен бұрын оның сауабы дереу Алла Тағаланың құзырына жетіп, құрбан шалған мұсылман жанның Алла алдындағы мәртебесі артпақ. Жоғарыдағы хадисте мұны былай баяндады: «(Шашыраған) Қан жерге түспестен бұрын, Алла тағаланың құзырындағы мекенге жетеді». Олай болса, «құрбандарыңды шын ықыласпен шалыңдар» деп, қан шығаруды шын ниетпен, бар ықыласпен, ақ пейілмен істеу қажеттігін айтады пайғамбарымыз.
Бұл хадистен мүмкіндігін тапқан мүминге құрбандыққа мал шалу өте сауабы мол іс екені айдан анық көрініп тұр. Шариғат бойынша, құрбан айт күндерi нисап мөлшерiндегi, яғни 85 г. алтыны бар немесе осыған тең ақшасы бар, ақыл-есi бүтiн, жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уәжiп. Һәм бұл жердегi нисап (85 г.) мөлшерiнiң зекеттегiдей жыл толуы сияқты шарттары жоқ.
Құрбандық шалудың өз уақыты бар. Құрбандық айт намазы мен айт хұтбасы оқылып болғаннан кейін басталып, соңғы айт күнінің күні батқанша жалғасады. Айт күндерінің біріншісі де, екіншісі де, соңғы күні де құрбандық шалу үшін абзал уақыттар санатында. Құрбандықты ақшам намазына дейін сойған жақсы.
Жоғарыдағы құрбан шалудың уәжіп екеніне сілтеме жасайтын «Кәусар» сүресінде: «Раббың үшiн (айт) намаз оқы және құрбан шал», – деп бұйырылды. Сондықтан да, құрбандық шалмақ болған мұсылман әуелі айт намазына мешітке келіп, жамағатпен айт намазын оқып, соңынан құрбандық малын шалады. Сондай-ақ, Пайғамбар (с.ғ.с.) құрбан айт күні құтпа оқып: «Бiрiншi орындайтынымыз мерекелiк намаз, содан соң құрбандық. Кiм осылай iстесе, бiздiң сүннетiмiзге ергенi. Ал, кiмде-кiм намаз оқудан бұрын құрбандығын шалса, ол ет отбасы қажетi үшiн ғана. Құрбандықтан онда ешқандай үлес жоқ», – деген.
«Хаж» сүресінің 28-аятында: «Олар өздеріне тиісті пайдаларын көрсін, сондай-ақ, өздеріне ризық ретінде берілген малдарынан белгілеген (құрбан айт) күндерде Алланың атын атап, құрбандық шалсын. Өздерің де жеңдер, жоқ-жітік пақырларға да беріңдер», – делінген. Аят құрбандыққа шалынатын малдың Алладан берілген несібе екендігін ұқтыруда. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Қасиетті Құран кітабында құрбандық ғибадатына байланысты: «Әрине, Аллаға жететіні олардың (жасаған құрбандықтарының) еттері де, қандары да емес, сендердің тақуалықтарың (ізгі амалдарың, ниеттерің)», – дейді. Демек, Алла Тағала біздің тағамдарымызды емес, тақуалығымызды, ниетімізді қабыл етеді. Алла Тағаланың мейір-шапағатына игі істерімізбен қол жеткіземіз. Құрбандық шалудың қасиеті оның тағылымы мен тәрбиесінде, өнегесінде. Сондықтан құрбандық жасауға бұйырудағы мақсат –мұсылманның Алла әмiрiне бойұсынуын, ықылас-ниетiн, тақуалығын және Алла үшін, тілі, діні үшін, елі мен жері үшін ең қымбат нәрсесін қия білуін байқау, сынау. Сондықтан айт күндері мұқтаж жандарға қол ұшын созу, жақын-жұрағаттарды, туған-туыстарды қуанту, ата-ана мен бала-шағаға ерекше көңіл бөлу, жетімдер мен зағиптарға қамқорлық көрсету, тым болмаса жақсы, көркем сөз сөйлеу – әрбір мұсылманның міндеті.
Алла Тағала шалған құрбандықтарымызды қабылдыққа жазып, айт күнгі абзал амал-әрекеттерімізді көбейте түскей!

Ерболат ЖҮСІПОВ
Нұр-Сұлтан қаласының және
«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 4 =